• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
30 Маусым, 2015

«Мен өлмеймін, халқым аман тұрғанда»

380 рет
көрсетілді

Ақжайықта Қадыр Мырза Әлінің 80 жылдығы  айшықты ажармен аталып өтті Ақын Қадыр Мырза Әлінің ту­ған күні әр жылдың қаңтарына сәйкес келеді. Сондықтан да биыл­­ғы жылы елімізде осы мерейтойдың кеңі­нен аталып өтуі заңды­лық десек, артық айтқандық емес. Деген­мен, ұлт ұлын өмірден өткен­нен кейінгі ұлықтау рәсімі туып-өскен топырағында сәл кейінге, мау­сымның аяқ шеніне қарай ығыс­тырылды. Мұның сыры Орал қаласында ірге көтерген республикада еш­қан­дай баламасы жоқ Қадыр Мырза Әлі атындағы мәде­ниет және өнер орталығы құрылы­сының соңғы шегесі қағылып үлгер­мей жатуында еді. Игіліктің ерте-кеші жоқ дегендей, осы көптен күткен күн өткен аптаның сенбісі мен жексенбісіне тұспа-тұс келді. Дәл осы күні облыс орталығында Қадыр Мырза Әліге тұрғызылған ескерткіштің ашылу рәсімі өткізілді. Бір күн өткен соң туған жері Жымпитыда да оған еңселі ескерткіш қойылды. Тек бір өңірде ғана емес, тұ­тас­тай ұлт руханияты тарихында терең мәнге ие бола алатын шоқтығы биік шараларға мемлекет және қоғам қайраткерлері, респуб­ликаның әр қиырынан келген зиялы тұлғалар және қазақ­стандық қаламгерлердің үлкен тобы қатысты. Қадыр Мырза Әлінің сексен жылдығы тұсында осы мерейлі датаның бүкіл салмағын көтере алатын, ақын туындыларының бітімі мен болмысын, ажары мен айбарын ашып беретін салмақты да сарабдал ой-пікірді мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстанның Еңбек Ері, жазушы Әбіш Кекілбаев жеткізді. (Сөздің толық мәтіні газетімізде жарияланып отыр. – Ред.). Ал Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы, сенатор Нұр­лан Оразалин бүгінгі күні Қадыр Мырза Әлі халқының орта­сына мүсін болып келіп отыр­ғаны жөнінде бейнелі ой сабақ­тады. Осы орайда айта кетер­лік мәселе, Қадекеңнің орын­тақта ойлы күйде отырған сәтін бейне­лейтін скульптуралық шешімнің мейлінше шынайылығы және ақынның тірі кезіндегі түр-тұлға­сына барынша жақындығы. Оны Ринат Әбенов, Ербол Зиябеков және Ибрагим Айденов секілді мүсіншілер тобы бірлесіп сом­даған. Аталған авторлар ұжымы­на жетекшілік жасаған Астанадағы көркем галерея академиясы­ның академигі Мұрат Мансұров. Тас тұғыр «КазАртСистем» ком­­па­ния­сына қарасты көркем мү­сін ком­бинатында құрыштан құйылған. Дара дарын иесінің сексен жылдығын атап өту кезінде Қа­дыр Мырза Әлі атындағы мәде­ниет және өнер орталығының ашылуы тұтастай республиканың мәдени және рухани өміріндегі елеулі жаңалық болғаны анық. Осы арқылы елімізде ұлтқа адал қызмет жасаған суреткерлердің ғұмырын мәңгілік етудің кілті мен жолы және тұңғыш тәжірибесі табылғандай. Халықаралық сәу­лет академиясының академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген қай­рат­кері Саматбек Бөкебай өмірге келтірген жаңа архитектуралық жоба республикамызда тұңғыш рет іске асып отыр. Пішімі бө­лек, келбеті келісті ғимарат құры­лысына халқымыздың ұғымы мен түсінігіне тән түрлі үлгілер кеңінен пайдаланылған. Қазақтың сәулет өнерінің тү­бірі киіз үй, оның шаңырағы, түрілген түндіктен жарқырап көрі­нетін көк аспан емес пе?! Мұн­да детальдар жетерлік. Орал­да ашылған орталық ғима­ратының басты ерекшелігі әрқайсы 150 орындық концерт және мәжіліс залдарынан бөлек 1200 орындық амфитеатр жобасының қоса қарастырылуы. Сәулет жобасының иесі Саматбек Тәженұлының айтуынша, мұнда ежелгі грек амфитеатрына тән ерекшеліктер мол. Әрине, ендігі кезде осы тамаша орталықтың әр шаршы метрінің тиімді түрде пайдаланылуы ұдайы назарда болуға тиіс. Мемлекет және қоғам қай­раткері Өмірбек Байгелди атап көрсеткендей, ақынның ақ ордасы кемел келешекті ойластыра отырып жасалған теңдесі жоқ тіршілік. Сондай-ақ, Қадыр тойы тұсында Парламент Мәжілісінің депутаты Қуаныш Сұлтанов Оралдағы орталық мәңгілік ел көшіне сәулесін түсіре алатын рухани ықпалы мол орынға айнала алатынына тілектестігін жеткізді. Осы ойды одан әрі толық­тырған Батыс Қазақстан облы­сының әкімі Нұрлан Ноғаев ұлы суреткер атындағы орталық жас ұрпақтың бойында азат ой-сананы қалыптастыру мен тәрбиелеуге қызмет жасай алғанда ғана Орал өңірінің мәдени Меккесі атанбақ, деді. Ал Атырау облысы әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқанның пікірінше, орталықта өрісті ой-пікірлер оттығына шоқ түскен самаурындай бұрқ-сарқ қайнап жатуы керек. Ақжайықта, соның ішінде облыс орталығы мен ақынның кіндік қаны тамған жері – Сырым елінде өткізілген жылы шырайлы кездесулер кезінде айтылған әңгімелердің дені Қадекеңнің шектен тыс кітапқұмарлығы хақында өрбіді. Бір кездерде халық арасында Қазақстандағы ең бай үй кітапханасының иесі Қадыр Мырза Әлі деген сөз жиі айтылатын. Әрине, шындығы да осындай екендігіне ешқандай шек болмаса керек. Бұл жөнінде ақынның жары Салтанат жеңгей төмендегідей шегініс жасады. – Кеңестік кезеңде Алматыда қолға түсе бермейтін дүниелер мен кітаптардың «қара базары» болатын. Оған КСРО-дағы мемлекеттік қауіпсіздік органдары тыйым салып отырды. Сондықтан да бұл базардың жұмыс істеу уақыты да тым қысқа, шектеулі еді. Әрі тек жексенбі күндері таңертеңгі сегізден бастап тоғызға дейін ғана ол жерден жасырын сауда жасау мүмкін болды. Қадыр сол күнге алдын ала әзірленіп, оған ертерек жинала бастайтын. Оның кітапты қалай жақсы көргені жөнінде: «Осылай сұлу қыздың да, соңына түсіп көргем жоқ», деген шумақтарын келтірсек, жеткілікті болатын шығар. Әрине, бұл арада айтайын дегеніміз, осылайша Қадыр ағаның тірнектеп жинаған жеті мың данадан астам кітабы Орал­ға көшіріліп, орталықтан орын алғанын жеткізу еді. Осы өшпес қазына мен ақынның аудармаларынан тұратын жинақтар да орталықтың көрнекі жеріне орналастырылған. Қадекеңдей қайталанбас поэ­зия құдіретін дүниеге келтірген қазақ топырағында бүгінде алыс­тан құйғындатып келе жатқан жас таланттардың дүбірі байқала ма? Қадыр Мырза Әлінің рухани қарындасы, қазақтың тамаша ақын қызы, халықаралық «Алаш сыйлығының» лауреаты Ақұштап Бақтыгереева төра­й­ым­дық жасаған «Өлмес өлең» атты республикалық жыр мү­шәй­расының қорытындысы бұл сауал­ға оң жауап қайтаруға не­гіз бола ала­ды. Бұл жыр сайы­­сы­ның жүлдегерлері мен же­ңім­паз­дарының басты иелері батыс­­қазақстандық талапкер­лер емес, еліміздің өзге өңірлерінде, Астана мен Алматыда, Шы­ғыс Қазақстанда тұратын жас да­рын иелері екені де атал­ған республикалық жыр мүшәй­расының мәртебесін биіктете түседі. Тіпті, оған Қытайдан келіп қатысқан талапкерлер де бар екен. Ақжайықта екі күнге созыл­ған Қадыр Мырза Әлінің туға­нына сексен жыл толуына арнал­ған шоқтығы биік шаралар мен емен жарқын жүздесулер қазақ халқы Мәңгілік Ел көшіне бет түзеп бара жатқан сындарлы кезеңде Қадыр ақын жырлары да өз халқымен бірге мәңгі жасай беретіндігі жөніндегі түйінмен қорытындыланды. Тойдың тарқар тұсында Қадыр орталығындағы 1200 орындық амфитеатрда Құрманғазы атындағы Мемлекеттік ұлт аспаптар ор­кес­трі ұжымы Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Қадыр Мырза Әлінің өшпес рухына тағзым етіп үлкен мерекелік концерт қойды. Темір Құсайын, «Егемен Қазақстан». Батыс Қазақстан облысы. Суреттерде: Қадыр Мырза Әлі­нің 80 жылдық тойынан көріністер. Суреттерді түсірген Рафхат Халелов.
Соңғы жаңалықтар