Өткен сенбіде Орталық сайлау комиссиясының отырысында Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауына шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың байқаушыларын аккредиттеу туралы қаулы қабылданды.
Халықаралық ұйымдар мен шетелдік байқаушыларды аккредиттеу жөніндегі қаулыны дауысқа салған отырыста Сыртқы істер министрлігінің ұсынуы бойынша 9 шет мемлекет пен 1 халықаралық ұйымнан 48 байқаушы ОСК тарапынан тіркелді. Олардың төртеуі – Норвегия Корольдігінен, үшеуі – Австрия Республикасы мен Сербия Республикасынан, Болгариядан және Литва Республикасынан екі-екіден, ал Ұлыбритания мен Солтүстік Ирландия Біріккен корольдігінен, Венгрия, Латвия, Словакиядан бір-бірден, сонымен қатар, 18 мемлекеттен ЕҚЫҰ/ДИАҚБ Миссиясының 30 байқаушысы аккредиттелді.
Отырыстан кейін болған брифингте ОСК мүшесі Марат Сәрсембаев журналистерге осы жолғы президенттік сайлауға мыңға жуық шетелдік байқаушы қатысатынын айтты.
«ЕҚЫҰ/ДИАҚБ Байқаушылары миссиясының басшысы Корнелия Йонкер кемінде 400 байқаушы жіберетіндігін айтып отыр. ТМД мисссиясы да өз байқаушыларының 400-ге жуықтайтындығын мәлімдеді», – деген Марат Сәрсембаев шетелдік байқаушылар тарапынан құжаттар келіп жатқанын жеткізді.
Ал 2015 жылғы 30 наурыздағы жағдай бойынша Ортсайлауком халықаралық ұйымдардың үш Миссиясы (ЕҚЫҰ/ДИАҚБ, ТМД және ШЫҰ) мен 19 шет мемлекеттен 236 байқаушыны аккредиттеді.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі 19 мемлекеттен бұқаралық ақпарат құралдарының 98 өкілін аккредиттеді.
Шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың байқаушыларын аккредиттеуді Ортсайлауком 2015 жылғы 20 сәуірге дейін жүргізеді.
Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».