9 мамыр – Жеңістің қызыл туы Рейхстагта желбіреп, фашистік Германияның күйреген күні. Содан бері арада қанша уақыт атқан оқтай, шапқан аттай зымырап өтсе де, жан жарасы ұмытылар емес. Аға ұрпақтың ерлік дәстүрлерін өскелең ұрпақ әркез қастерлейді.
Соның жақсы бір үлгісі жаңа жыл қарсаңында қанат қағып, жан-жақты қолдау тапқаны белгілі. Облыс, аудан, қала, ауыл басшылары соғыс ардагерлерінің үйлерінде болып, арнайы сыйлықты салтанатты түрде табыс еткендері мәлім. Өмір мен өлім белдескен сәтте небір ғаламат ерліктерімен көзге түсіп, ортақ Отанды қорғау жолындағы қаһармандық жорықтары мен қанды шайқастары қалай ұлықтаса да жарасады.
Облыста Мұқатай Айтбаев пен Василий Терейковский ақсақалдарды білмейтіндер кемде-кем. Екеуінің тағдыры ұқсас. Кіші офицерлер дайындайтын қысқаша курстан өткеннен кейін бірден алдыңғы майдан шебіне алынған. Еуропа елдерін жаудан азат ету операцияларына қатысып, жауынгерлік ерліктері үшін бірнеше орден-медальдармен марапатталған. Жеңіс күнін бірі Германияда, екіншісі Балтық жағалауында қарсы алған. Олардың бейбіт өмірдегі еңбек жолдары өрттен қорғау, азаматтық қорғаныс салаларында жалғасып, өз міндеттерін абыроймен атқара білді.
Биыл бірі 94 жасқа, енді бірі 90 жасқа толып отырған қариялар кәрілік дендеп, денсаулықтары сыр бергеніне қарамастан, көңілдерін көтеріңкі ұстауға ұмтылады. Осыдан үш айға жуық уақыт бұрын құттықтауға келген облыстық төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Әсет Ысмағұловты, өрт сөндіру және авариялық-құтқару қызметінің жетекшісі Серік Ғайсинді және ардагерлер кеңесінің өкілі Сағынбай Уәлиевті жылы шыраймен қарсы алып, әңгіме тиегін ағытқан еді. Өткен күндерден сыр шертіп, қарулы майдандастарын, от кешулерін еске түсірген болатын. Әжім торлаған жүздеріне бірде күлкі үйіріліп, бірде мұң торлап, небір қиындықтар мен тауқыметтерге төзе білген, төтеп берген жеңімпаз ұрпақтың болаттай берік, қайсар мінезі көз алдымызға келгендей болды сол сәтте.
Ғасырға жуық өмір кешсе де құлақтары түрік, көкіректері ояу. Тілеулері – ел үстінде, Отанның амандығы. Бүгінгі Қазақстанның жарасымды тірлігі мен ауызбірлікті ынтымағына қуанады. Аспанды соғыс бұлты торламағанына шүкіршілік айтады.
Кешегі майдангерлер, бүгінгі ардагерлер 9 мамыр күні №1 өрт сөндіру аумағында майдан палаткасы құрылатынын естіп, солдаттардың ботқасын жейтін болдық қой дегендей бір-біріне қарасып, жымыңдасып қалған еді.
Сол күнге де көп қалған жоқ.
Асқар ЫСМАҒҰЛОВ,
облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің кадр жұмысы бөлімінің бастығы.
ПЕТРОПАВЛ.