• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Партия Бүгін, 08:05

«Ақ жол» партиясында – жаңа төраға

Он бес жылға жуық «Ақ жолды» басқарған Азат Перуашев өз өкілеттігін тоқтатты. Енді саяси қозғаушы күшке Мәжіліс төрағасының орынбасары қызметін атқарып жүрген Дания Еспаева жетек­шілік етеді. Осылайша, ол тәуел­сіз ел тарихында пар­тия­ның тізгінін ұста­ған алғашқы әйел төраға атанды. Бұл ауыс-түйіс ұйымның кезектен тыс съезінде шешілді.

«Ақ жол» демократиялық пар­тия­сының Орталық кеңсесінде өт­кен жиынға сайланған 170 деле­гат­­тың 165-і қатысты. Оның ішін­де 50-і офлайн, ал 115-і онлайн форматта қосылды. Жиын бары­сында партия Жарғысына өзгеріс­тер енгізу, «Ақ жолдың» саяси бағ­дар­ламасын жаңарту және бірқатар ұйым­дас­тырушылық мәселе қаралды.

Съезд бірауыздан Берік Дүйсембинов төрағалық ететін мандат комиссиясының құрамын бекітті. Комиссия құрамына партияның Орталық аппаратының басшысы Асылхан Қожахметов пен партияның заң қызметінің жетекшісі Рустам Жұмағалиев енді.

«Ақ жол» демократиялық партия­­сының төрағасы Азат Перуашев жаңартылған Конститу­ция­ның талаптарына сәйкес партияның ішкі нормалары мен терминологиясын үйлестіруге бағытталған Жарғыға түзетулер пакеті дайындалғанын хабарлады.

Талқылау барысында партия Құрылтайда да, халықпен тікелей жұмыс істейтін жергілікті мәсли­хат­тар­да да өкілеттілігін күшей­ту бағы­тында жұмысын жалғас­ты­ра­тыны аталып өтті. Ал пар­тия төр­ағасының орынбасары, Парла­мент Мәжілісінің вице-спи­кері Дания Еспаева саяси ұйым бағ­дарла­ма­сын­дағы өңірлік кәсіпкер­лікті қол­дау шараларын күшейтуді ұсынды.

– Өңірлерде кәсіпкерлікті қорғау мәселесіне қатысты жиі кез­десетін түйткіл бар. Олар­дың кейбірін заңнамалық дең­гей­де шешуге болады, алайда көп­теген жағдайда мәселе заңда емес, оның әр аймақта әртүрлі қолданылуында. Бұл кәсіпкерлік белсенділік пен инвестициялық ахуалға кері әсерін тигізіп жатыр. Екіншіден, әйел кәсіпкерлерді қолдау бағытын күшейткен жөн. Елде қыз-келіншектерге, әсіресе ауылдық жерлерде бизнес бастау әлдеқайда қиын. Оларды қолдау­дың тиімді тетіктерін қалып­тастыру қажет. Үшіншіден, әлеумет­тік кәсіпкерлерге де ерекше назар аудару керек. Бұған қатысты заң қабылданғанымен, оны іске асыруға арналған нақты бағдарламалық ынталандыру жеткіліксіз, – дей келе ол ақжолдықтарды алдағы екі апта ішінде өңірлердегі бизнес үшін ең өзекті мәселелер жөнінен нақты ұсыныстар дайындауға шақырды.

Съездің негізгі мәселесі «Ақ жол» демократиялық партиясы­ның төрағасы Азат Перуашевтің өкі­­леттігін тоқтату туралы мәлім­де­месі болды. Делегаттар алдында сөй­леген сөзінде ол қоғамда болып жатқан үдерістердің қарқыны жоға­ры, мұндай жағдайда ұзақ уа­қыт бір адамның басшылықта оты­руы бел­гілі бір дәрежеде теже­гіш фак­тор­ға айналуы мүмкін екенін жет­кізд­і. Саясаткердің айтуынша, кез кел­ген «монополияның» ал­дын алу­дың тиімді жолы – бас­шылық­тың кезең-кезеңімен ауысып отыруы. Осы­лайша, өзінің орнына Дания Еспаеван­ың кандидатурасын ұсынды.

– Дания Еспаева Парламентке келгенге дейін банк жүйесінде қызмет атқарды. Салада 34 жыл жұ­мыс істесе, соның 17 жылында бас­шылық лауазымда отырған. Екі рет Ақтөбе облыстық мәслихатының депутаты болды. Ол алғаш рет 2016 жылы «Ақ жол» партиясынан Мәжіліске өтті, Қаржы және бюд­жет комитетінде жұмыс істеді, ал 2023 жылдың наурызында Мәжіліс төрағасының орынбасары қызметіне тағайындалды. Осы аралықта Пар­ламенттік оппозиция туралы, заң­сыз шығарылған активтерді қай­тару туралы, жеке тұлғалардың банкрот­тығы туралы заңдарды қоса алғанда, бір­қатар маңызды заңнамалық бас­­таманың авторы әрі тең авторы бол­­ды, сондай-ақ Конституциялық ко­мис­­­сия жұмысына қатысты. Айта кете­йін, ол – 2019 жылғы прези­­дент­тік сайлауға ұсынылған тұңғыш әйел кан­дидат. Дания Мәди­қызы­ның тә­жі­ри­бесі, кәсіби білімі мен батыл ше­шім қабылдай алу қабілеті партияға жаңа серпін береді, – деді А.Перуашев.

Балама кандидат ретінде Қараған­ды облысының делегаттары «Ақ жол» демократиялық пар­тия­сының Қарағанды облыстық филиалының жетекшісі, Қазақстан қызмет көрсету саласы кәсіпкерлері қауымдастығының төрағасы Ермек Әбділдин кандидатурасын ұсынды. Дауыс беру рәсіміне 165 делегат қа­тыс­ты. Д.Еспаеваның кандида­тура­­сын 152 делегат қолдады, Е.Әбділ­­­динге 8 делегат дауыс берді, ал 5 де­ле­­­гат қалыс қалды. Осылай­ша, ке­зек­­­тен тыс съездің шешімі­мен Д.Еспаева «Ақ жол» демокра­тиялық пар­­тия­­сының төрағасы болып сайланды.

– Он бес жыл осы партиядамын. Ішкі жұмысын, қағидаттарын және ұстанымдарын білемін. Командамен тыңғылықты жұмыс істеп, биылғы сайлауға дайындаламыз. Әзірге жобамызды реттеп алу керек. Басты назарды өңірлерге бұру керек, – деді Д.Еспаева. 

Соңғы жаңалықтар