• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
31 Наурыз, 2015

Экологиялық және өнеркәсіптік қауіпсіздік – біздің басты міндетіміз

2349 рет
көрсетілді

Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат Әбілғазы Қалиақпарұлы Құсайыновтың Сайлауалды Бағдарламасы Құрметті сайлаушылар! Үстіміздегі жылдың 26 сәуі­рінде Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауы өтеді. Сайлау – өміріміздің маңызды мәселелеріне қоғам назарын аударту мүмкіндігі. Мен ұзақ жылдар бойы қалыптасқан өнеркәсіптік және өмірлік тәжірибеме, сондай-ақ мол еңбек өтіліме сүйене отырып, экология мен өндірістік қауіпсіздік мәселелеріне мемлекет пен қоғам тарапынан қажетті деңгейде көңіл бөлінбей келе жатқандығын айтқым келеді. Осы себеппен мен өз кандидатурамды ұсындым. Менің сайлауалды тұғыр­намамның негізгі мақсаты – адам­­заттың дамуы аясында экологиялық тұрғыда қауіпсіз дамуға көшудің негізгі мәселелерін қарастыру және оны жүзеге асыруда экологиялық аспектілер мен өнеркәсіптік қауіпсіздік мәселелерін ескеру қажеттілігін көрсету. * * * XX ғасырдың екінші жартысы мен ХХI ғасырдың басы – бұрын болып көрмеген экономикалық өсу қарқынының кезеңі. Алайда, экономиканың қар­қынды өсуі көбінесе қоршаған табиғи ортаның мүмкіндіктерін, оған әсер ететін шаруашылық ауыртпалықтарды тиісті түрде ескерместен жүзеге асырылып келеді. Табиғаттың ұтымды пайдаланылмауы, табиғи ортаның қалдықтармен ластануы, тек­тік қор мен биологиялық әртүр­ліліктің азаюы қоршаған табиғи ортаның және адамның өмір сүру ортасының нашарлауына алып келеді. Нәтижесінде қоршаған табиғи орта тозуға ұшырауда. Бүгінгі таңда озон қабатының бұзылуы, Әлемдік мұхит суының, жерлер мен топырақтың үстіңгі қабатының ластануы, адамның өнеркәсіптік қызметі нәтижесінде биологиялық әртүрліліктің жұ­таңдану мәселелері өзекті болып табылады. Топырақтың азып-тозу үде­рі­сінің нәтижесінде жыл сайын 7 млн. гектарға жуық құнар­лы жер әлемдік ауыл шаруа­шылығы айналымынан шығады. Өсіп келе жатқан қалалану, су мен желден топырақтың мүжілуі, сондай-ақ химиялық (ауыр металдармен, химиялық қосылыстармен ластану) және табиғи (тау-кен, құрылыс және басқа жұмыстар кезінде топырақтың үстіңгі бетінің бұзылуы) тозу осы үдерістің басты себебі болып табылады. Атмосфераның тозаңды және газ тәріздес қалдықтармен ластануы үлкен алаңдаушылық тудыруда, олардың шығарылуы минералдық отын мен биомас­саның жануына, сондай-ақ тау-кен, құрылыс және басқа да жер жұмыстарына тікелей байланысты. Биологиялық әртүрліліктің азаюы қоршаған орта пробле­маларының негізгі аспектілерінің бірі болып табылады. Қазіргі уақытта Жердің биоло­гиялық әртүрлілігі 10-20 млн. түр деп бағаланады. Осы салаға келтірілген нұқсан барынша қатты сезіліп отыр. ХХ ғасырдың екінші жартысында тектік қордың азаюы шұғыл өсіп кетті және қазіргі тенденция сақталған жағдайда ХХІ ғасырда ғаламшарда қазір мекендейтін барлық түрдің бестен бірі жойылып кетуі ықтимал. Адам жаңартылмайтын таби­ғи ресурстарды тоздыруда әрі жаңартуға болатындай элемент­тердің өнімдеріне қауіп төндіруде. Биологиялық және әлеуметтік феномен ретінде адамның тәні мен ақыл-ой тіршілігі тәуелді болып табылатын табиғи ортасын адамның өзі өзгертіп отыр. Қоршаған ортаның ластануы барған сайын өткір, алаңдатарлық сипат алып барады. Сондықтан, бүгінгі таңда экология туралы биологияның бөлімі ретінде ғана емес, неғұрлым кең мағынада сөз ету қажет. Адамзаттың пайда болуымен және оның шаруашылық қыз­метінің дамуымен биосфера эволюциясында жаңа антропогендік фактор әрекет ете бастады. Адам биосфераны өзінің қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін пайдалана бастады. Адамның қоршаған ортаға ықпал ету деңгейі, бірінші кезекте, қоғамның техникалық жарақтандырылуына байланыс­ты. Ол адамзаттың бастапқы даму кезеңінде өте аз шамада болды. Алайда қоғамның дамуымен, техникалық прогресс барысында жағдай түбегейлі өзгерді. XX жүзжылдық қоғамның табиғатқа ықпал ету ауқымын едәуір ұлғай­тып, ғылым мен техниканың, технологияның сапалы жаңа қатынастарын қалыптастырды және адамзат алдына бірқатар барынша өткір мәселелерді қойды. Алайда, біз қоршаған ортаны өзгертуге қаншалықты ұмтыл­ғанымызбен, Жердегі өмір таби­ғаттың қатаң заңымен дамып келеді. Сондықтан да, адамзат өр­кениеті де өзінің орнықты дамуын қамтамасыз ету үшін осы заңдар мен қағидаттарды ұстануға тиіс. Табиғатпен үйлесімді өмір сүру – Адамның Жерде өмір сүруінің негіз қалаушы қағидаттарының бірі. Көне заманның ұлы философтары табиғатқа тек оның заңдарына бағыну арқылы ғана билік етуге болады деп үйреткен. Алайда, көптеген фактілер адам мен табиғаттың бүгінгі өзара байланысын антропогендік экоцид ретінде, яғни табиғи мекендеу ортасын, оның ішінде өзінің өмір сүру жағдайларын адамның бұзуы деп  сипаттауға негіз барын дәлелдейді. Сондықтан, біз бүгін экология­ны өз үйіміз туралы, яғни биосфера, оның даму ерекшеліктері және осы үдерістегі адамның атқарар рөлі туралы ғылым ретінде түсінуге және қабылдауға тиіспіз. Биосфераны дамыту заңдарын, оның азып-тозуының ықтимал себептерін түсінуге тиіспіз. Қоғам биосфераны дамыту заңдары бұзылмайтындай жүріс-тұрыс моделін қалыптастыруға тиіс. 20-шы ғасырдың басында-ақ белгілі жаратылыстанушы ғалым В.И.Вернадский айтқандай, адамзат ғаламның геология құрау­шы негізгі күшіне айналды және әйтеуір бір күні адам баласы Табиғаттың да, Адамның да одан әрі дамуы үшін өзіне жауап­кершілік алатын уақыт туады. Адамның ақылға қонымды іс-әрекетінің ықпалымен биосфера сапалы жаңа жай-күйге көшетіні Вернадский үшін айқын еді. Адамның ойы мен еңбегі ар­қылы қайта құрылған бұл биос­фе­раның жаңа жай-күйін Вер­надский  ноосфера деп атады. Оның маңызды сипаттамасы  әлеу­меттік-тарихи және табиғат заңдарын оңтайлы үйлестіру негі­зінде жүйенің жаһан­дық тепе-теңдігін ұстап тұ­ру болып табылады. Биосфера Жерде адам пайда болғанға дейін де болған әрі онсыз да тіршілік ете алады. Бірақ адамның биосферасыз өмір сүруі мүмкін емес. Адамзаттың жойылып кету қаупін төндіріп отырған жаһандық экологиялық қауіпті ұғыну әлем жұртшылығын қалыптасқан жағ­дайдан шығудың жаңа жолдарын іздестіруге мәжбүр етіп, орнықты даму тұжырымдамасын әзірлеу қажеттілігін түсінуге алып келді. Ноосферадағы адамзат ғалам­шарда экологиялық тепе-теңдікті қалпына келтіру мен сақтауға апарар жолды табуға, табиғат пен қоғамды дағдарыссыз дамыту стратегиясын әзірлеп, іс жүзінде іске асыруға тиіс. 60-шы жылдардың соңында биоәртүрлілікті сақтау проблемасына ғылыми тәсілді қолдану туралы идеяның танымалдығы қайта артты, бұл табиғат қорғау аймақтарының әлемдік желісін құруда нәтижесін берді әрі оның негізінде халықаралық ынтымақтастық пен алмасу бағдарламалары дами бастады. Осы бағдарламалардың шең­берінде биологиялық әртүр­лілікті сақтаумен ғана емес, экологиялық үдерістерге мониторинг жасаумен де айналысуға болатын арнайы аймақтар құрылды. Дәл сол кезеңде үш арнайы аймақты: ядроны, аралық аймақты және өтпелі аймақты немесе жергілікті халықпен ынты­мақ­тастық аймағын құрудан тұратын аймақтарға бөлу тұжырым­дамасы ұсынылды. Осы кезеңде негізгі қызметі биологиялық әртүрлілікті сақтау мәселелері бойынша ұзақ мерзімді зерттеулер жүргізу болып табылатын биологиялық қорықтар құрыла бастады. Ерекше қорғалатын таби­ғи аумақтарды өзіне бірік­ті­ретін биосфералық резер­ват­тардың әлемдік желісін құру, био­әр­түрліліктің шығын­да­рын азайту, экожүйенің құн­дылықтарын сақтау зерттеу нәти­желері болып табылады. Бүгінгі таңда биосфералық қорықтар желісі тәжірибе алмасу үшін өзгеше қозғалтқыш, білімдік және зерттеу бағдарламалары, экологиялық ахуалға талдау жасау үшін негіз болып табылады. Өкінішке орай, қазіргі уақытта адам экожүйенің басқыншыл элементі болып табылады, алайда саналы тіршілік иесі бола отырып, тек адам ғана биологиялық әр­түрліліктің және тұтас алғанда, Та­биғаттың бүлінуін  тоқтата алады. Тұтас алғанда, ғаламшардың экологиялық дамуын басқару міндетін алуға Адамның қабілеті әбден жетеді. Міне, сондықтан экология бүгін тек биология шеңберінен шығып кетуі тиіс. Экология адамның қоршаған ортамен өзара іс-қимыл жасау проб­лемасын зерттейтін пәнаралық ғылымға айналуға тиіс. Адамның Табиғатпен өзара іс-қимылының өзіне тән ерекшелігі бар. Адамға ақыл-ой берілген, бұл артықшылық оған табиғаттағы өз орнын және Жердегі өз міндетін ұғынуға мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда адамзат табиғи ортаға артық қысым жасамай және оны бұзбай социумның әл-ауқатын  қамтамасыз етуге қабі­летті ілгері дамудың жаңа парадигмасын қажетсінуде. Жақын арада алдыңғы қатарлы елдер жаңа ғылыми идеялар мен әзірлемелерді, жаһандық озық технологияларды, биотехнологияларды және т.б. қолдануға негізделген жаңа технологиялық база қалып­тастыруға көшеді. Біз де олардан қалыспауға тиіспіз. Экологиялық дамуға жоспарлы түрде өтуде экологиялық сая­сатты жаңғырту мәселесі мен азаматтық қоғам рөліне ерекше көңіл бөлінуге тиіс. Қауіпсіз экологиялық дамуға экономикалық жүйеміздің даму тұжырымдамасы қайта қаралғанда ғана қол жететінін айқын түсін­геніміз жөн. Атап айтқанда, экономикалық өсу экологиялық таза, қалдығы аз технологиялар арқылы жүзеге асуы тиіс. Мұндай технологиялар қоршаған ортамызға ұқыпты қарап, бәсекеге қабілеттілік дәрежемізді қарқынды түрде көтеруге және қоғамның әл-ауқаты мен өмір сүру сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Біздің басты міндетіміз – табиғи ресурстарды ұтымды және жос­парлы пайдалану, қоршаған ортаны ластанудан қорғау, мемлекеттік бақылаудың жос­парлы жүйесін енгізу, табиғи ресурстарды ұтымды пайдалануға, қорғауға және қалпына келтіруге, болашақ ұрпақтың материалдық және мәдени қажеттіліктерін қанағаттандыруға бағытталған халықаралық және қоғамдық іс-шараларды жүргізу. Сондай-ақ, білім беру рөлін жете бағаламай болмайды. Сондықтан жалпы білім беретін орта мектептерде міндетті пән ретінде экология және қауіпсіз даму туралы ұғымдар негіздерін оқыту, сондай-ақ экологиялық-ағартушылық жұмыстарды тұрақты жүргізу экологиялық және өнеркәсіптік қауіпсіздік туралы білімді тарату өмірлік маңызы бар шаралар болып табылады. Біз экология туралы білімді, қауіпсіз және экологиялық өмір сүру қағидаттарын, табиғатты және өзімізді қоршаған жаратылыс­ты аялап, сақтау қажеттілігі туралы білімді бойға сіңіруге тиіспіз. Экологиялық тепе-теңдікті сақтау мен өнеркәсіптік қауіпсіздік идеяларын таратуда азаматтық қоғам құрылымдары маңызды рөл атқаруы тиіс. Оның ішінде бұқаралық қоғамдық ұйымдар мен жастар қозғалыстарын, сондай-ақ кәсіби институттарды ерекше атап өткім келеді. Экология және табиғат қорғау ісі мәселелерінде азаматтық бел­сенділікті дамыту қажет. Адамдар экологиялық тепе-теңдікті және табиғаттың бүлін­беген қалпын сақтау қажеттілігі туралы ойға өздері-ақ саналы түрде келуге тиіс. Адамның бүкіл шаруашылық іс-әрекеті қоршаған ортаға тигізер әсері тұрғысында мұқият талдаудан өтуі тиіс. Мұндай институттарды орта­лықта және өңірлерде дамыту сараптамалық қауымдастық пен азаматтық қоғамның экологиялық дамуды қамтамасыз ету аясында экономикалық жаңғырту жолдарын анықтау мен оларды жүзеге асыруға байланысты талпыныстарын нығайтуға септігін тигізеді. Бұл міндеттердің сәтті жүзеге асуын қамтамасыз ету дегеніміз азаматтық қоғам белсенділігінің басымдығы ретінде бұқара халықтың экологиялық біліктілігін арттыру мен қауіпсіз дамуды қолдау бойынша Қазақстанда кең ауқымды қозғалыстың пайда болуын және осы тақырыптың мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдаудың негіз құраушы векторларының біріне айналуын білдіреді. Құрметті қазақстандықтар! Өнеркәсіптік қауіпсіздік мәселелері өнеркәсібі дамыған барлық мемлекеттің тыныс-тіршілігінде маңызды болып табылады. Өнеркәсіптік қауіпсіздік техникалық регламенттерде, өнеркәсіптік қауіпсіздікті қам­тамасыз ету қағидаларында, әртүрлі нұсқаулықтарда және өзге де нормативтік-құқықтық актілерде белгіленген өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарын сақтауға бағытталған. Осы құжаттардың барлығы іске асырылуға тиіс. Тұтас алғанда, қоғам мен жеке тұлғаның өмірлік маңызды мүдделерін қауіпті өндірістік объектілердегі ықтимал апатты жағдайлардан қорғаудың және осындай апаттардың салдарын барынша азайтудың белгілі бір дәрежесіне кепілдік берілуге тиіс. Осындай жағдайлардың алдын алу үшін барлық қауіпті өндірістік объектілерде техникалық құрыл­ғыларды қауіпсіз пайдалануды қамтамасыз етуге бағытталған іс-шаралар кешені жүзеге асырылуға тиіс. Қауіпті өндірістік объектілерді пайдаланатын барлық ұйымдар өз қызметкерлерінің, объектілердің және қоршаған ортаның қауіп­сіздігі үшін қамқорлық жасауға тиіс. Барлық кәсіпорындар өз жұ­мысын қоршаған ортаға зияны барынша аз болатындай етіп ұйымдастыруға тиіс. 2004 жылы елімізде «Тех­ни­калық реттеу туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабыл­данған болатын. Заңда өнім мен процестердің қауіпсіздігі туралы және өңірлік стандарттар мен сертификаттау туралы ережелер анық жазылған. Менің мақсатым – осы нор­малардың ашық және дұрыс жүзеге асуына қол жеткізу. Өнім мен процестердің қауіп­сіздігін қамтамасыз ету мақсатында кәсіпорындардың қызметін жүйелі түрде қоғамдық бақылауды қамтамасыз ету қажет. Техникалық регламент талап­тарының орындалуы тек қағаз жүзінде ғана міндетті болып қалмауына қол жеткізуіміз қажет. Құрылыс жұмыстарын жүр­гізуде, өнеркәсіптік әзірлемелерді жасауда біздің бай табиғатымыз, біздің қайталанбас ландшафтымыз зардап шекпеуіне қол жеткізуіміз қажет. Құрметті сайлаушылар! Мен өз бағдарламамда сіздерге негізгі ойды – мемлекет өміріндегі таза экология және өнеркәсіптік қауіпсіздік қағидаттарының мағынасын жеткізуге тырыстым. Біздің ортақ міндетіміз – үшінші мыңжылдықтағы қауіпсіз экологиялық даму аясында ел дамуының жаңа, теңдестірілген моделін жасау. Жариялау ақысы ОСК арқылы республикалық бюджеттің және Қазақстан Республикасының президенттігіне кандидат Ә.Қ.Құсайыновтың сайлау қорының есебінен төленді.