• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
18 Шілде, 2010

ЕСІЛ ЕЛ БАЙЛЫҒЫ-АЙ...

629 рет
көрсетілді

ОЛ ҰСТАҒАННЫҢ ҚОЛЫНДА, ТІСТЕГЕННІҢ АУЗЫНДА КЕТІП ЖАТЫР Бас Прокурор Қайрат Мәмидің төрағалық етуімен Атырауда құқық қорғау және мемлекеттік органдардың кеңейтілген кеңесі өтіп, онда Жайық-Каспий су бассейніндегі бекіре тұқымдас балықтарды сақтау және көбейту мәселелері бойынша заңдылықтың жай-күйі талқыланды.БОЛМЫСПЕН БЕТПЕ-БЕТ Иә, бұрын-соңды мұндай жағдай болмаған шығар. Кім көрінген күнкөріс қамы деп бүгінде алтынға теңелген бекіре тұқымдас балықтарды тамтығын қалдырмай, тамағыма қылқан қадалар деместен қанағатсыз қылғытып жатыр. Аштықтан жеп жатқан жоқ, көкала қағаздың буына еліккендер балықпен бірге арын да, барын да түгесіп әлек. Маңдайына сор боп біткен уылдырығы үшін іштері тірідей жарылатын бекіре балықтар өсіп, өне алмай қалды. Жесе дәмі тіл үйіретін, әлсізге қуат беретін қара уылдырықты шеттен келгендер шелектеп әкет­кендеріне мәз, іштегілер ішіп, жеген­де­ріне мәз. Шеттен келген брак­он­ьер­лердің мұндай озбырлығы тек бекіреге ғана емес, елдің ұлттық қауіпсіздігіне де қатер төндіретіні анық. Мұны Бас Про­курор Қайрат Мәми Жайық-Каспий бас­сей­ніндегі балықтардың бағалы түрін сақ­тауды және өсіруді қамтамасыз ету мәселелерін талқылау барысында қадап айтты. Аталған мәжіліске қозғалған мәселенің мемлекеттік деңгейдегі маңыздылығына орай Вице-премьер – Сауда және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев көгілдір экран арқылы қатысса, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төраға­сы Әділ Шаяхметов, Ауыл шаруа­шы­лығы министрі Ақылбек Күрішбаев және Ішкі істер ми­нис­трінің, Эко­но­микалық қылмысқа және сы­байлас жем­қор­лыққа қарсы күрес агент­тігі төра­ға­сының орынбасарлары, Қор­шаған ортаны қорғау вице-министрі, депу­тат­тар, сон­дай-ақ облыс әкімі мен басқа да тиісті ми­нистрліктер және құқық қорғау орган­да­рының өкілдері жиында өздері отырды. Алғашқы беташар сөзді Әсет Исекешев, бүгін біздер өте маңызды мә­селені қозғап отырмыз деп бастады. Бұл қо­ғамда көпшілікті толғандырып отырған күр­делі проблемалардың бірі. Сондықтан оны бірлесіп талқылау тиянақты шешімге әкеледі деген сенімдемін деген ол Үкімет тарапынан табиғат байлығын сақтауда көптеген шаралар қабылданып жатқанын айтып өтті. Дегенмен бұдан кейін баяндама жасаған Бас Прокурор Қайрат Мәми Жайық-Каспий су бассейніндегі ең басты табиғи байлығымыз – бекіре тұ­қымдас балықтардың табиғи қорын сақтау, шындығын айтар болсақ, өте мүшкіл деді. Сондықтан да өткен жылдың сәуір айында Мемлекет басшысы бекірені аулаудағы браконьерлік пен шектен шыққандық оның жойылуына әкеліп соқтыратынын айтқан еді. Алайда, содан бері жылдың жүзі өтсе де, өкінішке қарай, біз жағдайдың өзгерісін көре алмай отырмыз. Күні кеше бекірені сақтау ісінің қауіпті жағдайына Премьер-Министр де назар аударып, мұның төркіні бра­коньерлер мен “погонды озбыр­лардың” біріге әрекет етуінде жатқандығын негізге келтірді. Мұндай жағдайда қызметке тартылған органдардың мемлекеттік тапсырмаларды орындау мүмкіндігі мен кәсіптік деңгейі қандай деген мәселе туындайды. Сондықтан қазір тез арада жіберілген кемшіліктерді тауып, оларды жою үшін нендей шаралар қабылдау қажеттігін нақты анықтап алу қажет. Жалпы бекірені сақтау деген мәселеге көзқарасты мүлде өзгерту керек, деді бұдан әрі Қайрат Мәми. Өйткені, бәріміз білетіндей, атқаратын ісіміз тек әйтеуір көз алдау мен әрекетсіздіктен ғана тұрғандай. Оған былтырғы өткен Құқық қорғау органдары үйлестіру кеңесінің шешімін орындау барысы нақты дәлел бола алады. Орындау туралы уәде берілді, сонымен бәрі де тынды. Ал шындығында ең негізгі міндеттер қағаз жүзінде ғана қалды. Бірде бір ұйымдасқан қылмыстық топты жою мүмкін болмады. Соған қарамай аты дардай ІІМ аймақта экологиялық қылмыс жөніндегі арнайы мамандандырылған жедел-тергеу тобын құрдық деп мардымсиды. Бас прокуратура Атырау қаласына келіп тексеріс жүр­гіз­генде жаңағы айтылған топ тек қағаз жү­зінде ғана бар екендігі анықталды. Сонда мұндай алдау кімге керек? Мемлекет басшысы бекірені аулаудағы браконьерлік пен шектен шыққандық тыйылу қажет деп тапсырма жүктесе, ІІМ оның орындалысы жөнінде жалған ақпарат береді. Неліктен? Бұл орайда Бас Прокурор табиғат қор­ғау және құқық қорғау органдарына балық аулау маусымы кезінде біріккен шараларды тұрақты түрде өткізіп отыру тапсырылғанын жеткізді. Әйтпесе, мүйізі қарағайдай балық инспекторы мен полиция қызметкерлері арасында не нәрсеге екені белгісіз талас туып, содан бірін бірі жағадан алып жатқанда заңсыз балық аулаумен ұсталған Маңғыстау аймағындағы Тельман ауылының браконьерлері тиімді сәтті пайдаланып тайып отырыпты. Сөйтіп қылмыскерлер жауапкершіліктен сытылып кеткен. Сонымен қатар Қайрат Мәми бұл мәселенің атқарушы органдарды да айналып өтпейтіндігін тілге тиек етті. Өйткені олар бар ауыртпалықты құқық қорғау органдары иығына ғана жүктеп қарап отыр. Ал Ауыл шаруашылығы министрлігі болса олардан да асып түсіп, бекіре балықтарының уылдырық шашу кезінде аулануын тоқтату жөнсіз деп есеп­теген. Мұндай кеңес аталған минис­трліктің қай шенеунігінің аузынан қандай мақсатпен айтылды екен деп еріксіз таңғаласыз. Өйткені, заң бойынша тыйым салынғанын министрлік білмеуі мүмкін емес қой. Білсе неге заңға қарсы шығады? Сол сияқты жағалаудағы ауыл тұр­ғын­дарының назарын браконьерліктен басқаға аудару мәселесі де тыс қалған деді Бас Прокурор. Мәселен, Исатай ауда­ны­ның Жанбай ауылында 813 адам бар. Олардың тең жарымы жұмысқа қабілетті жандар, бірақ еш жерде еңбек етпейді. Ал мемлекеттен жұмыс пен жәрдемақы сұрап, көмек алу үшін 115 адам өтініш білдірген. Сонда қалған 698 ауыл тұрғын­да­рының немен айналысатыны айтпаса да түсінікті деген сөз. Осы ауданның Забурун ауы­лындағы жағдай да осыған ұқсас. Мұндағы ресми тіркелген 204 жұ­мыссыздардың тек 5-уі ғана жұмыс іздеп жүр. Бекіре балығының өсіп, өнетін табиғи аймағын сақтау бойынша да жұмыстар тиісті дәрежеде жүргізілмейді. Жайық өзеніндегі бекіре уылдырық шашатын 68 жер­дің қазір бар болғаны 13-і ғана пайдаға жарамды болып тұр. Жағалаудағы ауылдардың тұрғындары үшін жұмыс орны болып табылатын тауарлық бекіре өндірісін дамыту да екпін ала алмай отыр. Сонымен қатар Бас Прокурор біздің теңіз шекарасы мәселесі ерекше алаңдаушылық туғызып отырғанын айтып өтті. Өйткені республика өзен-көл­де­рін­дегі шетелдік браконьерлердің мұн­ша­лықты көп болуы тек бекіреге ғана емес, сонымен қатар елдің ұлттық қауіпсіздігіне де тікелей қауіп төндіреді. Сондықтан көптеген мәселені тез арада шешу қажет екендігін Қайрат Мәми баса айтты. ТЕҢІЗДЕГІ ТАЛАН-ТАРАЖ Каспий теңізі –тұйық су қоймасы. Мұнда бекіре тұқымдас балықтардың әлемдік су қоймаларында кездеспейтін бағалы түрлері бар. Алайда, Жайық-Каспий су бассейніндегі осынау қазына қоры мүлдем азайып барады. Бас Прокурордың орынбасары Асхат Дауылбаевтың мәлім етуінше, бұған әсер етіп отырған бірден-бір себептің бастысы –браконьерлік. Бұл көп жылғы зерттеу нәтижелерінен белгілі болып отыр. Теңіздің қазақстандық бөлігіндегі бекіре балықтарының қоры өткен ғасырдың 70-жылдарынан бері ондаған есеге күрт азайған. Сол кезеңде, яғни, 1975 жылы 8000 тонна бекіре балықтары ауланса, 2009 жылы балықшылар тек 50 тонна су маржанын сүзумен шектелген. Демек, Жайық-Каспий су бассейнінен бағалы балықтарды аулау 162 есеге төмендеген. Бекіренің өнеркәсіптік қоры 2005 жылы 326 тоннаны, ал 2009 жылы 170 тоннаны құраған. Бұдан бұл бағалы байлықтың өнеркәсіптік қорының тек 5 жылдың ішінде ғана 2 есеге азайғаны байқалады. Жалпы соңғы 40 жыл бойы Каспийдегі заңсыз балық аулаудың нәтижесінде бекіре тұқымдас балықтардың көбеюі 90 пайызға төмендеген. Демек, браконьерлік қауіпті сипат алып барады деуге негіз бар. Осыған орай елімізде браконьерлікпен күрестің бастау алғанына бірнеше жыл болғанмен, заңсыз балық аулаушылар жолына тосқауыл қоятын мемлекеттік органдар жұмысының нәтижесі көңіл көншітпейді. Бұған былтыр Президент Әкімшілігімен Жайық-Каспий су бассейніндегі браконьерлікпен күрестің жеткіліксіз жүргізілгені дәлел бола алады. Яғни, теңіз бекіресін талан-таражға түсірген браконьерліктің ұйымдасқан қылмысқа айналуына жол ашылып отыр. Ресми статистикаға сүйенсек, соңғы 3 жылда ел аумағынан 40 тонна бекіре тұқымдас балықтар, 10 тоннаға дейінгі мөлшерде қара уылдырық әкетілген. Алайда, жедел ақпаратқа сәйкес жыл сайын ел аумағынан шығарылатын бекіре тұқымдас балықтар көлемі әлдеқайда көп: 500-600 тонна. Бұл деректер бекіре балықтарының көлемін ресми статис­тикада көрсетілгеннен 37 есеге, ал қара уылдырық 7 есеге артқанын аңғартады. Міне теңіз байлығын талан-таражға салу деген осы. Каспий- Жайықтағы аса ба­ғалы су маржаны жылма-жыл дәл осы­лайша талапайға түсе берсе, бекіре тұқымдас балықтар қорының мүлдем жойылып кету қаупі айқын сезіледі. Осы жерде мынадай сұрақ туындайды: осынша көлемдегі бекіре балықтары мен қара уылдырық құқық қорғау ор­ган­да­ры­ның қатаң бақылауынан қалайша тыс қа­лады? Су байлығына суық қолын сұқ­қан­дар Каспийдегі қазынаны талан-таражға сала бере ме? Елбасы мұндағы бекіре тұқымдас балықтар қорын сақтауға, оны талан-таражға салған браконьерлікке қарсы бітіспес күрес жүргізуді тапсырды. Өйткені, теңіздің қазақстандық бөлігі шетелдік браконьерлердің заңсыз балық аулау аймағына айналған. Қаржы полициясының мәліметінше, қара уылдырықтың көлеңкелі айналысы 92 пайызға жеткен. ТОСҚАУЫЛ НЕГЕ ТЕГЕУРІНДІ ЕМЕС Бұлай деуіміздің сыры мынада. Балық қорын қорғау жөніндегі инспекция қызметкерлерінің бекіре тұқымдас балықтарды заңсыз тасымалдауға қатысы бары анықталып отыр. А.Дауылбаевтың айтуынша, 28 наурызда “Рубеж” бекетінде жол полициясы Қадыров деген инспектордың көлігінің салонынан жалпы салмағы 150 кило болатын 143 бекіре балығын тәркілеген. Мұндай факт жиі қайталанады екен. Бір ай бұрын біздің акваторияда “Жан и компания” кемесі ұсталған. Кеме бортында экипаж болған, сонымен бірге 8 жәшік “Коллада” ауы табылған. Қызығы сол, кеме бортында маңғыстаулық балық қорғау инспекторы Керпиков те болған. Сонда браконьерлерге қарсы күрес жүргізеді дейтін инспектор онда не істеп жүр? Мына бір дерек те ойландыруы тиіс. Ұлттық қауіпсіздік органы ұйымдасқан қылмыстық топты анықтау кезінде оған Атырау облыстық ішкі істер департа­мен­тінің балық қорғау полициясы жа­уапты қызметкерлерінің қатысы бары анық­тал­ған. Олар қара уылдырық да­йын­дайтын жасырын цех ашып, кон­тра­бан­далық та­уарды алыс және жақын шет елдерге, со­ның ішінде Аламыт арқылы Бі­ріккен Араб Әмірліктеріне әуе та­сы­малымен ұйым­дастырған. Жедел шара ба­рысында аталған ұйымдасқан қылмыстық топтан 70 килодан аса қара уылдырық, дайын зауыт банкілері, бекіре балықтары мен браконьерлік құралдар табылған. Ал өт­кен жылдың қаңтарында Атырау-Астрахань тас жолында тоқтатылған “Газель” автокөлігін тексеру барысында одан құжатсыз балықтар шыққан. Және осы көлікті қаржы полициясының инспекторы алып жүрмек болған. Биылғы жыл басынан бері Атырау және Маңғыстау облыстарының құқық қорғау органдары браконьерлікпен бекіре аулау фактісі бойынша бірде-бір істі сотқа жолдай алмай отыр. Не себепті? Бра­ко­ньер­лер шынымен жойылды ма, әлде басқадай себебі бар ма? Осы қос облыстың балық қорғау полициясындағы 313 қызметкер жыл басынан бері бра­ко­ньерлерден 4,5 тоннаға жетпейтін бекіре балықтарын тәркілеген. Тәркі­ленген ба­лықты әр қызметкерге бөлетін болсақ, әр­қайсысына тиесілісі 14 килодан сәл ғана асады. Міне, балық қорын қорғау по­лициясы қызметкерлерінің бра­ко­ньер­лермен күрес нәтижесінің түрі осындай. Ал Жайық-Каспий облысаралық бас­сейндік балық шаруашылығы басқармасы бас­шыларының әрекеті тіптен шектен шық­қандық деуге болады. Олар өз ше­шімдерімен балық аулаушы кәсіп­ор­ын­дарға ауланатын балық лимитін асырып жіберуге рұқсат берген. Бірақ, ауланған балық үшін бюджетке түсуі тиіс міндетті төлемдерді төлетуге келгенде жалпақ­ше­шейлік танытып, заңсыз әрекеттерге барған. Демек, бұдан браконьерлер жолына қойылар тосқауылдың тегеурінді емесі анық байқалады. Сонымен Каспий тұнығына қауіп қайдан келеді дейміз. Теңізге төнетін қауіп өте зор. Браконьерлермен бірге ба­ға­лы бекіре тұқымдас балықтар қорының кө­беюіне қоршаған ортаның ластануы да әсер етеді. Жыл сайын Каспий теңізінде итбалықтардың жаппай қырылу фактісі тіркеледі. Оған да міне, 16 жыл. Соның ішінде мәселен, 2006-2009 жылдары 2143 бекіре тұқымдас балықтар мен 1293 итбалық қырылғаны жөнінде деректер тіркелген. Балықтардың қырылуымен келген шығын 206 миллион 678 мың тең­гені құраған. Бұл осы кезеңде бра­ко­ньер­лер келтірген залал көлемінен асып кетіп отыр. Жекелеген эколог-ма­ман­дар пі­кі­ріне сүйенсек, су жануар­ла­ры­ның бұ­лай­ша жылма-жыл опат болуына теңіздегі барлау және көмірсутекті өндіру кезінде ауаға шығарылатын күкірт, метан немесе өзге ілеспе газдармен байланысты болуы ықтимал. 2006-2009 жылдардың көк­темінде “Қаламқас” және “Қара­жан­бас” кен орындары аумағында бекіре балық­та­ры мен итбалықтың қырылғаны бай­қалды. “Қаражанбас” кен орнының ұң­ғымасына таяу теңіз суына зертханалық талдау жасалғанда, ондағы мұнай өнімдері концентрациясының шекті мөлшері 69-дан 114,8-ге дейін жоғарылағаны анықталды. Атырау және Маңғыстау облыстары аумағында Каспий теңізі суының астында қалған 170 мұнай-газ ұңғымасы бар. Әзірге осы ұңғымалардың қоршаған ортаға әсері жөніндегі мәселе оңтайлы шешімін тапқан жоқ. Каспий тұнығын сақтаймыз десек, Үкімет, тиісті министрліктер бұл мәселеге ерекше назар аударуы қажеттігі сезіле түседі. МӘРТЕБЕ Каспий теңізі тек Қазақстанға ғана тиесілі емес. Ол сонымен бірге Ресей, Иран, Әзірбайжан, Түркіменстан секілді көршілес мемлекеттерге де ортақ су қоймасы. Сол себептен жағалаудағы мем­лекеттер арасында теңіз мәртебесін анық­тау мәселесі әлі толық шешімін тапқан жоқ. Бұл браконьерлікке қарсы күресті тиімді жүргізуге кедергі жасап отыр. “Қазақстан Республикасының Мем­лекеттік шекарасы туралы” Заңға сәйкес Каспий теңізінде ел аумағындағы жағалаудан 22,2 шақырым қашықтықта (12 миль) мемле­кет­тік шекара анық­талған. Бірақ заңдылықта мемлекеттік шекараның нақты қай жермен өтетінін анықтайтын нормативті құжат болмай тұр. Осыған байланысты теңіз шекарасын заңсыз бұзушыларға қатысты Қылмыстық және Әкімшілік кодекстердің тармақ­та­рын қолдануда қиындық туындатар жайлар айқындалуда. Ең бастысы, Қазақстан тарапынан су айдынында мемлекеттік шекараны айқындау Каспий жағалауындағы өзге де мемлекеттермен келісілмегендіктен, біржақты шешім күйінде қалуда. Міне, нақ осы мәселе көршілес елдердің азаматтарына әкімшілік және қылмыстық шара қолданудың заңдылығына күмән туғызады. Қазақстандық құқық қорғау­шы­лармен ұсталған Ресей Федера­ция­сының немесе Әзірбайжан елінің әрбір азаматы өз елдерінің дипломатиялық өкіл­діктері арқылы еліміздің мемлекеттік ор­гандарының заңсыз әрекеттері үшін та­лабын беріп жатса, негізсіз болмас еді. Бұ­ған қоса, Каспий теңізінің бейтарап бөлігінде браконьерлікпен айналысқан шетелдік азаматтарды жауапкершілікке тартудың құқықтық негіздерінің болмауы, ұсталғандардың жауапкершіліктен сытылып кетуіне жол ашып отыр. Осыған қатысты мына деректерді айтайық. Биылғы 4 сәуірде ел шека­ра­шы­ла­рымен Каспий теңізінің орталық бө­лігінен Әзірбайжан Республикасының “Шанс” кемесі ұсталды. Оның әрине, су айдынында бекіре тұқымдас балықтарды заңсыз аулаумен айналысқаны тексеру барысында анықталды. Кеме бортынан 16 жәшік браконьерлік ау құралдары, соның ішінде, жалпы ұзындығы 3200 метрлік “Коллада” қармақты торы тәркіленді. Браконьерлер дәл осындай торды бекіре тұқымдас балықтарды аулауға қолданады. Мұндай құралмен ауланған 550 кило бекіре балықтары да қоса тәркіленді. Алайда, “Шанс” кемесінің экипажы аш­ық теңізде ұсталғандықтан, осы факт бо­йынша қылмыстық іс қозғаудан бас тарту туралы шешім амалсыздан қабылданды. Осы­ған ұқсас жағдай “Гобустан”, “Долга”, “Нардаран” секілді кемелерді ұстау барысында да болды. Жалпы соңғы 1,5 жыл ішінде жағалау күзеті басқар­ма­сымен бортында теңіздің табиғи бай­лығын браконьерлік әдіспен аулауға ла­йық­талған құралдары бар әзірбайжандық 6 кеме ұсталса да оның 5-уінің экипажы ешқандай жазаға тартылмай қалды. Бұған олардың бейтарап су айдынында ұсталғандығы себеп болып отыр. Міне, осы себептен, Каспий теңізінің мәр­тебесін анықтау мәселесіне айрықша назар аудару қажеттігі туындайды. Ал­дымен, әрине, Каспий мәртебесін ан­ықтауда көршілес мемлекеттермен ортақ мәміле түзіліп, нақты шешім қабылдануы тиіс. Мәселе дәл осылайша шешімін тапса, мұндағы кең көлемде өріс алған браконьерлікке қарсы күресті көршілес мем­лекеттермен бірлесіп жүргізуге мүм­кіндік туары сөзсіз. Ең бастысы, өзге ел браконьерлеріне теңіздің қазақстандық бө­­лігінен заңсыз бекіре тұқымдас ба­лықтардың аулауына тосқауыл қойылары анық. Және көршілес елдердің бра­ко­ньер­леріне заңдылыққа сәйкес қатаң жаза қолдануға жол ашылары дау тудырмайды. ЕНДІГІ МІНДЕТ – ТӘРТІП ПЕН ЕҢБЕК Мәжілісте айтылғандай, бра­ко­ньер­ліктің өрістеуімен Каспий теңізінде бекіре тұқымдас балықтардың қоры азайды. Бұл –бұлтартпас шындық. Бірақ, солай екен деп, қол қусырып отырудың реті жоқ. Керісінше, енді оның қорын молайтудың жолын іздестіру тиімді болмақ. Қандай жолды таңдаған жөн? Қазақстан үшін қолайлы болатын әлемдік тәжірибе бар ма? Ғалымдар бекіре тұқымдас ба­лықтардың табиғи жолмен көбеюіне ық­пал ететін бір әдісті ұсынады. Ол – оның шабақтарын жасанды жолмен өсіру. Бұл – көптеген шет мемлекеттерде кеңінен қолданылатын әдіс. Рас, Қазақстанда да, соның ішінде Атырау облысында осындай екі зауыт бар. Оларда жыл сайын 7 мил­лион шабақ Каспий теңізіне жіберіледі. Мұның көршілес мемлекеттерде өсіріліп, теңіз айдынына жіберілетін шабақтармен салыстырғанда, тіптен аз мөлшерде екені жасырын емес. Мәселен, жылма-жыл Ресейде 56 миллион, Иранда 22 миллион, Әзірбайжанда 15 миллион шабақ өсіріледі екен. Бұл –Қазақстанның үлесінен әлдеқайда көп. Дегенмен, Қазақстан аумағында Кас­пий бекіресінің шабағы тек бір ғана Аты­рау облысында өсірілетіндіктен, 7 мил­лион­ның аз болып көрінетіні рас. Әзірге оны көбейтудің еш мүмкіндігі байқал­май­ды. Себебі, Атыраудағы бекіре шабағын өсіретін зауыттардың технологиясы ескірді. Оларды қайта жарақтандыру мәселесі тек сөз жүзінде қалып келеді. Жаңа зауыт салу мәселесі де шешімін таппай тұр. Елбасы былтыр Атырауға келген сапарында осы мәселеге назар аударып, қуаты жылына 30 миллион шабақ өсіретін зауыттың құрылысын салу қажеттігін алға тартқан болатын. Мемлекет басшысы Каспий бекіре­сінің табиғи қорын сақтауды ұдайы айтып келеді. Ал оның баламалы бір жолы – тауарлы бекірені өсіру. Мұның тиімділігі неде? Алдымен, бекіре тұқымдас балықтардың тұқымын жоғалтар болсақ, оның өнімін шығару да едеуір азаяды. Бұдан мемлекет бірнеше миллион қаржыны құрайтын шығынға ұшырайды. Демек, тауарлы бекіре өсіру – табысты, сонымен бірге, экономикалық тұрғыдан алғанда, балық шаруашылығын да­мы­ту­дың ең тиімді бағыты. Осы әдіс көптеген шет мемлекеттерде қолға алынып, қазіргі уақытта тауарлы бекірені өсіру әсіресе, Қытайда, АҚШ-та, Францияда, Гер­манияда, Италияда, Дания мен Жа­по­нияд­а ерекше қарқынмен өрістей түсуде. Балық шаруашылығын жетік білетін мамандардың пайымдауынша, Қазақ­станның балық шаруашылығын дамытуға ең қолайлысы – Қытайдың тәжірибесіне жүгіну. Өйткені, бұл елде тауарлы бекіре өсірудің әлемдік тәжірибесі қалыптасқан. Осы мәселеге Қытай мемлекеті ден қоюы ерекше – арнайы мемлекеттік бағдарлама қабылдап, мемлекет тарапынан саланы дамытуға бет бұрған кәсіпкерлерге қолдау көрсетеді екен. Ал бұл Қытайда аталған саланы экономиканың алдыңғы легіне шығуына бірден-бір тиімді саналатыны әлем елдерін де қызықтырады. Сонымен бірге, әлем елдері ішінде Қытай тауарлы бе­кіре өсірудің 60 пайыздық үлесін иеленіп отыр. Яғни, бұл елде жылына 20 миллион тон­надан аса тауарлы бекіре өсіріледі деген сөз. Қазақстанда тауарлы бекірені өсіру кең көлемде дамымай отыр. Мұның бірнеше себебі бар. Біріншіден, бұған несие саясатының жетілдірілмегені кері әсерін тигізеді. Екіншіден, тауарлы бе­кі­рені өсіруге ұмтылғандар мемлекеттік қол­дауды сезіне бермейді. Үшіншіден, та­уарды өндіру технологиясы мен тә­жіри­бенің жоқтығы ойға алған істі ілгері жыл­жы­туға кедергі жасайды. Төртіншіден, тауарлы бекірені өсіруге ниет еткен фер­мерлер, кәсіпкерлер мен балықшылар толыққанды ақпаратқа қол жеткізе алмайды. Тауарлы бекіре деген не, жеке тауарлы бекіре шаруашылығын қалай құру керек? Басқаша айтқанда, бұл не, оның экономикалық тұрғыдан тиімділігі қандай, жұрт осыдан бейхабар десе болғандай. Міне, осы себептер Қазақстандағы тауарлы бекіре өсірудің қарқын алуына тұсау салғандай болып отыр. Осындай қиындықтарға қарамастан, 2008 жылы “Каспий” әлеуметтік-кәсіпкерлік корпо­ра­циясы жеке кәсіпкер А. Кемелбаевамен бірге Атырауда тауарлы бекіре шаруа­шы­лығын дамытатын жобаны қолға алған еді. Алайда, бастапқыда тым тәуір қыз­ы­ғу­шылық тудырған оның құрыл­тай­шылары өзара үлесті бөлісуде келісімге келе алмады. Бұл жобаның іске асырыл­май, тоқтап қалуына әсер етті. Сонымен Бас Прокурор Қайрат Мә­мидің төрағалық етуімен өткен Жайық- Каспий бассейніндегі бекіре тұқымдас балықтарды сақтау және көбейту жұмысындағы заңдылықтың барысы туралы құқық қорғау және өкілетті мемлекеттік органдардың кеңейтілген кеңесі көп жәйттің басын ашып берді. Негізгі мән-жәй анықталды. Тамыры тереңге тартылып, жаппай ұйымдасқан қыл­мыстық сипатқа ие болған бра­ко­нерь­лік жойылмай мін түзелмейді. Жыл сайын заңсыз жолмен сыртқа 600 тонна балық, 10 тонна қара уылдырық әкетіледі екен. Бұл әзірге белгілісі ғана. Бұл брак­о­нерь­лік­тің жолын кесуде құқық қорғау, оның ішінде балық қорғау органдары қыз­метінің тиісті дәрежеде ұйым­дас­ты­рыл­мағ­анын көрсетеді. Өйткені, қылмыстық ортаға құқық қорғау және басқа да мемлекеттік органдардың теріс пиғылды қызметкерлерінің қатысы бар екендігі ашылды. Соған орай кеңестің қоры­ты­н­дысы бойынша бірқатар мемлекеттік ше­неу­ніктерді қызметтерінен босату туралы ұс­ыныстар қабылданды. Александр ТАСБОЛАТОВ, Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ, Атырау облысы.