«Егемен Қазақстан» газетінде жарық көрген ғалым, академик ағамыз Төрегелді Шармановтың «Құндылықтар құлдырауы» атты мақаласы ой түбінде жатқан ұлттық шерімізді тереңінен қозғап, ақыл-ой айдынымызда сұрапыл толқын тудырды. Алты Алаштың аузы дуалы ақсақалы, академик ағасының айтарына алдымен ой қосып, ұлағатты ой қорытқандардың бірі – халқымыздың қалаулы тұлғасы Қуаныш Сұлтанов болды. Көрнекті қоғам қайраткері «Ұят туралы айту ұят болып барады» атты мақаласында ғалым ойын одан әрі жіліктеп таратып, ұлттық болмысымызға жат, ой-санамыздың өзегіне құрт түсіретін талай кесапаттың бетін ашып, елдігімізге елеулі кесірін тигізетін көптеген көріністерді терең талдап, көптеген кемшілікті көзімізге шұқып көрсетіп берді.
Қадірлі екі ағамның осындай ой толқынысы бекерден бекер айтылып отыр ма? Бұл қоғамдық дерттердің шарасынан асып, шегінен шығып кеткенін көрсетсе керек. Еліміздің ертеңі үшін алаңдайтын әрбір азамат «Егемен Қазақстанға» шыққан мақалалардың байыбына барып, ақыл-зердесіне салып, мұқият таразылауы тиіс.
Осы жерде менің де ой-санамда мынадай ойлар қылаң береді: біз осынау індетті қайдан жұқтырдық? Оның бастау көзі қайда? Және бұл індеттен құтылудың жолы бар ма? Меніңше, осы сауалдарға жауап іздеудің жолы – бірінші кезекте мына мәселелердің бетін ашып алғанымыз жөн. Біз, яғни қазақ қандай халықпыз? Мұның жауабы біреу – біздің халық, сөз жоқ, ықылым заманнан әділеттікті ту еткен, сан ғасырлық тарихында қалыптасқан шұрайлы тілі, таң ғажайып көркем салт-дәстүрлері мен өзіне ғана тән ұлттық құндылықтары бар дана халық. «Малым – жанымның садағасы, жаным – арымның садағасы» деген ұстаным ұлтымыздың ар-ұждан алдындағы асқақ рухани құндылығын паш етіп тұрғаны белгілі. Академик ғалым ағамызды толғандырып, қолына қалам алдырған да осынау баға жетпес құндылықтардың арзандап бара жатқандығы. Әрине, аталған мақалаларда айтылған ауыр сырқаттардың көбін тәуелсіздікпен байланыстыру қисынға келмейді. «Үш кез қалыңдықтағы мұз бір күнде қатпайды» дейді қытай даналығы. Мәселенің мәніне терең үңілсек, құндылықтар дағдарысының түп-тамыры әділетсіздікте жатыр. Ал әділетсіздік пен әлімжеттікті бізге отаршылдар өзімен бірге ала келіп, ғасырлар бойы біздің санамызға сыналап сіңіріп, ұлттық құндылықтарымызды саналы, жоспарлы түрде ойрандаумен айналысты. Арыға бармай-ақ, кешегі Абай заманындағы қазаққа берілген ең жоғары мансап болыс сайлауының өзі қиянат пен әділетсіздікке құрылды. «Болыс болдым мінеки, бар малымды шығындап. Түйеде қом, атта май, қалмады елге тығындап» – деуі сол дәуірдегі әділетсіз сайлау бәсекесінің айнытпай салған суреті болатын. Халқымыздың «жақсы менен жаманды айырмауға» бой алдыруы да «өз қолыңнан кеткен соң енді өз ырқың» деген қилы замандардың кесапаты болатын. Міне, осының бәрі келе-келе халықтың азғындауына, біртін-біртін тобырлық сананың төбе көрсетуіне жол бастады.
Ал қазақ халқы өз билігі өзінде болған азат заманда қалай еді? Өз басым ол заман дау жоқ: әлеуметтік әділеттілік салтанат құрған, «жарлысы мен байы тең», «бас кеспек болса да тіл кеспек жоқ , жесірін жылатпаған, жетімін қаңғытпаған, батыры майданда, би-шешендері мен ақын-жыраулары шаршы топта сыналатын асыл дәстүрін былай қойғанда, қаракөктің тұқымы хан-сұлтандарының өзі қан майданда өзін дәлелдеп, ел басқаруға мүмкіндік алатын. Қазақтың он екі ханы жат жұрттық жаулармен кескілескен соғыс даласында ел үшін шейт болуы мұның айқын дәлелі. Мұндай ерлік дастанын басқа елдердің тарихынан кездестіру қиын.
Менің бұл мысалдарды айтып отырған себебім, бодандық дәуірде бойымызға сіңген тобырлық дерттің сол қоздырғыштарымен аяусыз күрес ашуға тәуелсіздік алып, өз билігіміз өзімізге тигеннен кейін де қазақ элитасы дайын болмай шықты. Себебі, әділетсіздікке әбден бойымыз үйреніп, етіміз өліп кеткен. Тіпті, қазақ зиялыларының көбісі мақтануға құмар, арзан мақтауға да әбден машықтанған. Сондықтан да бүгінгі күні ақындарымыз шетінен «ұлы», қазақ поэзиясындағы ғажайып құбылыс деп саналса, жазушыларымыз шетінен «классик» болып алды. Олардың шығармашылығын шынайы жанашырлықпен талдап, кемшіліктерін ашып айтатын сын мақалалар жоқтың қасы.
Кеңестік дәуірде де тазалығын жоғалта қоймаған саланың бірі ғылым саласы еді. Сол жалғандықты көтермейтін, тек шындық пен тазалықтан ғана тұратын ғылымның өзі бүгінгі күні әбден лайланып бітті. Жасыратыны жоқ, ғылыми атақ-дәрежені саудаға айналдырып, кім көрінгенге жомарттық үлестірген де өз арамыздан шыққан қазақтың ғалымсымақтары болатын. Тәуелсіздік алғалы бері ғылым-білім саласы атсыз-атақсыз реформадан да көз ашпай келеді. Жоғары оқу орындарының санынан кісі жаңылады. Одан лайықты қорытынды жасап жатқан құзыретті билік иелерін өз басым кездестірген жоқпын. Арзан атақ дәреже ғылым-білім саласымен ғана шектелмейді екен. Бүгінде ол қоғамның барлық саласына тамыр жайып үлгерген. Тіпті, мықтап орнығып алған десе де болады. Мысалы, армия, полиция сияқты салаларда генералдардың санының көптігі кісі шошырлық. Тіпті, олардың біразы жап-жас жігіттер. Бейбіт заманда олар қандай ерен ерлігімен осындай атақ-дәрежеге жетті екен деп ойлайсың кейде. Халқымыздың қаһарман ұлы, қан майданды бастан өткерген батыр бабамыз Бауыржан Момышұлына генерал шені бұйырған жоқ. Біздің еліміздегі ең жоғарғы әскери атақ-шеннің осы генералдық дәрежемен тоқтағаны бір есептен дұрыс болған деп ойлаймын. Егер бізде маршалдық дәреже белгіленген болса, бейбіт күннің қаншама «маршалдары» қаптап шыққан болар ма еді?!.
Ал мемлекеттік қызметке уыздай жас, бүлдіршіндей бала саналатын жастардың тағайындала салуы үйреншікті көрініске айналды. Облыс әкімдігі мен министрлік лауазымдарға қонжия салатынына таңғалмайтын күнге жеттік. «Биік мансап – биік жартас. Қалықтап қыран да шығады. Өрмелеп жылан да шығады» деуші еді хакім Абай. Дарынды жастарды қалықтап ұшқан қыранға балайын десең, олардың арасында өзінің туған халықтың тілін үйренуге де ықылас-пейіл танытпайтындарын көргенде қарадай қарның ашады. Сайрап жатқан саналы еңбектің іздерін көріп жарытпайсың. Мемлекеттік қызметте әділетті бәсеке болмаған соң, оның шын мәнінде айтарлықтай тартымдылығы да жоқ. Бұл туралы Елбасымыз: «Көбіне-көп мемлекеттік қызметшілерде айқын мансаптық келешек жоқ, ал қызметте жоғарылау сол баяғы қамқоршыларға байланысты. Мен маңызды мемлекеттік бағдарламалар мен жобалардың түрлі деңгейлердегі жекелеген шенеуніктердің біліксіздігінен «зардап шегіп» жатқанын білемін» – деген еді. Елбасы сөзінің жаны бар. Кейбіреулердің қамқоршыларының арқасында өзі басқаратын салаға кездейсоқ келіп, қолы көтере алмайтын шоқпарды беліне байлап жүргенін көргенде, сол шіркіндерді шынымен аяйсың. Мемлекеттік қызметте сатылап өсу дәстүрінен жаңылып қалдық. Таяуда өткен «Нұр Отан» партиясының XVI съезінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев тап осы мәселені атап тұрып көрсетті. Жоғарыдағы көкелерінің жетектеуімен маңызды мемлекеттік қызметке жайғаса салу сыбайлас жемқорлықтың дендеуіне, әкімшілік жүйенің беделінің түсуіне, оның арты мемлекеттік билік сатыларының қадірсіз болуына әкеп соғуда. Еліміздің әкімшілік құрылымдарында кездейсоқ жүрген мұндай шен-шекпенділер жетерлік. Олардың зардабы тұтас қоғам мен қарапайым салық төлеушілерге тиіп отыр.
Осы тұста қазіргі жастарды басы артық кінәлай беруді өз басым құптамаймын. Біздің қазіргі жастарымыздан жан-жақты толысқан керемет ұрпақтар толқыны өсіп келеді. Мемлекеттің міндеті оларға шынайы, әділетті бәсекелік орта қалыптастыру болмақ. Бізде көптеген салада, әсіресе, жекеменшік секторларда нарықтық қатынастардың өз заңдары салтанат құрып, шынайы дарындыларға сұраныстың күн санап көбейіп келе жатқаны қуантады. Мұндай бәсекелестік қоғамның барлық саласына біртіндеп дендеп енген кезде бәрі де өзінің қалыпты арнасына қайтатын болады.
Аста-төк той-томалақтың өзі де, «бекер мал шашпақ та», жіліктің майлы басына иелік етіп, ұлан-асыр байлыққа жеңіл жолмен жеткендердің «өзінде бармен көзге ұрып» өзгеден артылуға тыраштанған даңғаза тірлігі ғана. Әділетті нарықтық бәсеке ондайларды да кешікпей өз орнына қоятын болады. Ал қолында жоқ бола тұра, әлгіндейлерге еліктеп, мақтан қуып жүргендер – Абайдың жиырма бірінші қара сөзінде айтылатын: «Надандығы толық, адамдығы әбден толық емес» жандардың санатынан. Біздің қоғам келешекте әділетті қоғамдық жүйені қалыптастырумен бірге санадағы жат пиғыл, жаман әдеттермен, әсіресе, надандықпен де аяусыз күресуге міндетті.
Кез келген билік қоғамдағы теріс әдет-пиғылдармен күресу үшін ең алдымен әділетті, қоғамның барлық мүшесіне бірдей тиімді қоғамдық жүйе қалыптастыруға күш салуы керек. Тиімсіз, белгілі бір топтардың мүддесіне ғана қызмет ететін жүйеде өмір сүретін адамдардың басым көпшілігінің қоғамда жолы болмай, тұмсығы тасқа тиіп, салы суға кетіп жүреді. Мұндайда әділетті қоғам ғана өмірдегі әділетсіздік пен теріс пиғылдарға табиғи тосқауыл және тежегіш бола алады. Салдары жеке адамдардың мүддесі мен жауапкершілігі толық үйлесім тапқан кемелді қоғамдық жүйе ғана билік жүйесіндегі көптеген қиын түйіндерді оңтайлы шешіп қана қоймай, әлеуметтік мәселелерді де сәтті шешіп бере алады. Сондықтан да біздің қоғамда ортақ құндылықтар айқындалып, соларға қай кезде де негізгі басымдық беріліп отыруы тиіс. Кешегі кеңестік жүйенің өзіндік бір артықшылықтары тап осындай құндылықтарға ойдағыдай орын беруінде болса керек. Немесе әлемде озық дамыған Еуропа елдерінің, болмаса мынау шығыстағы жапон мемлекетінің негізгі даму арқауы осындай ортақ құндылықтарға негізделген.
Біздің бәріміз Тәуелсіздікті ең басты құндылық санаймыз. Енді осыған мемлекетшілдік пен дәстүрлі ұлттық құндылықтарымызды қосып, азат елдің жарқын келбетін жасауды жүйелеу қажет. Сонда кез келген адам, кез келген азамат қоғамдық құндылықтардың не екенін білетін болады. Әркім өз басынан, жүрегінен сезінген жағдайда мемлекеттің жасампаздық, өміршеңдік сипаты алға шығады. Жеке бастың мүддесін күйттеу азаяды. Адалдық, әділдік, шыншылдық, тазалық, шынайы бәсекелестік бір күнде орныға салмайды; мұның бәрі Елбасымыз айтқандай: «Тәуелсіздікті ай сайын, апта сайын, сағат сайын, сәт сайын қорғап, күшейте беру керек» деген асыл мұраттарына азаматтардың жаппай қолдауы, қатысуы, араласуы, керек болса айқасуы арқылы қалыптасады. Отаршылдықтың зардабын лезде жеңе салмаймыз. Ол жеті басты айдаһар секілді бір басын кессеңіз, екінші басы қайта шығатын жалмауыздыққа негізделген. Тәуелсіз еліміздің жас буыны ең алдымен сүйек сіңді сол дерттерден бойын тазартуға ұмтылғаны жөн. Бұл үшін асыл мен жасықты айыра алатын дегдарлық қасиетті ояту, дамыту, қуаттау, қанаттандыру секілді іс-әрекеттерді өзіміз жасауымыз керек. Жаһандану деген жойдасыз нөпірдің ақпараттық тасқыны бір бүйірден қыспаққа алып тұрған қазіргі жағдайда жаңқа тәрізді қалтылдап, толқынның астында қалсақ, еңсе тіктеу қиынға түседі. Бүгінгі қазақ баласы, Ахмет Байтұрсынұлының тілімен айтқанда, өзге елдермен, шет мемлекеттермен жарысқа түсіп отыр. Санадағы мерездік сор болып жабысатын пәлекет. Құндылықтардың құнсыздануы сол әлемдік жарыста біздің шаң қауып қалуымызға бірден бір себеп болуы мүмкін. Елім, жерім, ұлтым деген асыл мұратты жастарымыз қазір қай кездегіден де сергек болуы шарт.
Тәуелсіздікті алу бар да, оны тұрлаулы ету деген тағы бар. «Үйлену оңай, үй болу қиын» деген нақыл сөзді тұспалдап қолданар болсақ, ел тәуелсіздігін баянды ету барған сайын оңайға түспейтініне көзіміз жетіп отыр. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің көрегендігі мен сарабдал саясаткерлігі арқылы осы кезге дейін мемлекетіміз бен ұлтымыздың басына төнген небір сын-қатердің алдын алып, сындарлы саясат жүргізіп келеді. Елдегі тыныштық пен тұрақтылықтың шынайы бағасы мен қадір-қасиетін терең сезіне білу маңызды. Бұл сөздер әбден жаттанды болып кеткендей көрінеді кейде. Тіпті, ұрынарға қара таппай жүретіндер айналада болып жатқан бүліншілік пен үркіншіліктің Қазақстанда да орын алуын ашық қалайтынын жасырмайды. Шын мәнісінде ойы олақ, қимылы шолақ ондай жандардың иегінің астындағыны да көрмейтін керенау кердеңдігін ел-жұрт біледі. Мемлекет басшысының қазақ қоғамын ілгері жылжыту, ізгілендіру, іргелі жолмен дамыту төңірегінде жасап жатқан орасан еңбегі елдік пен мемлекеттілікті нығайтуға бағытталғанын бәріміз көріп отырмыз.
Толғақты, түйткілді мәселелерді ортаға салған азаматтардың жанайқайына үн қосу арқылы мен де өзімнің осындай пайымдауымды назарға ұсындым. Қоғамдық құндылықтарға басымдық берілген кезде ғана әділетті жүйе орнығады. Сол себептен де ендігі таңда осы бағытта тізе біріктіріп әрекет жасаудың кезі келді деп білемін.
Мұрат БАҚТИЯРҰЛЫ,
сенатор.