• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
31 Наурыз, 2015

Батысқа бет алған керуен

349 рет
көрсетілді

«Менің Қазақстаным» пойызы Батыс өңірін аралауды бастады

ХРОМТАУ. 29 наурызда «Менің Қазақ­станым» пойызы Ақтөбе облысының Хромтау қа­ласына келіп тоқтады. Вокзал басы ығы-жығы халық. Əдемі əуен əуелеп тұр. Бұл жерде де əдеттегідей жалынды сөздер айтылды. Ақжарылқап тілектер ақтарылды. Хромтау халқы атынан аудан əкімі Аязбай Османəлиев құттықтау сөз сөйлесе, пойыз «жолаушылары» атынан Ғазиз Телебаев өз ризашылығын білдірді. «Менің Қазақстаным» пойызы арнайы дайындалған жерлерде қоғамдық қабылдаулар өткізіп, онда тұрғындарға медициналық, əлеуметтік, құқықтық, сондай-ақ, ауылшаруашылық жəне кəсіпкерлік салалар бойынша консультативтік қызмет көрсетті. Бұл мəселелер бойынша 83 азамат қабылдауда болып, өздеріне тиісті қанағаттандырарлық жауап алды. Сондай-ақ, 200-ге тарта адамға дəрігерлік көмек көрсетілді. «Халыққа қызмет көрсету орталығы» РМК қызметкері Əлібек Есенқұлов өздерінің жұмысы туралы былай деді: «Бүгінгі күнге дейін алдымызға талай азаматтар өз сұрақтарымен келген болатын. Ал Хромтауда кеңес сұрап аудан əкімі Аязбай Османəлиевтің өзі келді. Ол өзі басқарған ауданда халыққа қызмет көрсету сапасын жақсарту үшін ХҚО-ға арналған интеграцияланған ақпараттық жүйе бағдарламасын орнату туралы ұсынысын айтты. Мен ол кісіге мониторинг бағдарламасын орнатуды ұсынып, ол үшін Инвестициялар жəне даму министрлігіне хат жазу керектігін түсіндірдім». Ə.Есенқұловтың айтуынша, бүгінгі күні ХҚО қызметіне мемлекеттік қызметтің тағы 35 түрі жоба ретінде қосы­лып отыр. Кешке Хромтау жұрт­шы­лығы Мəдениет үйінің алдындағы алаңда астаналық əншілердің концертін тамашалады. АҚСАЙ. Батыс Қазақстан об­лысындағы Бөрлі ауданының орта­лығы – Ақсай қаласына «Ме­нің Қазақстаным» пойызы діт­теген уақытынан сəл кеші­гің­кіреп жетті. Себебі, Хромтаудан шыққан жол Ресейдің Илецк стансасы арқылы өтетіні белгілі. Дегенмен, екі ел арасындағы шекарада ешқандай проблема бола қойған жоқ. Асығыс келген астаналықтарды Ақсай жұрты көтеріңкі көң­іл-күймен қарсы алды. – «Қара­шы­ғанақ кен орнымен аты əлемге əйгілі Ақжайық өңіріндегі өндірісті қала – Ақсай көптеген ұрпақ өкілдеріне мекен болған Бөрлі ауданының орталығы, – деді аудан əкімі Марат Түсіпқалиев. – Қазақстан халқы Ассам­блея­сының жылына арналған «Менің Қазақстаным» пойызының біздің өңірге арнайы бағдарламамен келуі біз үшін үлкен құрмет. Ел басшылығы əрдайым ұлтаралық татулықты сақтай отырып, ұлт пен ұлысқа бөлінбей, бірлігіміз жарасқан ел болуға шақырады. Көпұлтты еліміз сияқты, біздің ауданымыз да бірлігі мен ынтымағы жарасқан түрлі ұлт өкілдерінің достық мекеніне айналып отыр. Барлық салада еңбек етіп жүрген түрлі ұлт өкілдері аймағымыздың көркеюіне сүбелі үлес қосып келеді...». Бөрлі ауданының əкімінен кейін сөз алған шешендердің сөздері «Бірлік бар жерде тірлік бар, теңдік бар жерде елдік бар» деген даналыққа шақырғандай болды. Бөрлі ауданы туралы бірер сөз айтатын болсақ, үстіміздегі жылы 80 жылдығын тойлағалы отырған ауданның негізі 1935 жылы құрылыпты. 2012 жылы Қазақстан Үкіметінің қаулысымен Ақсай қаласы моноқалалар тізіміне енген. Мұның өзі қаланың əлеуметтік-экономикалық дамуына игі ықпалын тигізген. «Менің Қазақстаным» пойы­зы­ның Ақсай қаласындағы жұмы­сы сəтті басталып, сəтті аяқтал­ды. Осы күні «Менің елім – Мəңгі­лік Ел» сурет-кітап көрмесі ұйым­дас­тырылды. Қоғамдық келісім кеңесінің қабылдауында 35 адам болды. Құқықтық жəне əлеуметтік мəселелер, кəсіпкерлік жəне ауыл шаруашылығы мəселелері бойынша 53 адамға кеңес берілді. Дəрі­герлердің қабылдауында 135 адам болып, оларға тиісті медициналық жəрдем көрсетілді. Кешқұрым «Менің Қазақ­станым» пойызының əртістері Ақсай жұртшылығына үлкен кон­церттік бағдарлама ұсынды. Шарафаддин ƏМІРОВ, «Егемен Қазақстан». Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстары.