• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
18 Шілде, 2010

БАЯУ ЖАРЫЛАТЫН БОМБА

906 рет
көрсетілді

ШЫМКЕНТТІҢ ІРГЕСІНДЕ ЖАТҚАН САРЫ ФОСФОРДЫҢ МОЛ ҚАЛДЫҒЫ ОСЫЛАЙ ДЕГІЗЕДІ Шымкент қаласынан небәрі бес-алты шақырым жерде залалы қатерлі сары фосфордың мол қоры жатқанын көпшілік түйсіне бермейді. Миллиондаған тонна сары фосфор 32 гектар аумақта су астында жынын алған бақсыдай үнсіз жатыр. Әзірге... 2001 жылы қоңыр күзде Шымкентте өткен өндірісшілер форумында Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, кешегі КСРО-нің құрметті химигі, осы сала бойынша Қазақстандағы бірден-бір белгілі ғалым Оразәлі Балабеков: “Мен ешкімді қорқытқым келмейді. Бірақ, белгілі бір дәрежеде экологиялық апаттың болуы ықтимал қаупінде тұрмыз”, –деген еді. Тісі ғылыммен сарғайған ғалым айтқан фосфор қаншалықты қауіпті?! Америка фильмдерін сараптап отырсаңыз Вьетнамдағы қанқұйлы соғыстар жиі көр­сетіледі. Бұл – адамзат тарихындағы ең ауыр ізі қалған соғыстардың бірі. Алып Америка кішкентай Вьетнамды жеңе алмай қойған. Жаужүрек партизандар америкалықтарға ойран салғаннан кейін лып етіп ит тұмсығы батпас орманға сіңіп кетеді. Ал, оның ішіне кіріп, ізге түсу америкалықтардың дәрмен­сіз­дігімен аяқталатын. Ақыры, партизандарды жоюдың амалын Америка ғалымдары тауып берді. Құны жарты миллиард доллар тұратын алып ұшақ сары фосфордан жа­сал­ған бомбаны ну орман ішіне тастады. Ашық ауадан қуат алып, лапылдап жанған сары фосфор   температураны 1800-ге дейін көтер­ген. Оны сөндіру мүмкін емес еді. Мұндай алапат өрт, химиялық улы газдан тірі адамның құтылып шығуы неғайбыл-тын. Ну орманда өз елінің тәуелсіздігі үшін қолына қару алған Вьетнамның ержүрек жауынгерлері, олардың отбасылары, ілбіген қарт, етегіне сүрінген әйел, үрейі ұшқан бала-шаға тыныс алатын ауаны өртке айналдырған сары фосфордан ажал тапты. Вьетнам парти­зан­дарына бүйрегі бұрып, ара-тұра көмегін беріп жүрген КСРО көсемдері тілін тістеп қалды. Бұл АҚШ-тың Кеңес Одағына көрсеткен сесі де болатын. Осыдан кейін-ақ КСРО көсемдері сары фосфор өндірісіне үлкен мән бере бастады. Экологиялық апат қаупі бар өндіріс ошақтарын Ресейде салу әрине, көсемдер үшін тиімсіз. Одақтас десе де отар елдеріне таңдау салынады. Сол зауыттардың дені Шымкент пен Таразға шоғырландырылды. Бес зауыт Шымкенттен бөлек Тараз, Жаңатас, Қаратауда жұмысын бастады. 1966 жылдың 26 наурызында Шымкентте алғаш рет сары фосфор алынды. Ал, 1976 жылы алып құры­лыстың екінші кезегі басталды. Кейінірек, Оңтүстік Қазақстан облысында әлемдегі ең ірі фосфор өндірісінің ошағы жұмысына кірісті. “Фосфор” зауытының негізгі буындарында 10 мыңға дейін адамдар жұмыс істеді. Ал, басқа құрылымдар мен көмекші шаруашылықтарды қосқанда зауыт қызметкерлерінің саны 20 мыңға дейін жететін. Аса маңызды страте­гиялық нысан болғандықтан, жұмысшы­лар үш кезек жұмыс жасайтындығын ескерсек, фосфор зауыты күндіз-түні бір тынбай жұмыс істегендігін байқатады. Сарапшы маман­дардың айтуы бойынша кәсіпорын 200 млн. доллар табыспен жылды қорытындылайтын. Партия шенеуніктері бар жұмысын бір сәтке жиып қойып, фосфор зауытының жұмысын қырағы бақылауға алатын. Шымкент қаласының дәл түбінде сары ажалдың күшейіп, көбеюіне сол партия серкелерінің барып кел, шауып кел әпербақан әрекеттері себеп болғанға ұқсайды. Біз бұған осы мәселеге журналистік зерттеу жүргізу мақсатында көз жеткізе түстік. Мәселен, сары фосфор рудадан айырылатын бір пештің астында төрт ванна астау болады. Оның екеуі ыстық, екеуі суық. Әрқайсысына елу тоннадан таза өнім құйылады. Сынамасы 99,99 болған өнімдер Жапония, Еуропа елдеріне сатуға жөнелтіледі де, ал руда топырағы араласқан кірлеуіттері фосфор қышқылын айыруға, тыңайтқыштар даярлау және кір жууға арналған ұнтақтар айыруға жұмсалады. Зауыт күндіз-түні жұмыс жасап жатқаннан кейін астаулар тез толып қалады. Қоймалар жөнелтілуге дайын сары фосфорға толы. Ал, пешті тоқтатсаң айқай өз алдына, жауапты басшылардың партиялық билеті стол үстіне қоюы мүмкін. Цех бастықтары мұндайда қулыққа барады. Биіктігі он метрдей қоршау қазан шұңқыр бетоннан құйылған. Астына балшық, бетон үстіне кленка төсеген. Сұйықтық ағып, экологиялық қауіп төндірмес үшін жан-жағы бетондалған қоршауға астаудағы дайын өнімді ағызып жібереді. Негізі, фосфор моласы апаттық қауіп қатерге, қалдық өнімдерге арналған. Бір жұмыс кезегінде 200 мың тоннаға дейін сары фосфор айырылатындығын есепке алсақ 32 гектар алқаптағы фосфор моласында қанша өнім жатқандығын шамалағанмен, нақты есебін ешкім білмейді. Бір есепте сынамасы 70 пайызға дейін деген деректер айтылады. Сары фосфор су немес керосин астында жатпаса ауада тез тұтанады. Ал, жанған жағдайда оны өшіру өте қиын. Судың булануы арқасында кейде ауаға химиялық түтін шығатын уақыттары болады. Түтінін жұтқан адамның ағзасы бүлініп, бүйрегі істен шығады. Кеңес Одағы кезінде бұл деректер барынша бүркемеленетін. “Қазақ ғылыми-зерттеу және химия өнеркәсібін жобалау институты” ЖШС (ҚазНИИХИМПРОЕКТ) директорының бірінші орынбасары В.Карпенко осыған байланысты мына деректерді хабарлаған. Выполненная оценка состояния фосфор­содержащих отходов в шламона­копителях позволяет сделать следующие выводы: 1.В шламонакопителя, кроме регламен­тируемого состава шламов с содержанием элементного фосфора 0,5-5% неоднократно складировались шламы с содержанием фосфора до 70% 2.Складированные фосфорсодержащие шламы, по содержанию элементного фосфора отличаются как по месту расположения, так и по Я залегания. По состоянию на апрель 2004 года в шламонакопителях фактически накоплено 359,0 тыс.м3 фосфорсодержащего шлама, что составляет примерно 532,5 тыс.т., из которых: Шламонакопитель  №1-8,0 тыс.м3/11,9 тыс.т. Шламонакопитель  №2-12.0 тыс.м3/17,8 тыс.т. Шламонакопитель  №3-24,0 тыс.м3/35,6 тыс.т. Шламонакопитель  №4-90,0 тыс.м3/133,5 тыс.т. Шламонакопитель  №5-35,0 тыс.м3/51,9 тыс.т. Шламонакопитель  №6-190,0 тыс.м3/281,8 тыс.т. Тоқсаныншы жылдары кеңес өкіметінен әл кетіп, тамыры шіріп құлағанда фосфор зауытының басына да алағай да бұлағай заман туған. Нарық заң­д­ы­лығы дегенді ешкім білмейді, бұрынғы байланыстар үзілген. 1995 жылы Қазақстанның мемлекеттік мүлік жөніндегі комитетімен келісім-шарт жасасу арқасында “Донекс Интерпрайзес” фирмасы қабылдап алған еді. Екі жыл ішінде фирма жалақыға, кредиторлыққа, тағы басқа қарыздардың орнын жапты. Алайда, “көгілдір отын” мен энергияның тұрақсыздығы технологиялық процестердің баяулауына әкеліп соқтырған. Бір жылда 11 млн. доллар шығын шеккен “Донекс” 1997 жылы фосфор зауытын тастап шықты. Одан кейін білегін сыбанып келген “Қазмаркетинг” фирмасының күші бір айға ғана жеткен. 1997 жылы үкімет фосфор өндірісін одан әрі дамытуға жағдай жасау мен қаржылық жағдайын тұрақтандыру мақсатында қаулы қабылдап, “Қазфосфор” бірлестігін құрады. Тараздың бірнеше химиялық кәсіпорын­дарының басын қосқан бірлестік құрамына шымкенттік “Фосфор” АҚ-та кіруі керек болатын. Алайда, “Қазфосфордың” Шым­кенттегі зауытты аяғынан тұрғызуға қаржылық мүмкіндігі көтермеген. 1998 жылы фосфор өндірісі “Оңтүстік” ААҚ қарауына берілді. Наурыз-сәуір айларында жұмыстарын нақтылап, жұмыс­шыларға қарызының бір бөлігін жапқан “Оңтүстік” те жұмысты әрі қарай әкете алмады. Себеп – қаржы тапшылығы. Мамыр айында зауыт жұмысшылары облыстық әкімдікке жағдайды тұрақтандыру жөнінде арнайы хат жазып, жағдайды баяндаған. “Оңтүстік” жұмысшылардың жалақысына қарыз 500 млн. теңгенің 60 млн.-ын ғана төлей алған. Соған қарамастан, фосфорды ел аумағынан тыс жерлерге сатып, пайда тапты. Онысын кәсіпорынды оңалту және жұмысшылар қарызын өтеуге жұмсау орнына өз мақсаттарына жұмсады делінеді. Мұның ақыры ереуілге ұласа жаздап, 1998 жылдың тамызында өткен акционерлер отырысында “Оңтүстікпен” келісім-шарт үзілген. Жолы болмаған кәсіпорын ашық тендерге қойылды. Үш үміткердің қатарында “Оңтүстік” ААҚ-да болды. Соған қарағанда қарызды өтеуге асықпағанымен, үлкен фосфор қоры бар зауытта ақшаға айналдыруға болатын жағдаяттардың болғаны ғой. Тендерде “Текстиме Экспорт Импорт ГМБХ” тобы атынан түскен неміс компаниясы “Фишер и Лимбергер” фирмасы ұтып алады.Немістер “Шымкентфосфор” ЖАҚ бақылау акциясын 2 млрд. теңгеге бағалап, жыл аяғына дейін барлық қарыздардың орнын жауып, 30 млн. долларға кәсіпорынды қосуға ниеттенеді. Алайда, немістердің әбжілдігі белгілі бір адамдардың тобына ұнай бермейді. Жергілікті басқару органдарынан жасалған қарсылықтың түбі қылмыстық элементтердің әрекеттеріне ұласқан сыңайы бар. Бұл жылдар қарақшылық шабуылдың, рэкеттің күшейіп тұрған шағы. Неміс мамандары орналасқан қонақүйге жаналғыш жігіттер келіп, шекарадан кетуге мерзім берген. Әрине, біреулердің жұмса­уымен. Аз уақыттан соң “Фишердің” басшы­лығынан зауытқа факс келеді. Онда компания басшылығы инвестор бола алмайтындығының себебін фирма қызметкерлеріне жасалған моральдық және физикалық қорқытулардың себебімен байланыстырады. Осылайша дайын инвестордан айырылған зауыт тендерде екінші орында болған “Оңтүстік” ААҚ еншісіне қайтадан өтеді. Бір қызығы, “Фишерге” 2 млрд. теңгеге бағаланған зауыт “Оңтүстіктің” уысына 700 млн. теңге түседі. Бірақ, “Оңтүстік” уәде еткен қаржысын таба алмаған. Осыдан кейін “Фосфор” АҚ банкрот деп танылды. Банкрот деп танылғаннан кейін белгілі емес пе, зауыт мүлкі ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетті. Тіпті, бұл жағдайды Гиннестің рекордтар кітабына тіркесе де болатындай. Өйткені, айналдырған екі-үш жылдың ішінде әлемдегі ең үлкен фосфор зауыты ұрланып бітті. Бүгінде зауыт орнында шағын кәсіп­орындар өз әлінше жұмыс жасап жатыр. Жалақыларын ала алмай, фосфор зардабынан денсаулығынан айырылған, зауыттың келешегінен үмітін үзген мықты мамандардың көпшілігі өзге республикаларға көшіп кетті. Сары фосфорды залалсыздандыруға, өндеуге инвесторларды да табуға болады екен, нарыққа кіруге ынталылар бар. Алайда, 1990 жылдардан бастап, бұрынғы зауыт бай­лығының, руда, фосфор қалдықтарының иесі заң жүйесінде мемлекет меншігіне өткен­діктен, ойдағы шаруаны іске асыра алмай келеді. 2004 жылы Кентаудағы өндіріс орындарын аралағанда Премьер-Министрдің сол кездегі орынбасары Кәрім Мәсімов фосфор зауытының жағдайымен танысып, мемлекеттік тұрғыда көмек болатындығын қаулымен бекіттіріп еді. Премьер-Министр Кәрім Мәсімов өзі көтерген мәселеге әзірге қайта айналып соқпай жүр. Бүгінде облыс әкімінің ұйғарымымен бұрынғы фосфор зауытының аумағы кәсіпкерлердің өндіріс орындарының ошағына айналған. Инфрақұрылым сақталған. Өндіріске қажетті жағдай туғы­зылған. Алайда, осы аймақта бір рет өрт болғанда кәсіпкерлер жандарын қоярға жер таппай кетті. Улы ақ түтін ажал екенін есті жан түсінеді. Бұл маңайдан екі өзен өтеді. Бадам және Сайрам су. Фосфор зауыты жұмыс істеп тұрғанда химиялық ертінділер суға араласып кетіп, талай ірі қаралардың тісі сояудай болып өсіп, мал болудан қалғаны талай рет баспасөзде жазылған болатын. Қазір де бақылау аз. Оның үстіне Тоғыс су қоймасы жекенің қолында. Сары фосфор жатқан аумақтағы су келетін құбырды кесіп алса, яки суды аз берсе ауамен тотыққан фосфор ғаламат экологиялық апатқа ұшыратады. Шымкент қаласының өзінде миллионға тарта адам бар. Оған жапсарлас жатқан Сайрам, Төлеби, Түлкібас аудандарын қосыңыз. Бұл мәселені әкімдердің бәрі біледі. Министрліктер де хабардар. Бірақ, ешқайсыда мойнына жауапкершілікті алғысы келмейді. Уақытында облысты басқарған сенатор Болат Жылқышиев мәселенің оңтайлы шешілуіне атсалысып жүр. Қазір Шымкент пен Жамбылдағы зауыттар аймағында әрқайсында 1 млн. тоннадан сары фосфор қалдығы жатыр. Шала айырылған, залалы ауыр 10 тоннадай фосфор қалдығын қоссаңыз 12 тонна болатын сары ажал адам үрейін ұшырады. Проблема ортақ. Бұл мәселеге ерте деп қарай беруге болмайды. Үкімет шешім қабылдап, Қоршаған ортаны қорғау министрлігі арқылы тендер өткізіп, инвестор кіргізбесе сары фосфордың залалы атом бомбасымен пара-пар апат әкелуі мүмкін. 2008 жылы Жамбыл облысы Аса стансасынан сары фосфор толтырылған 15 цистернасы бар пойыз бірнеше мыңдаған шақырымдарды басып Еуропаға бет алғанда, Украинаның Львов облысы аумағында апатқа ұшырағаны белгілі. “Қазфосфаттың” 15 цистернасының алтауы рельстен шығып кетіп, өрт шыққан. Украина мемлекеті үлкен күш шығарып, өртті ауыздықтағанымен ауада сары бұлттар пайда болып үлгерген еді. Оның соңы жүздеген адамдардың жаппай уланып, ауруханаларға түсуіне ұласты. Апаттың себебін анықтау, ауруларға жәрдем беру үшін мемлекеттік комиссия құрылды. Сол кезде осы мәселені қазып, зерттеп жазған украиналық әріптестеріміздің аузынан “Бұл - екінші Чернобыль” деген сөздер де шығып қалды. Кейініректе, апат үрейлендірген Ресей, Белоруссия мемлекеттері Қазақстанның сары фосфорының өз елі аумағынан өтуіне қарсылық білдіріп, тасымалдаудың түрлі амалдары, жолдары қарастырылғандығы белгілі. Біздің шенеуніктердің осындай апаттардан сабақ алмайтындығы көрініп қала береді. Қазақтың жері қып-қызыл ақша болып тұрғанда, көзі қарайған әкімдер, жер бөлімдері Шымкенттегі тротуарлардың үстіне дейін сатып үлгерген еді. Қызды-қыздымен тоқтай алмаған қала әкімі сары фосфор тұншық­тырылған алты мола бар жерді “Қайнар” ЖШС-іне сатып жіберген. Алты фосфор қалдығын жинау қоймасының көлемі 530 мың тонна. Әйтсе де әйгілі “Кавказ тұтқыны” кинокомедиясындағы кейіпкердің аузынан шыққан “дүние жүзіндегі ең әділ, ең гуманистік сот” өкілдері осыны нантепкі қылып жүр. Біреуі заң біткеннің бәрін белден басып, қалталы кәсіпкердің пайдасына шешіп берсе, екінші судья фосфор қалдығының жеке қолға өтуі заңсыз, негізгі иесі – мемлекет екендігін айтып шешім шығарды. Бас ие болмағаннан кейін біздің әділ судьяларымыз сары ажалмен осылайша ойнап жүр. Сонда ойынды осылдыратын апат күту керек пе?! Ғайыптан тайып қазан шұңқырдағы фосфор қалдықтары іргеде ағып жатқан Бадам өзеніне құйылса адам үшін де, мал үшін де орны толмас апат орын алады. Фосфор зауытының іргелес жерінен Елбасының Жарлығымен “Оңтүстік” еркін экономикалық аймағы құрылды. Мақта кластерін дамыту үшін құрылған үлкен өндіріс орнында жеңіл өнеркәсіпті күшейтуге мүмкіндіктер бар. Алуан салықтардан босатылған аймаққа шетел инвесторлары келіп жатыр. Шетелде заңдылық қатты сақталады, біздегідей бірін-бірі теріске шығаратындай бос­белбеу емес. Сары фосфордан күмән шық­қан жағдайда, осы инвесторларды арқанға бай­лап тұрғыза алмайсың. Мемлекет беделіне сын. Осының бәрін кім екшеп, жөнсіздіктерді кім қалпына келтіреді? Оңтүстіктің үш соңғы әкімі Болат Жылқышиев, Өмірзақ Шөкеев және Нұрғали Әшімов мырзалардың дәл қазіргі қызмет құзырларына осы түйткілдерді тарқату кіреді. Ал, олар неге әліптің артын бағып үнсіз?! Оңтүстік – аграрлы облыс. Егістікке, бау-бақшаға қажетті тыңайтқышты қымбат бағамен Өзбекстаннан тасымалдайды. Ал, Оңтүсікке ғана емес Қазақстанға толық жететін фосфор тыңайтқышын, тағы басқа керектерді осы зауыттан арзан бағаға дайындап алуға болар еді. Фосфор қорының мол қазынасы өзімізде отырып, сырттан фосфор тыңайтқыштарын тасымалдай­тынымыз қандай қисынға сияды? Мәселен, жылда мақта еккендіктен Мақтааралдың жері тозды, күлге айналу қаупі бар. Мырзашөл дым татырмас шөлге айналуы мүмкін. Ел ағалары осыны да қаперіне алу керек қой. “Жерден пайда табу үшін оның бойындағы жоғын беру керек” дейді екен қытай даналығы. Дәл қазір Қазақстан жерлері фосфор тыңайтқышына зар болып, ерні кезеріп тілім-тілімі шығып жатыр. Бұрынғы фосфор зауытының орнында, өндірістер шоғырланған жерде сары фосфор атты бомба жатқанын айттық. Құдай бетін аулақ қылсын, ол ауамен тотықса Қазақстанда бұрын-соңды болмаған экологиялық апат орын алады. Ал, қауіптің алдын алу жайбарақаттықты көтермейді. Инвесторлар бар, арнаулы мамандар бар, сары фосфорды залалсыздандырудан мем­лекетке түсетін қыруар пайдасы және бар. Ендігі кешеулетудің бағасы аса қымбатқа түсуі мүмкін. Бақтияр ТАЙЖАН, Оңтүстік Қазақстан облысы.