• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
16 Мамыр, 2015

Непал апаттан көз ашпай тұр

270 рет
көрсетілді

Апаттан көз ашпай тұрған Непалда осы аптада тағы да бір жойқын жер сілкінісі болды. Бұл зілзаланың зардабы Үндістанның Бихар, Уттар-Прадеш, Батыс Бенгалия және Ассам штаттарына дейін жетті.

Магнитудасы 7,1 балға жеткен бұл зілзаланың эпицентрі Эверест тауына жақын орналасқан Намче-Базар елді мекеннің жа­нында болған. Үндістан метео­рологтарының дерегі бойынша, жерасты сілкіністері жергілікті уақыт бойынша 12.35-те басталып бірнеше минутқа созылған. Жер сілкінісінің нағыз кіндігі 10 шақырым тереңдікте орын алған.

Сәуір айынан бері күн сайын орын алатын зілзаладан зәрезап болған Катманду қала­сының тұрғындары құрылыс ғи­мараттарының жанына жақын­дамай, үнемі ашық аспан астында түнеп келеді. Солай бола тұрса да, жергілікті биліктің мәлімдеуінше, соңғы зілзаладан ондаған адам қаза болып, мыңдаған тұрғындар зардап шеккен. Бұдан бұрын «Диалог» агенттігі Непалда лай көшкіні басталуына байланысты жер сілкінісінен зардап шеккендерді іздестіру шаралары тоқтатылғанын мәлімдеген болатын. Соңғы жер сілкінісіне байланысты құтқару шаралары қайта жандандырылды. Тек бір тәуліктің ішінде құтқарушылар Лангтанг ұлттық паркінде орналасқан деревнядан 120 адамның мүрдесін тапқан. «Алайда, Лангтанг ұлттық паркі орналасқан маңайда жиі-жиі лай көшкіндері орын алуда. Сондықтан, құтқарушылардың жұмысын жалғастыруына ешбір мүмкіндік болмай тұр. Олар қазір жұмыстарын уақытша тоқтатуға мәжбүр», деп хабарлады жергілікті билік шенеунігі Гаутама Римал Рейтер агенттігіне.

Соңғы мәліметтер бойынша, Непалда болған зілзала зардаптарының құрбандары 8 мыңнан асып, 17576 адам әртүрлі жарақаттар алған.