Алматыдағы Достық үйінде «Жаңа Конституция – жаңа серпін» атты дөңгелек үстел өтті. Іс-шараға ғылыми және сарапшылық қауымдастық өкілдері, шығармашылық зиялы қауым, мәслихат депутаттары, Қоғамдық кеңес мүшелері, ардагерлер ұйымдарының, мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.
Жиынды ашқан қала әкімі Дархан Сатыбалды жаңартылған Ата заңның күшіне енуі еліміздің заң үстемдігіне, әділдікке, ашық мемлекеттік басқаруға және жоғары азаматтық жауапкершілікке негізделген даму кезеңіне қадам басқанын білдіретінін айтты. Оның пікірінше, Конституция құқықтық нормаларды бекітіп қана қоймай, адам құқығы мен бостандығын қорғау, тиімді мемлекеттік басқару қалыптастыру және қоғамдық жауапкершілікті басты құндылық ретінде айқындайтын мемлекеттің жаңа даму тұжырымдамасын қалыптастырады.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, Ата заңымыз еліміздің ұзақмерзімді дамуының берік құқықтық негізін қалыптастырып, жаңа қоғамдық келісімнің өзегіне айналады. Сондықтан оның заңды күшіне енуі – Әділетті және Прогрессивті Қазақстанды құру жолындағы реформалардың жаңа кезеңге өткенінің айқын көрінісі», деді Д.Сатыбалды.
Әкім еліміздің ең ірі қаласы, ғылым, білім, инновация, мәдениет және экономика орталығы саналатын Алматыға конституциялық қағидаттарды жүзеге асыруда ерекше жауапкершілік жүктелетінін жеткізді. Оның айтуынша, Алматыны 2030 жылға дейін дамыту стратегиясы жаңа Конституцияның негізгі қағидаларымен үндесіп, жайлы, қауіпсіз, экологиялық таза әрі бәсекеге қабілетті мегаполис қалыптастыруға бағытталған.
Кездесуде заманауи көлік инфрақұрылымын дамыту, қаланы полицентрлік модель бойынша өркендету, цифрландыру, Almaty AI Park жобасын құру, Smart City технологиясын енгізу, экологиялық жаңғырту, қоғамдық кеңістіктерді дамыту, «Таза Қазақстан» бастамасын іске асыру тұрғындардың өмір сапасын арттыруға бағытталған конституциялық қағидаттардың нақты көрінісі екені айтылды.
Дөңгелек үстел барысында қатысушылар жаңа Конституция қағидаттарын мемлекеттік басқару жүйесінде тиімді іске асыру, құқықтық мәдениетті нығайту, азаматтық жауапкершілікті арттыру, сондай-ақ елдің одан әрі дамуына ғылыми және сарапшылық қауымдастықтың қосар үлесі жөнінде пікір алмасты.
Алматыдағы бала құқығын қорғау басқармасының басшысы Жанат Айтпаеваның айтуынша, жаңартылған Негізгі заң балалардың құқығын қорғау кепілдігін күшейтіп, олардың қауіпсіз әрі жан-жақты дамуына берік негіз қалыптастырады. Ата заңда әр отбасын, ана мен әке болуды және балалық шақты мемлекеттік қорғауды қамтамасыз ететін норма бекітілген. Сондай-ақ әр баланың білім алуы, дамуы, лайықты өмір сүру құқығы айқын көрсетілген. Бұл балалардың әлеуметтік қорғалуын, денсаулық сақтау құқығын, отбасында өмір сүруі мен қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.
Маман өз сөзінде қаңтар айында қабылданған 2026–2030 жылдарға арналған «Қазақстан балалары» жаңа тұжырымдамасына ерекше тоқталды. Бұл құжат балаға кешенді қолдау көрсетудің бірыңғай моделін енгізуді, отбасындағы қолайсыз жағдайларды ерте анықтауды, тұрмыстық зорлық-зомбылық пен буллингтің алдын алуды, сондай-ақ балаларды цифрлық қауіптерден қорғауды көздейді.
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті Жастар саясаты бөлімінің басшысы Райымбек Пірәлиев, жаңартылған Конституция шын мәнінде халықтың ерік-жігерін білдіретін құжат екенін, ол азаматтардың құқығы мен бостандығын қорғау жүйесін нығайтып қана қоймай, қоғамның мемлекеттік басқару ісіне қатысуының қосымша тетігін қалыптастыратынын жеткізді.
«Жаңа Ата заңның өмірге келуі еліміздің даму жолындағы маңызды қадам болды. Ең елеулі өзгерістің бірі – азаматтарға өздерінің конституциялық құқығын қорғау үшін Конституциялық сотқа тікелей жүгінетін құқық берілуі. Бұл адамдарға өз мүддесін белсендірек қорғауға мүмкіндік беріп, қоғамның мемлекеттік институттарға деген сенімін арттырады. Біз, жастар өкілдері, ел дамуының осы жаңа кезеңге өтуін толық қолдаймыз. Конституция құқықтық мемлекетті одан әрі нығайтуға, азаматтардың құқығын қорғап, еліміздің тұрақты дамуына жол ашады деп сенеміз», деді Р.Пірәлиев.
Дөңгелек үстелде Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов пен жазушы Смағұл Елубай сөз сөйлеп, жаңа Конституцияның елдің орнықты дамуына, қоғамдық келісім мен заң үстемдігін нығайтуға, сондай-ақ әділетті, ашық әрі тиімді мемлекет қалыптастыруға берік құқықтық негіз қалайтынын атап өтті.
Сондай-ақ жиын барысында Ата заңның қоғамдағы тұрақтылықты сақтаудағы және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғаудағы айрықша рөліне назар аударылды. Конституциялық реформалардың елдің саяси жүйесін жаңғыртып, мемлекеттік институттардың жауапкершілігі мен ашықтығын күшейтуге ықпал ететіні айтылды. Қатысушылар Негізгі заң қағидаттарын жүйелі іске асыру еліміздің ұзақмерзімді дамуы мен әділетті қоғам құру жолындағы маңызды қадам екеніне тоқталды.
Атап өтер болсақ, шаһарда жаңа Конституцияның күшіне енуіне орай Жастар саясаты басқармасының ұйымдастыруымен 2 мыңнан астам студент пен ерікті жас қатысқан патриоттық акциялар өтті. Бағдарлама «Сұңқар» халықаралық шаңғы трамплиндері кешенінде Мемлекеттік Туды салтанатты көтеру рәсімінен бастау алып, Конституцияның негізгі қағидаттарын насихаттайтын арт-перформанс, тақырыптық көрме, шығармашылық бағдарламалар және Қазақстан-Британ техникалық университетіндегі патриоттық флешмобпен жалғасты. Акция барысында жастар жаңа Конституцияның заң үстемдігін бекіту, адам құқықтарын қорғау, қоғамдық келісім мен азаматтық жауапкершілік құндылықтарын нығайтудағы маңызын атап өтіп, елдің болашағына бейжай қарамайтын белсенді азаматтық ұстанымдарын танытты.
АЛМАТЫ