Соңғы бес жылда Транскаспий халықаралық көлік бағыты (ТХКБ) арқылы жүк тасымалының көлемі 3,5 есе артты. Көлік министрлігі мұндай өсім теңіз инфрақұрылымын кешенді дамыту нәтижесінде мүмкін болғанын мәлімдеді. Министрліктің болжамынша, 2029 жылға қарай Қазақстан мен Қытай Транскаспий халықаралық көлік бағыты арқылы контейнерлік тасымал көлемін 300 мың ЖФБ-ға дейін ұлғайтуды жоспарлап отыр, деп хабарлайды Egemen.kz.
Министрліктің мәліметінше, Ақтау теңіз портында жүк тиеу-түсіру жабдықтары жаңғыртылып, контейнерлік хаб салынды. Құрық портында теңіз түбін тереңдету жұмыстары жүргізіліп, қосымша терминалдар пайдалануға берілді.
Тасымалдау үдерісін цифрландыру мақсатында жүктердің қозғалысын онлайн режимде бақылауға және «бір терезе» қағидаты бойынша келісімшарттар жасауға мүмкіндік беретін IT-платформа іске қосылды.
Мемлекет басшысы: Транскаспий бағытының дамуы қауіпсіздік мәселесімен тікелей байланысты
Бұған дейін Азиялық инфрақұрылымдық инвестициялар банкінің (AIIB) бас директоры Сяохун Ян Бакуде өткен Ислам даму банкі тобының 51-ші жыл сайынғы отырысы шеңберіндегі панельдік пікірталаста Транскаспий халықаралық көлік бағытын (Орта дәлізді) алдағы үш жылда дамыту үшін 28 млрд доллар инвестиция қажет екенін айтқан болатын.
Қытай Қазақстанға 2,8 млрд доллар инвестиция салды
Сондай-ақ Қазақстан «Ақтөбе – Ұлғайсын» автомобиль жолын жөндеу үшін Еуропалық қайта құру және даму банкінен (ЕҚДБ) 229,5 млрд теңге қарыз алуды жоспарлап отыр.
Бұдан бөлек, Көлік министрлігі транзиттік тасымал көлемін арттыру жөніндегі жоспарларын таныстырды. Контейнерлік тасымалды ынталандыру мақсатында мүдделі мемлекеттік органдар мен ұйымдардың қатысуымен арнайы бағдарлама әзірленетіні де хабарланды.
Бұған дейін Қазақстан мен Қытай контейнерлік пойыздар санын арттыруға келіскені туралы хабарлаған едік.