Облыстық ішкі саясат басқармасы «Достар» мәдениет сарайында ұйымдастырған «Қазақ даласының ұлы тарихы» атты дөңгелек үстел мәжілісі «Еркін ұлттың биік рухы» деректі фильмін тамашалаумен басталды.
Басқосуға жиналған Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің оқытушыларын, зиялы қауым өкілдерін, студенттер мен жастарды құттықтау сөзінде басқарма басшысы Гүлжанар Шөкеева осынау ұлық мерекенің қоғамдық құрылысты дамытудағы, елдің тұтастығы мен ұрпақ тәрбиесіндегі ерекше маңызын атап көрсетті.
– Республикамыздың барлық аймақтарындағы сияқты, Ақмола облысында да өңірдің мәдени және рухани өмірінде айрықша орын алатын танымдық шаралар өткізіледі, – деді Г.Шөкеева. – Мәселен, наурыз айында аудандарға, құрамына шығармашылық ұжымдар мүшелерін, тарихшылар мен мәдениеттанушыларды біріктіретін «Қазақ елі – Мәңгілік Ел» автокеруені сапар бастайды. Сондай-ақ, халықаралық мұражайлар және фольклорлық-этнографиялық феставальдары, Шоқан Уәлиханов мұраларын зерттеуге байланысты ғылыми экспедиция ұйымдастырылып, «Абылай» спектакльінің премьерасы, республикалық ақындар айтысы, этноауылдар көрмесі, басқа да көпшілік шаралары өткізіледі деп жоспарлануда. Жыл бойына жұртшылық назарында болатын тақырыптық кітап көрмелері, конкурстар, кездесулер, декадалар, конференциялар, дебаттық турнирлер, акциялар мен концерттердің мазмұны тереңдей түспек. Бұл орайда облыстық ішкі саясат басқармасы азаматтардың ұтымды ұсыныстарын, жаңашыл бастамаларын үнемі қолдайтын болады.
Бақберген АМАЛБЕК,
«Егемен Қазақстан».
Ақмола облысы.
Суретті түсірген
Ермұрат Досымов.