Адамзат үшін әр алуан, сан қилы оқиғаларға толы ХХ ғасырдың соңында тәуелсіздік алған Қазақ елі ХХІ ғасырда өзінің көшін түзеп, өркендеу бағыттарын айқындап, мынау жалпақ әлемнің ең алдыңғы қатарлы елдерінің сапына қосылу үшін өзінің алдына үлкен мақсаттар қоюда. Осындай дәуірлік мақсаттар Қазақстан Республикасының Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Нұр Отан» партиясының XVI съезіндегі «Баршаға бірдей осы заманғы мемлекет: бес институттық реформа» атты сөзінде баршамыздың алдымызға қойылды. Елбасының жолдауларында болсын, партия съездеріндегі сөздерінде болсын үнемі осындай бағдарламалық мақсаттар айқындалып, жас мемлекетіміздің жасампаздық биігіне көтерілуге пәрменді ықпал ететін міндеттері белгіленеді. «Баршаға бірдей осы заманғы мемлекет: бес институттық реформа» деп аталатын Елбасы сөзі бір жағынан біздің жеткен жетістіктерімізді саралаған, екінші жағынан бағындырар биіктерімізді баяндаған сөз болды.
Бүкіл өмірдің мәні қозғалыс, ілгерілеу десек, онда Президенттің бұл сөзі елдің барлық тіршілігін ілгерілеуге бастайтын, экономикамыздың алып тегершегін бұрынғыдан да қарқынды қозғалысқа жетелейтін болашағымыздың байыпты баяны, ертеңіміздің еңселі болуын қамтамасыз етуді көздеген аса тиянақты тұжырымы десе де боларлық. Тәуелсіздік таңында «Тәуелсіздік – тарихтың мәңгіге бөліп берген еншісі емес, халықтардың мамыражай өмір сүруіне берілген кепілдік те емес: аңғал болмағанымыз абзал», деген Президент, егемендігіміздің онжылдығында: «Біле білсек, осы он жылдағы еңбегіміздің ең басты қорытындысы – ел болғанымыз. Ел бола алғанымыз. Біз мемлекет құрдық. Құрғанда да, аты бар да заты жоқ мемлекет емес, бүкіл адамзат танитын, танып қана қоймай, мойындайтын, құрметтейтін мемлекет құра алдық», деген Нұрсұлтан Әбішұлы, енді еліміз өркендеу жолына түскен бүгінгі таңда тұтас мемлекет алдына бұрынғыдан да орасан міндеттер қойып отыр.
Иә, дәл қазіргідей барша әлем алға ұмтылған, экономикалық, саяси бәсекелестік ширыға түскен заманда Қазақ елі сияқты жас мемлекетке тоқтап қалуға мүлдем болмайды. Кезінде Американың белгілі мемлекет қайраткері Уоллес Генри: «Берік тұрақты өмірге жетудің бір ғана жолы – тоқтаусыз ілгерілеу», депті. Сондықтан, Елбасымыз өзіне тән қайраткерлік максимализммен, сұңғыла саясаткерлік сарабдалдықпен бес институттық реформа жасау бастамасын көтеріп отыр. Олар: «Экономикалық бағдарламаларды сапалы жүзеге асыруды және мемлекеттік қызметтерді ұсынуды қамтамасыз ететін қазіргі заманғы, кәсіби және автономиялы мемлекеттік аппарат қалыптастыру», «Меншік құқығына кепілдік беретін, кәсіпкерлік қызмет үшін, келісімшарттық міндеттемелерді қорғау үшін жағдай жасайтын, түптеп келгенде экономикалық өсім үшін негіз болатын заңның үстемдігін қамтамасыз ету», «Индустрияландыру және әртараптандыруға негізделген экономикалық өсім», «Болашағы біртұтас ұлт», «Транспарентті және есеп беруші мемлекет». Байқап қарасақ, бұлардың баршасы да біздің қоғамымызды өркендететін, заманауи талаптарға сай қайта құруға негіз болатын, сөйтіп жалпы қоғамдық, әлеуметтік жаңғыруды жүзеге асыратын жайттар.
Елбасы белгілеген осы бес институттық реформаның қай-қайсысы да маңызды десек те, осылардың ішінде «Болашағы біртұтас ұлт» делінген саланың маңызы жасампаздыққа жол ашқан жас мемлекет үшін аса айрықша. Себебі, қоғамдағы қандай да болсын реформаны жүзеге асыратын жалпы әлеумет, тұтас мемлекет халқы. Осы орайдан келгенде, барлық экономикалық, әлеуметтік, саяси реформалардың кез келгені сол халықтың бірігуін, әлеуметтің жұдырықтай жұмылуын қажет етеді. Егемендігіміздің алғашқы сәтінен бастап қоғамдық тұрақтылық пен келісімге басты назарын аударып келе жатқан Елбасы сол шақта: «Біз келісім саясаты мен парасатты ұлттық стратегиясыз ешқандай міндеттерді шеше алмаймыз», деп осы ойын өз ұстанымында үнемі басшылыққа алып келеді. Оны өзінің Мәңгілік Ел стратегиясында да толықтырып, тұжырымдап жеткізді. Оны осы жолы: «Мәңгілік Ел идеясы арқауындағы жұмылдырушы құндылықтар – азаматтық теңдік; еңбексүйгіштік; адалдық; оқымыстылық пен білімді қастер тұту; зайырлы ел – тағаттылық елі. Осындай жағдайда азаматтық орнықты және табысты мемлекеттің ең сенімді іргетасы болады», деп тағы да осы мәселеге тоқталды.
Әлбетте, келісімнің арналы арқауы да, өзекті өрісі де мемлекетке атау берген қазақ халқының табиғи болмысы мен елімізде тұратын этностардың өздері азаматтары болып табылатын мемлекетке деген шынайы құрметі және сенімінің ұштасуы екені анық. Осындай аса маңызды жалғастық пен ұштастықта қазақтың қоғамдағы рөлі өзгелерден аса ерекше. Олай болатыны, қазақ халқы – есте жоқ ерте дәуірлерден бері жалпақ әлемнің осынау территориясын мекендеп, оған иелік етіп, қажет кезеңдерде оны сыртқы жаулардан қорғап, қос құрлық Азия мен Еуропаның осы түйіскен тұсы – алып кеңістікке «Қазақстан» деп атау берген тарихи, байырғы ұлт, бүгінгі ұғыммен айтсақ, мемлекетке атау беруші ұлт. ХХ ғасырдың алуан алапат оқиғаларынан азайса да аман өткен қазақ бүгіндері сан жағынан да, сапа жағынан да өзінің сол тарихи миссиясына толық лайық болған ұлт. Сол ғасырдың орта шенінде өз жеріндегі үлес салмағы 30 пайызға дейін азайып кетсе де, бүгінде 70 пайызға жуықтап, абсолютті көпшілікті құрап отырған көп халық, іргелі этнос. Әлемде ғалымдардың айтуынша, 2000-ға жуық ұлт болса, қазақтар сол мыңдаған халықтардың ішінде санымыз жағынан 60-70-ші орында екенбіз. Бұл – Жаратқанға шүкіршілік айтатын жағдай.
Мемлекет құруға негіз болған, сол мемлекеттің басым көпшілігін құрайтын қазақтың Қазақстан Республикасының бүгінінде де һәм болашағында да атқарар міндеттері өзгелерден бірнеше есе көп. Осыны терең бағамдаған Елбасы: «Мемлекет құраушы ұлт ретінде қазақ халқына айрықша жауапкершілік жүктеледі. Қазақтар Жаңа Қазақстанның болмысын қалыптастыруда барша ұлыстарды ұйыстырушы рөлге ие. Бұл – қазақтың ұлттық сипатын сақтап дамытудың және еліміздің қазақы болмысын нығайтудың басты факторы», деп бір жағынан мемлекеттегі негізгі ұлт – қазақтардың елдегі басты міндетін айқындаса, екінші жағынан өзге этностардың болашақта кімге тартылу қажеттігін де аңғартты. Бұл – саяси, әлеуметтік, рухани іргелі мәселе. Олай болатыны, біз көне мемлекеттік дәстүрлері қалыптасқан қытай мен жапонды айтпағанда, мемлекеттілігі екі-үш ғасыр бойы үздіксіз нығайған Батыс Еуропа елдері немесе АҚШ емеспіз. Біз – тәуелсіздігін алғанына ширек ғасыр енді ғана толатын жас мемлекетпіз. Сол себепті де Нұрсұлтан Әбішұлы мемлекет құраушы ұлт – қазақтарға үлкен жауапкершілік пен міндет жүктеп, ал өзгелерден түсіністік қажет екенін саралы сабақтастықпен айтып келеді. Мұны ең алдымен біз, яғни қазақтар терең ұғынғаны жөн. Әсіресе, мынау жалпақ дүние сапырылысқан, жаһандану лебі күнделікті тұрмысымызға дейін енген заманда ұлттық, мемлекеттік бет-бейнені сақтап қалу оңайшылыққа түспейді. Ойланбасақ, сақтанбасақ, әрекеттенбесек болмайды.
Елбасының бұл «Баршаға бірдей осы заманғы мемлекет: бес институттық реформа» атты бағдарламалық сөзінде және бір керемет ой айтылды. Оның керемет әсері, тамаша тағылымы жалпықазақстандық ортақ ұстаным мен діл қалыптастырудың «Қазақстан Республикасы» атты мемлекетіміздің болашағы жарқын, келешегі кемел болмағының шынайы моделін көрсетуінде. Дәл осыны Президент былай деп айқындады: «Біздің басты мақсатымыз – қазақстандықтар жаңа жалпыұлттық құндылықтарды – құқықтың үстемдігін, мемлекеттік дәстүрлерді, қазақстандық құндылықтарды – өздерінің этностық мінез-құлық модельдерінен жоғары қоюлары керек. Барлық қазақстандықтар үшін қазақстандықтың бойында азиялықтың да, еуропалықтың да озық сапаларын шынайы сүзгіден өткізетін еуразиялық идеясы біріктіруші болып табылады», деді. Шын ұғына білсек, санамыздың саңылауынан, жүрегіміздің түкпірінен өткізе білсек, бұл – қағидалы тұжырым, қанатты сөз. Егер Елбасының осы қағидасын күнделікті өмірімізге енгізе берсек, белгілі бір кезеңдерден кейін біз ұлтына қарамай барша қазақстандықтардың өздерін этностық атаумен емес, азаматтық мәртебесімен атайтынына қол жеткіземіз. Бұл – қоғамда нағыз мемлекетшілдікті, елшілдікті қалыптастыратын құбылыс.
Кез келген мемлекетішілік тұтасу мен бірлесуде тілдің орны орасан. Мемлекеттегі барлық адамдардың негізгі бір тілде сөйлеуі – азаматтық ынтымақтастықтың кепілі. Өйткені, адам баласының ең басты, ең маңызды рухани құралы әрі қазынасы болып табылатын тіл – жеке адамның, адамдардан тұратын әлеуметтік ортаның, одан да кеңірек келсек, жалпы мемлекеттің ең мықты тұғыры мен ұстыны. Лингвистикалық философияның көрнекті өкілі Людвиг Витгенштейн: «Менің тілімнің шекарасы – менің әлемімнің шекарасы», депті. Өте орайлы сөз, дәл анықтама. Қазақстанның рухани шекарасының көкжиегін айқындайтын меже – мемлекеттік тіл, яғни қазақ тілі. Елбасы «Баршаға бірдей осы заманғы мемлекет: бес институттық реформа» сөзінде тағы да үш тілді кеңістік жөнінде айтты. ХХІ ғасырдың сұраныстары және елімізде қалыптасқан тілдік ахуал осыны қажет етеді. Дәл осы арада біз Елбасының өзінің осы бастамасын таратыңқырап: «Қазақ тілі үш тілдің біреуі болып қалмайды. Үш тілдің біріншісі, негізгісі, бастысы, маңыздысы бола береді. Қазақ тілі – Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі», деп айтқанын кейде ескере бермейміз. Осыны орыс тілді БАҚ айтуы, жазуы және насихаттауы керек деп ойлаймын.
Тіпті, кейбір қандастарымыз өзінің ана тіліне шорқақтығын «үш тілдің біреуін білсем болды деп» таяз түсіндіргісі келеді. Жалпы, тіл саясатында насихат жұмыстарын күшейтуде Президенттің айтқандарын негізге алу жетпей жатады. Әйтпесе, Нұрсұлтан Әбішұлының тамаша сөздері мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге керемет негіз емес пе?! Жалпы, аңсатып жеткен азаттықтың аясында барша қазақ баласының ана тілінде тәрбиеленуі, білім алуы – сол тәуелсіздіктің негізгі құндылықтарымен сабақтас екендігін түсінетін кез жеткенін бәріміз ұғынған сайын, Абай мұрат еткен «Біріңді, қазақ, бірің дос...» міндеті де, Алаш қайраткерлері күрескен саяси һәм рухани еркіндік мақсаты да орындалып, мынау алуан түсті әлемде өз жұлдызымызды қазіргіден де жарқыратар кезеңді бағындырар едік. Сондықтан, үш тілді меңгеру сатысында алдымен өзіңді танудың, өзіңді құрметтеудің, өзің болып қалудың ең басты, ең зор құралы – қазақ тілі тұрса, қалған екеуі сол дүниені танудың кейінгі, қажетті баспалдақтары болмақ.
Біздің қоғамымызды жаңаша кезеңнің міндеттері күтіп тұр. Оны Елбасы айқындап берді, ендігі уақытта баршамыз өзіміздің қызметімізге орай, азаматтық жауапкершілігімізге қарай білекке білек қосқанымыз абзал. Бұл міндеттер тек әлеуметтік, саяси деңгейде ғана емес, үлкен азаматтық һәм рухани деңгейде де шешілетіні анық. Оның негізінде тіліміз тұр.Оразкүл АСАНҒАЗЫ, Парламент Мәжілісінің депутаты.