• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
18 Шілде, 2010

АЛПЫСТАҒЫ АЛПЫСБАЙ АСПАРАДА

1166 рет
көрсетілді

“Мәскеу-Алматы” пойызына Шым­кенттен мінген ек. Купедегі кі­сілердің бірі сіздің тілшіңізді сырт­тай таниды екен. – Жолда жүргеніңізді оқта-тек­те газет бетінен байқаймыз. “Пой­ызға мінсеңіз. Кітап сатып жүр бір семіз”, деген сықақтың авторын да жазсаңыз болар еді, – деді. – “Пойызға мінсеңіз. Кітап сатып жүр бір семіз. Бұл семіздің аты аты-жөні сықақшы Боран­бай­ұлы Алпысбай болады. Білсеңіз”, – деді екінші жолаушы жымиып. – Иә-иә. Қай пойыздан да сол сықақшыны көреміз, әйтеуір, – деді үшінші кісі күлімсіреп. Жолаушылардыкі жөн-ақ. Біз-дағы өз кітабын өзі сатып, өз кү­нін өзі көріп жүрген сатирикті жиі жолықтырамыз. Жолда. Пойызда. Жаңағы сықақ былай жалғасады: “Құдайдың зарын айтпай, үйдегі барын айтсақ. Бір әйел, алты ба­ла­мыз бар. Малдан бір сиыр, екі ұр­ғашы танамыз бар. Жасымыз (1950) барыс. Есімдері елге таныс: Көпен Әмірбек, Әселхан Қалы­бе­кова. Екеуі де құрдас әрі сырлас. Де­меңіздер бізден жау келеді. Жал­пы барыс жылғылар, Әселхан си­яқты дәу келеді. Маманды­ғы­мыз – ин­женер. Шығарған он­шақты кіта­бымыз бар. Ішінде әзіл-сықағымыз бар. Күліп жүрсін, оқып ап біліп жүрсін. Деп шын­дық­ты жазып келеміз. Айтпақшы, кітап алсаңыз – үстел үстіне емес, қарнымызға қойып, Қолтаңба жазып береміз”. Осыдан біразырақ бұрын Аста­надан келе жатып, Алпысбайды Ақадырдан көргенбіз. Түнгі сағат екі­нің шамасында. Бір топ жолау­шыны аузына қаратып: “2030-шы жыл екен. Өлмеппін, әлі тірі екем. Сексенге жасым жетсе де. Кітап сатып жүр екем”, – деп тұр екен. Шу стансасына жеткенше сы­быр­ласып сөйлескенбіз сонда. Пойызда. – Кітап сатумен айналысқалы қанша заман болды? – Екі мың он үшінші жылы жиырма жыл толады. – Он жеті жылдан бері осы шаруадасың ба? – Дәл солай. Үш жыл бұрын үш айдай ғана аудандық газеттің бас редакторы болғам. “Өз өтінішіммен” босағам. Сол үш ай үзілісті қоспағанда. – Қанша кітабың бар? – Он төрт. Өзіміз семіз бол­ғанмен, кітабымыз қылдай арық. Жұқа болмай қайтсін-ай, жүр­ме­гесін пұлға жарып. Нарықтың аты нарық. Екі мың жетінші жылы ғана қалыңдау кітабым шықты. “Бәрі ақша сұрайды” деп аталады. Биыл және бір қалыңырағы жарық көрді. “Қарыз беріңдерші” деген. Қалғандарының қырым еті жоқ. – Табыс қалай? Тати ма? – Өздеріңіз ғой. Өз күніңді өзің көр деген. Көріп келемін. Ау­дандық газеттің айлығынан тәуір­леу несі­бені теріп келемін. Капи­тализмнің қызығына батып жүр­мін. Өз кітабымды өзім сатып жүр­мін. Үйім де – пойыз. Күйім де – пойыз. Үшінші полкаға да жа­тып жүрмін. Атыраудан Алтайға дейін барамын. Қостанай мен Көкшеде де бола­мын. Қызылжар мен Қызылордаға да қонамын. Ас­танаға да аял­дай­мын. Пойыз­дағының бәрі біледі. Кітабымды көргеннен-ақ күледі. Әйтеуір, әзіл-сықағым оқығандарға ұнайды. Кейбір күлегештер ішін басып құлайды. Көбісі жаңа кіта­быңыз қашан шығады деп сұрайды. – Он жеті жылда оқырман­дырың он жеті есе өскен шығар? – Көпендікінен көбірек. Бірақ ол көзі көкшиіп, “көксандыққа” көп шығып, сонысымен ұтады. Әселханмен таразыда теңдейміз, ай­тыс жағынан кемдейміз. Пой­ыз­дағы оқырмандарым үш түрлі. Бі­ріншілері: кітабымды күтіп жүріп, түйсіне сүйсініп сатып алатындар. Екіншілері: “Е, байғұс ақын-жа­зушылар” екен ғой, деп мүсір­кей­тіндер. Үшіншілері: “Қойшы-ей, әне бір жолы ап қойғанбыз”, деп пәлен жыл бұрын битімдей бір­де­ңеме титімдей тиын төлегенін мін­дет­сінетіндер. Кімнің не ойлап тұр­ғанын тез сезем. Кейбіреу­ле­ріне: “Көп кісілердің “сдачаның” керегі жоқ деп жаман үйрететіні жаман” деп қалжыңдаймын. – Бір кездерде “Сүйгеніме хат”, “Жездеме хат”, “Аппақ қыз­дың ариясы”, “Той қылдық”, “Сүй­іп жатсам” сияқты сықақ өлең­дерің, “Тұрыңыздар, сот ке­леді!” деген сатиралық поэмаң, “Ішіп­сал батыр” атты атақты қисса-дастаның халық­­қа кең тарап кетіп еді. Қазіргі қау­қа­рыңды қалай бағалайды қалың жұртың? – Бүгінде “2030-шы жыл екен”, “Өндіре берер ем колбаса”, “Өзім ту­ралы” сияқты дүниелерім алдым­нан шығады. “Есігін қағып әр үй­дің. Ұн таратып екі қап. Әкең бол­ды депутат” деп бас­талатын, “Той көп болып тамызда. Ба­тып қалдық қарызға” деп басталатын, “Жас кезінде қайда бол­ды? Әйтеуір қартайғанда. Сұмдық бір ақын пайда болды”, деп басталатын, сонсоң ауыл жайын­дағы, әкімдер, про­курорлар, соттар, “ма­хаббат­тар” туралы туын­ды­ларым ұнай­ды-ау деймін, жұртқа. Ақадырдан пойызға мінген Алпысбай Шу стансасынан түсіп қалып еді сонда. * * * Купенің іші ысыңқыраған. Сіздің тілшіңізді сырттай танитын кісі: “2030-шы жыл екен. Шет­елдіктер дорба арқалап. Жұмыс іздеп жүр екен. Бір француз, бір жапон. Қой бақсақ қалай болар деп. Қазақша сөйлесіп тұр екен”, – деген. Өзі сыртқа қарап тұрған. Кенет айқайлап жіберді. – Апы­рай, кімді айтсаң, соны көретінің рас-ау. Алпысбай кетіп барады! Бо­ранбайұлы! Пойызға отырмақ­шы боп, асығып барады-ай! Ас­па­рада бұл пойыз тоқтамаушы еді...” “Мәскеу-Алматы” пойызы бір-екі минөт кідірістеп, қайта қоз­ғалған. – Қай вагонға мінді екен, а? – деді әлгі купелесіміз шыдам­сыз­данып. – Сағынсаңыз, жарым сағатта жетіп келер, – деді екінші кісі. – Ары ұзағанда, бір сағатта, – деді үшіншісі. Айтса, айтқандай-ақ, қырық-елу минөт өтер-өтпесте алдымен Ал­пысбайдың бір бума кітабы, ке­йі­нірек қарны, сәлден соң өзі көрінді. Екі езуі екі құлағында. – Аспарада пойыз тоқтамаушы еді? – деді бірінші жолаушы. – Маған тоқтады, – деді Ал­пысбай Боранбайұлы. Әлде әзілі, әлде шыны. – Шынымен бе?! – десті екін­ші және үшінші жолаушы қосар­лана. – Аспарада жай жүрсің бе? – дедік біз. – Алтынбек Қоразбаевтың “Қа­­ра кемпір” әнінің әуеніне са­лып ай­татын сықақ өлең шығарып жүрмін. – Айтпақшы, Алпысбай, алпысың не боп жатыр? – Пойызда атап өттім. Алпыс жылдығымды. Үш-төрт вагон жұрт түгел құлақтанып, құттықтады. Сол жетеді бізге, – деді Алпысбай. Сөйтіп, селкілдей күлді. Бізге бүкіл “состав” селкілде­гендей сезілді. Мархабат БАЙҒҰТ.