Жылдар өтіп, заман түзелген сайын 1941-1945 жылдардағы сұрапыл кезеңнің жаңғырығы да жасаңғырай беретін сияқты. Қызыл қырғынның ортасына түскен аталарының тағдыры не болғанын саналы ұрпақ жан-тәнімен білгісі келіп, оған сұрау салуын 70 жылдан артық уақыт өтсе де қоя алмайды екен.
Ұрпағының талмай сұрау салуының арқасында есімі жаңғырып, рухы еске түсіп жатқан майдангердің бірі – Нигметжан Хашимжанов есімді өзбек азаматы. Қайда қалғаны, қашан қаза болғаны белгісіз болған оның есімін қайта тірілткен қызынан туған жиені Икрам Хашимжанов. Енді осы әңгімені басынан бастап айтайық.
Нигметжан Хашимжанов көп балалы өзбек отбасында 1908 жылы Шымкент қаласында дүниеге келген. Әкесі Хашимжан Бижанов саудамен айналысып, өз есебін жібермей, мығым тұрмысты дөңгелентіп отырған. Ал шешесі Жаналиева Әлия елге танымал, ақылды әйелдердің бірі болыпты.
Нигметжан пысық, алғыр бала болып өседі. 1920 жылы әкесі оны Шымкенттегі жетіжылдық өзбек мектебіне оқуға береді. Бұл мектепке әртүрлі жастағылар қабылданатын. Нигметжандармен оқығандардың арасында тіпті күйеуге шыққан қыздар да оқып жатады. 3-4 сыныптарға барғанда олар мектепке балаларын құшақтап та келіп отыратын.
Төңкеріске дейін молдадан оқып, сауатын ашқан алғыр жас бұл мектепті 1925 жылы, бес жылда аяқтап шығады да, Ташкенттегі қазақ орман-шаруашылығы техникумына түседі. Заманның қиын, тұрмыстың ауырлығына қарамай белсенді жас бұл оқу орнын 1929 жылы жақсы аяқтайды. Енді осы біліммен бір жерге қызметке кіріп, жұмыс істесе де жарайтын еді. Алайда, оқуға құмар, білімге құштар Нигметжан одан әрі оқу үшін суландыру инженерлерін дайындайтын Орталық Азия институтына түседі.
Бірақ бұл жылдары елге жаппай келген қызыл террор, большевиктік әпербақандық саудагердің баласы болған Нигметжанның оқуына кедергі келтіреді. Жаппай жүргізілген «тазалау» жұмыстары» өмірбаяндағы «әлеуметтік шығу тегі» деген сұрақтың жауабына қатты шүйіліп, саудагердің баласының одан әрі оқуына мүмкіндік бермейді. Сол кездегі солақай тәртіп өмірге келмей жатқан балаларды өздерінің «әлеуметтік шығу тегін» «дұрыс таңдамағандығы» үшін де кінәлайтын болған ғой. Әпербақандықтың мұнан асқан шегі жоқ болса да оған ешкім қарсы шыға алмайтын.
Әрине, Нигметжан бұдан ештеңе жоғалтқан жоқ, керісінше Кеңес өкіметі болашақ жақсы инженердің өмірге келіп, социалистік құрылысты белсендірек жүргізу мүмкіндігін шектеу арқылы өзіне зиян келтірді. 1931 жылы Нигметжан Орта Азия су құрылысы тресіне техник болып орналасады. Одан осы мекемемен бірлесе жұмыс істейтін суландыру жарақтарын зерттеу жөніндегі ғылыми-зерттеу институтына қызметке ауысады.
Осы жылдарда ол өзінің өмірлік серігі болған Бузахраға үйленеді. Екеуінің кіндігінен өмірге Максуда, Башорат, Расида және Мамура есімді қыздар мен Тельман атты бір ұл өмірге келеді. Өкінішке қарай, Максуда мен Мамурадан басқасы жас кездерінде шейіт болған.
Суландыру жүйесінде жұмыс істеп жүрген Нигметжан институтқа оқуға мүмкіндік бермесе де білімін жалғастырғысы келіп, педагогикалық техникумның кешкі бөліміне түседі. Мұнда студенттің білімге құштарлығы көзге түсіп, оны бірден екінші курсқа қабылдайды. Сол, 1936 жылдан бастап ол Шымкенттегі КИМ атындағы өзбек орта мектебіне математика пәнінің мұғалімі болып орналасады.
Нигметжанның құжаттарында КИМ дегеннің бас әріптермен жазылғанына қарағанда ол сол жылдары кеңінен қолданылатын «Коммунистический Интернационал Молодежи» дегеннің аббревиатурасы екені көрініп тұр. Қазіргі адамдар біле бермегенімен, ол кезде «КИМ» деген құран сөзіндей жатталатын.
1937 жылы Шымкентте педагогикалық институт ашылған болатын. Бұл уақытта «тазалау» деген науқан аяқталып, енді «халық жауларын әшкерелеу» деген қанды науқан басталған еді. Саясатқа араласып көрмеген, оқу-білімді тек Кеңес Одағы жылдарында алған Нигметжан бұл науқаннан қорықпай, осы институттың кешкі бөліміне ауысады. Ал мектептегі ісіне байланысты Н.Бурнаш деген директордың берген мінездемесінде: «тов.Хашимжанову необходимо заниматься повышением как педагогической так и политической квалификации» деп жазылыпты. Бұл да сол сойқан заманның сұрапыл көріністерінен сыр шертетін бір дерек. Алдымен өзбек мектебінің директорлығына да сырттан келген «қызыл комиссарлардың» бірін тағайындапты. Бұл да жергілікті халықтарға сенімсіздік білдіргеннің бір белгісі. Екіншіден, математика пәнінің мұғаліміне саяси сауатын арттыру керек деп баға беру – бәрін де коммунистік идеологияның құрсауына бұрудан туған солшылдық екені көрініп тұр.
1941 жылдың тамыз айында Н.Хашимжановты көппен бірге соғысқа әкетеді. Білімді, орысшаны жақсы түсінетін әрі кеңестік ұлттық республика өкілі болғандықтан Нигметжанды соғыс жылдарында ашылған қысқа мерзімдік офицерлік курсқа жібереді. Бұл жерден жақсы бітіргендердің қатарында оған лейтенант атағы беріліп, 1942 жылы майдандағы армияға жіберіледі. Пулемет взводының командирі болған жас өзбек жігіті Сталинград қырғынына қатысады. Осы жерден үйіне екі хат келеді. Басқа хабар болмаған соң жары мен балалары қайғырып жүргенде сыртында «Каз ССР, г.Петропавловск» деген жазуы бар хат 1943 жылдың 28 желтоқсанында келіп, қатты қуантады. Онда Нигметжан жараланып, емделу үшін Қызылжардағы госпитальға жіберілгенін, біршама емделген соң қайтадан майданға кететінін айтқан екен. Бұл есіл ердің соңғы хаты болады, одан кейін ешқандай хабар болмаған. Тек 1944 жылдың 12 желтоқсанында Шымкенттегі Нигметжанның үйіне белгісіз бір адамнан хат келеді. Оны жазған Тәжік КСР-нің Сталинабад (кейін Душанбе болды) қаласында тұратын Асраров Вахит есімді азамат екен. Ол өзінің Нигметжанмен майданда бірге болғанын айтып, оның қазіргі адресін салып жіберуді өтінеді. Алайда, бұл хатқа Нигметжанның әйелі түрлі себеппен жауап жазбайды.
Нигметжанның артынан іздеу салып, оның есімін жаңғырту жолына түсіп жүрген жиені Икрам Акрамұлы екенін жоғарыда айтқанбыз. Ол Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, Оңтүстік Қазақстан облыстық өзбек мәдени орталығының төрағасы, облыстық өзбек драма театрының директоры болып жүрген білікті азамат. Осы отандасымыз атасынан бір дерек болар ма екен деп Вахит ақсақалды іздеп Душанбе қаласына да барып қайтады. Өкінішке қарай, адресте көрсетілген үй бұзылып, орнына басқа ғимараттар тұрғызылыпты. Жақындарынан Вахит ақсақалдың білімді адам болғанын, Тәжік Ұлттық университетінде сабақ бергенін, тіпті оның проректоры болғанын да біледі. Өкініштісі ол кісі 2008 жылы дүниеден өткен екен.
Икрам Акрамұлы атасынан бір дерек болар ма екен деп Ресей Қорғаныс министрлігінің Орталық архивіне де сауал жолдайды. Ол жерден келген жауапта лейтенант Н.Хашимжановтың 1943 жылдың 25 қарашасында Беларусь майданындағы 11-армияның құрамына жіберілді дегеннен басқа еш дерек жоқтығы айтылған.
«Орнында бар оңалар» деген емес пе, офицер болған атасы туралы әңгімені барлық жерде айтып, оның алдынан оқыған шәкіртттерін де тапқан Икрам есіл ердің есімін жаңғыртуда үлкен табыстарға да жетеді. 2000 жылы Нигметжанның отбасы тұрған Шымкенттегі «Пионерская» көшесі құрметті ұстаз, Отан қорғауда шейіт болған Н.Хашимжановтың атына беріледі. Сонымен қатар, «Казахстанская правда» газетіне атасы туралы айтқанын меншікті тілші Л.Добрата мақала етіп жазып шығады. Осы мақаланы оқыған Астана тұрғыны Қайрат Жақыпбаев деген азамат хабарласып, атасынан бір дерек тапқысы келсе «ОБД Мемориал» сайтына кіріп, аты-жөнін жазып сауал беру жөнінде кеңес береді. Білікті азаматтың айтқанын істеген Икрам атасы Нигметжанның 1944 жылдың 3 наурызында Беларусь республикасы Гомель облысы, Буда-Кошелевск ауданындағы Чеботовичский деревнясын жаудан азат етуде ауыр жараланып, қайтыс болғандығы туралы дерек табады...
Осы деректі Беларусь Республикасы Буда-Кошелевск ауданының әскери комиссариатына жіберіп, атасының қай жерде жерленгенін сұрайды. Бұл сауалға аталмыш комиссариаттан жауап келіп, Хашимжанов Нигметжанның Буда-Кошелевск қаласындағы Ленин және Головачев көшелерінің қиылысындағы «Бауырластар зиратына» жерленгенін, бұл туралы осында қойылған әскерилердің №1894 паспортына енгізіліп, аудандық «Еске алу» кітабына жазылғанын айтады. Алайда, оның есімі «Бауырластар зиратындағы» ескерткіш тасқа жазылмапты. Енді, артынан іздеушісі табылған соң «После нанесения фамилии Вашего дедушки на надгробную данной Братской могилы, Вам будет сообщено дополнительно», депті Икрамның атына келген аудандық әскери комиссариаттың бастығы, подполковник В.Петрусев қол қойған хатта.
Сөйтіп, талмай іздестірудің арқасында атасының қабірін тапқан жігіт енді оның басына барып қайтқысы келіп отыр. Бұл істе оған шымкенттік меценат Дулат Әбіштің «Айғақ» компаниясы қаржылық көмек бермекші. Икрамның өзі осындай мүмкіншілікке қол жеткізіп, басқа елдердің бәрімен жақсы қарым-қатынас орната білген Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың бейбітсүйгіш саясаты ғой, тек соның арқасында ғана біз жоғымызды тауып, барымызды түгендеп жатырмыз деп риза болып отыр.
Міне, атасы туралы талмай дерек іздеп, ақыры оның қайда қаза болғанын тапқан саналы ұрпақтың ісі осылай аяқталыпты.
ШЫМКЕНТ.
Жақсыбай САМРАТ,
«Егемен Қазақстан».