АСТАНА. 16 мамыр. Сыртқы істер министрлігі Бостон лаңкестігіне қатысы бар деп айыпталған Қазақстан азаматтары – Диас Қадырбаев пен Азамат Тажаяқов жөнінде ресми ақпарат таратты. Бұл туралы tengrinews.kz хабарлады.
Аталған министрліктің хабарлауынша, отандастарымызға қатысты сот отырысы 2 және 5 маусымда өтеді. Айта кетейік, лаңкестікті ұйымдастырды деп айыпталған Джохар Царнаев өлім жазасына кесілді.
Ведомство таратқан хабарламада: «Сыртқы істер министрлігі Бостон алқабилер сотының Джохар Царнаевқа қатысты үкімінен хабардар. Жағдайдың әрі қарай қалай өрбитіні басты назарда болмақ. Еліміздің Нью-Йорктағы бас консулдығы айыпталушы Қазақстан азаматтарының ата-аналары және адвокаттарымен үнемі байланысып отыр. Сондай-ақ, барлық қажетті құқықтық көмекті көрсетуде», – делінген.
Естеріңізге сала кетейік, ағайынды Тамерлан және Джохар Царнаевтар 2013 жылдың сәуір айында дәстүрлі Бостон марафоны кезінде жарылыс ұйымдастырды. Нәтижесінде 3 адам қаза тауып, 264-і әртүрлі деңгейдегі жарақат алды. Ұстау операциясы кезінде Тамерлан Царнаев қаза тауып, Джохар қолға түсті.
Осы жылдың сәуір айында алқабилер соты ұзақ кеңестен кейін Джохар Царнаевты оған тағылған айыптардың 30 пункті бойынша айыпты деп тапты. Нәтижесінде оны өлім жазасына кесу туралы үкім шықты. Ал Қадырбаев пен Тажаяқовқа айғақ заттарды жойды деген айып тағылуда.
Еламан Қоңыр.
Дерек: tengrinews.kz.
Сурет: reuters.com.