АСТАНА. 16 мамыр. Кеше АҚШ президентінің резиденциясы – Ақ үйдің ресми сайтында Барак Обаманың 2014 жылғы табысы туралы есебі жарияланды. 9 беттен тұратын құжатта мемлекет басшысы мен оның отбасының қаржылық жағдайы 1,9 млн. доллардан 6,9 млн.-ға дейін бағаланған. Бұл туралы gazeta.ru хабарлады.
Аталған мәлімет президент пен оның отбасының жеке бағаулары және есептеулеріне сүйене отырып жасалған. Соған сәйкес Барак Обама өздерінің қаржылық жағдайын жариялады. Оның дәулетінің басым бөлігі елдің қаржы министрлігіне тиесілі борыш қағаздарына жұмсалған. Бұл қағаздарға 1 млн-нан 5 млн. долларға дейін салынған екен. Ал 250 мыңнан 500 мың долларға дейінгі қаржы өзге мерзімдерде өтелетін борыштық қағаздарға бөлінген.
Сонымен қатар, JP Morgan Chase банкіндегі президенттің есепшотында 50 мыңнан 100 мыңға, ал Northern Trust банкінде 15 мың долларға дейін ақшасы жатыр.
Одан бөлек, Мишель мен Барак Обаманың Vanguard зейнетақы жинақтау қорында 100 мыңнан 250 мың көлемінде қаржысы бар.
Ерлі-зайыпты Обамалардың өткен жылдағы кірісі 477 383 долларды құраған. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 3 715-ке кем. Федералдық салық ретінде президент пен бірінші ханым 93 мың доллар төлеген.
АҚШ президенті жыл сайын 400 мың доллар көлемінде жалақы алатынын айта кетейік.
Еламан Қоңыр.
Дерек: gazeta.ru.
Сурет: etoday.ru.