Мемлекет басшысы 2014 жылғы 11 қарашадағы Қазақстан халқына Жолдауында баспана мәселесіне тағы да жіті көңіл бөлді, тұрғын үй инфрақұрылымын нығайту жөнінде нақты тапсырма берді. Дәлірек айтқанда, жалдамалы тұрғын үй құрылысына көзқарасты қайта қарауды тапсырған болатын.
Баршамызға мәлім, «Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қоры баспаналы болудың аталған тәсілін алғаш рет дағдарысқа қарсы бағдарламаны іске асыру кезінде сынақтан өткізген болатын. Осы бағытта жұмыс жүргізген алғашқы компания болғандықтан, қордың басқарма төрағасы Болат ПАЛЫМБЕТОВТІ сөзге тартқан едік.
– Болат Әбілқасымұлы, Президент Жолдауында айтылған жалдамалы пәтер жайлы жаңалық елді тағы бір серпілтті. Дағдарысқа қарсы бағдарламаны алғаш рет іске асыру кезінде осы тәсіл өзін өзі қаншалықты ақтады?
– Сатып алу құқығымен жалдау тәсілі дағдарысқа қарсы шара ретінде дүниеге келгенін білесіздер. Кезінде баспана мәселесінің осы шешімін ұсынған болатынбыз. Қазірге дейін де пәтер сатудың осы тәжірибесі жайлы жақсы пікірлер естіп келеміз. Айта кететінім, ел ішінде дәл осы сатып алу құқығымен жалдау тәсіліне қызығушылық басым, себебі, жалдау мерзімі аяқталған кезде пәтер жалгердің меншігіне ауысады.
Жалдамалы пәтер иелерінің арасында төлемге қабілетсіздігінен бұзылған бір де бір шарт жоқ.
– Ал, «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасы бойынша сатып алу құқығымен жалдау арқылы қанша пәтер өткізілді?
– Бүгінгі күні Жылжымайтын мүлік қорының желісі бойынша Алматы, Ақтөбе, Тараз қалалары мен Алматы облысында тұрғын үй құрылысының төрт жобасы пайдалануға берілді. Бұл – 3152 пәтер, оның ішінде 2770 пәтер сатып алу құқығымен жалдау арқылы өткізіледі, 382 пәтер тікелей сатылады. 2014 жылы 1240 пәтер өткізілді, соның ішінде 1179 пәтер сатып алу құқығымен жалдау арқылы, ал 61 пәтер сату арқылы өткізілді.
– 2014 жылғы және 2015 жылғы қаңтардағы пәтер бағасы қандай?
– Сатып алу құқығымен жалдау бойынша Ақтөбе қаласында 1 ш.м. ай сайынғы жалдау төлемі – 1289 тг., Тараз қаласы бойынша – 1245 тг., Алматы қаласы маңында – 1612 тг., Алматы қаласы бойынша – 1687 тг., Астана қаласы бойынша – 1612 теңге.
Жалдау төлемінің мұндай мөлшері сатып алу құқығымен жалдаудың бүкіл мерзімінде тұрақты болады және құнсыздану жағдайында да ұлғайтылмайды.
Ал, тікелей сату бойынша 1 ш.м. пәтер құны Тараз қаласы бойынша – 139 062 теңге, Ақтөбе қаласы бойынша – 143 987 теңге, Алматы қаласы бойынша – 188 353 теңге, Алматы қаласы маңында – 179 985 теңге және Астана қаласы бойынша – 180 000 теңге.
– Сатып алу құқығымен жалдау жайында толығырақ айтып өтсеңіз. Пәтерді қанша мерзімге алуға болады?
– Пәтерлерді өткізу кезінде біз Үкіметтің қаулысын басшылыққа алатынымызды тағы бір естеріңізге сала кетейін, осыған сәйкес біздің пәтерлер бірінші кезекте жергілікті атқарушы органдарда кезекте тұрғандар арасында өткізіледі. Яғни Жылжымайтын мүлік қоры салған пәтерлерін әкімдікке тапсырады, ал әкімдік кезекте тұрғандар арасында осы пәтерлерге үміткер адамдардың тізімін қалыптастырады. Әкімдіктерде сұранысқа ие болмаған пәтерлер келешекте біздің ережелер бойынша өткізілетін болады.
Айтып өткенімдей, пәтерді сатып алу құқығымен жалдау шарттарын жасау арқылы өткізуде біздің тәжірибеміз бар. Толығырақ айтсақ, шарт жасалғаннан кейін үш айлық жалдау төлемі мөлшерінде кепілді жарна енгізу керек, ол жалгердің төлемдерді кешіктірмеуіне кепіл болады. Сатып алу құқығымен жалдау мерзімі ішінде жалгер пәтер құнының бір бөлігін өтеуге құқылы, бұл ретте жалдау төлемі азаю жағына қайта есептеледі. Жалдау төлемдері теңгемен бекітіледі және АҚШ доллары бағамына немесе құнсыздануға тәуелді болмайды. Жылжымайтын мүлік қоры пәтерді 15 жылға дейінгі мерзімге сатып алу құқығымен жалдау арқылы алуды ұсынады.
Сатып алу құқығымен жалдау кезінде табысыңызды ресми растауыңыз қажет. Табыс КЖТС (ең көп жалдау төлемінің сомасы) анықтамасымен расталады, жалгер және онымен қоса өтініш берушілер оны банктен ала алады. Төлемге қабілеттілік жеткіліксіз болған жағдайда, сатып алу құқығымен жалдау шарты жасалмайды.
– 2015 жылы сатып алу құқығымен жалдау арқылы өткізілетін қанша тұрғын үй салынбақ?
– Ең алдымен естеріңізге салып өтейін, бағдарлама бойынша салынған «Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қоры» АҚ тұрғын үйлері екі тәсілмен өткізіледі: тікелей сату арқылы және сатып алу құқығымен жалдау арқылы.
2015 жылы 4210 пәтер өткізу жоспарланған, оның ішінде 829 пәтер тікелей сату арқылы, 3381 пәтер сатып алу құқығымен жалдау арқылы өткізіледі.
– Бағдарлама шеңберінде қор желісі бойынша кімдер пәтер ала алатынын оқырмандарымызға тағы бір ескертіп өтсеңіз?
– Біздің желі бойынша бағдарламаға пәтер алынатын өңірде баспанасы жоқ немесе тұрғын үй жағдайын жақсартқысы келетін Қазақстанның төлемге қабілетті барлық азаматтары қатыса алады.
Қайталап өтейін, біздің пәтерлер бірінші кезекте жергілікті атқарушы органдарда кезекте тұрғандар арасында өткізіледі. ЖАО-да сұранысқа ие болмаған пәтерлер интернет арқылы өткізіледі. Бұл жағдайда, өтінімдер Жылжымайтын мүлік қорының ресми сайтында қабылданады.
– Бағдарлама шеңберінде қор желісі бойынша бөліп төлеу немесе ипотека қарастырылған ба?
– Тікелей сату арқылы өткізілетін пәтерлерді екінші деңгейлі банктерден осы сатып алынатын пәтерді кепілге қойып, ипотекалық кредитке алуға болады. Жылжымайтын мүлік қоры «Қазақстан тұрғынүйқұрылысжинақбанкі» АҚ-пен ынтымақтастықта жұмыс істейді, бұл банк Жылжымайтын мүлік қорынан пәтер алуды кредиттеудің арнаулы шарттарын ұсынады.
Ал сатып алу құқығымен жалдау кезінде пәтерді жалға алатын азамат тек жалдау ақысын ғана төлейді, бұл ретте жалдау төлемдері пәтерді сатып алуға жұмсалады, ал шарт аяқталған соң пәтер жалгердің меншігіне ауысады. Сәйкесінше шарттарды қазақстандықтар 15 жылға дейінгі мерзімге жасай алады. Мүмкіндік болса, пәтерді 3 жылдан кейін сатып алуға болады.
– Қор желісі бойынша бағдарлама қандай қалаларда іске асырылып жатыр?
– Біз бүкіл Қазақстан бойынша жұмыс істеуге ниеттіміз. Егер біздің іске қосылған және іске қосылатын жобалардың аумақтық орналасуына көз жүгіртсеңіз, Жылжымайтын мүлік қорының Қазақстанның көптеген өңірлерінде жұмыс істеп жатқанын көре аласыздар.
2013-2014 жылдары Тараз, Ақтөбе, Алматы қалаларында және Алматы облысында (Алматы қаласы маңында) нысандар пайдалануға берілді.
2015-2016 жылдары Астана, Алматы, Қарағанды, Шымкент, Қызылорда, Өскемен, Ақтау, Алматы қалаларында және Алматы облысында (Алматы қаласы маңында) жаңа нысандарды пайдалануға беру көзделген.
Әңгімелескен
Сапарбай ПАРМАНҚҰЛОВ,
«Егемен Қазақстан».