• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
05 Наурыз, 2015

Артықшылығы – Қазақстанда жасалған!

717 рет
көрсетілді

«АгромашХолдинг» пен «СарыАрқаАвтоПром» зауыт­тары­ның өндіріс алаңында Қазақ­стандағы машина жасау ісі­нің кезекті бір салтанаты өткен­дей әсер қалды. Елбасы Нұрсұл­тан Назарбаевтың бастамасы­мен өмірге жолдама алған «Қазақ­станда жасалған» акциясы отандық өн­дірістегі өнімдерді қолдау және қарқынды дамытуды мұрат тұт­қан болатын. Акцияға республи­ка Ұлттық экономика вице-ми­нистрі Тимур Жақсылықов, Алма­ты қаласы әкімінің орынбасары Юрий Ильин, Инвестициялар жә­не даму министрлігі мен Қаржы ми­нистрлігінің, Алматы қаласы ішкі істер департаменті, Ақмола, Алматы және Қостанай облыстары әкімдіктерінің, сонымен қатар, ірі бизнес құрылымдарының өкілдері қатысты. «АгромашХолдинг» және «СарыАрқаАвтоПром» зауыт­тар­ындағы әлемдік брендтер Ssang Yong пен Toyoto жүрдек авто­мобильдері, IVEGO жүк машина­сы құрастырылып жатқан цехтар­ды аралап көрудің өзі туризм қы­зығынан кем емес. Тазалығынан шыбын тайып жығылатын цехтарда машина құрастырушылар зергерлердей жұмыс істеп жатыр. Зауыттар басшылары Алек­сей Сидоренко мен Андрей Лав­рентьев атшаптырым цехтарды қо­нақтарға аралата жүріп, толық өндірістік үдеріс, соның ішінде бәрі дерлік роботталған автомобиль шанағын дәнекерлеу және бояу, шанақ пен раманы жалғау үде­рісі, барлық кезеңдер мен әрбір желі жұмысының нәтижесі ретінде кәсіпорынның дайын өнімін акцияға қатысушылардың назарына ұсынды. Бүгінгі күні «АгромашХолдинг» пен «Сары­Арқа­АвтоПром» өндірістік алаң­дарында өндірілген автомо­биль­дердің барлық модельдер қатары 7 брендтің 43 үлгісін құрайды. Өндірістік көрмеде Астана­ның көлік инфра­құры­лымында қа­зірдің өзінде бел­сенді қолда­нылатын Iveco Citelis автобусын акция қонақтарына көрсетті. – Франциядан 358 автобус алуға келісімшарт болған еді, соның қазірдің өзінде 128-і алын­ды. Жылдың ортасына дейін қал­ғаны да жеткізіледі. Қалалықтар риза, өте қолайлы, іші кең автобус. Астанада ЭКСПО-2017 көрмесі өтетін уақытқа дейін ескі автобустардың барлығы да жаңартылады деген жоспарымыз бар. Дәл іргемізде осындай сапалы автобустар құрастырылып жатқанда, оның мүмкін боларына сенімдіміз, – дейді Астана қалалық кәсіпкерлік және өнер­кәсіп басқармасының басшысы Мәлике Бектұрова. «АгромашХолдинг» пен «Са­рыАрқаАвтоПром» зауыттарында өндірілген машиналар рахатын көріп отырған тек ас­таналықтар ғана емес, Алматы об­лысы Төтенше жағдайлар депар­таменті өткен жылы Қостанайдан IVEGO маркасымен шыққан өрт сөндіретін машинаның 24-ін бір-ақ алған. – Бұл машинаның бұрынғы өрт сөндіретін машиналарға қарағанда артықшылығы мол. Ең бастысы, мұнда өртке шашатын 3 тонна су мен үйлердің 5-ші қабатына дейін жететін автосаты бір машинада орналастырылған. Ал бұрын суды бір машина, автосатыны екінші машина тасып жүретін еді, – дейді Алматы об­лыс­тық төтенше жағдайлар де­пар­таменті өрт сөндіру және авариялық жұмыстар қыз­меті мемлекеттік мекемесі басты­ғы­ның орынбасары Данияр Ысқа­қов. Жиналғандарға зауыт ауласында өртенген машинаны сөндіру жұмысы да көрсетілді. IVEGO жүк машинасы негі­зінде «АгромашХолдинг», «Сары­АрқаАвтоПром» зауыттарының өндіріс алаңынан бензин, қоқыс, цемент таситын машиналар, «Жедел жәрдем» машинасы құрастырылып жатыр. Олардың құрастыру үдерісінің 30-38 пайы­зы қазақстандық мазмұнға ие. Тіпті, «Жедел жәрдем», анығырақ айтсақ реанимобиль машинасын жасағанда қазақстандық мазмұн 70 пайызды құрайды. Бұл да өз еліміздің денсаулық сақтау саласына өте қажетті заманауи жабдықтың біріне айналған. «Қазақстанда жасалған» деген маркамен автомобильдер көрмесінде болған ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Тимур Жақсылықов оның соңғы келіп кеткен уақыттан бері зауытта болған үлкен өзгерістерге таң қалғанын жасырған жоқ. – Мен зауытта 5 жыл бұрын болғанмын. Сол кезде мұнда автомобильдер тек ірі торап әдісі бойынша ғана құрастырылған. Ал бүгін бүкіл ел мұндай өндірістің ауқымдылығын, осындай зауыт жабдығын, жаңа өндіріс деңгейін меңгеріп алған мамандарға риза боласың. Олар құрастырып жатқан мінсіз автомобильдерді «Қазақстанда жасалған» деп мақтана айтамыз, – деді Тимур Жақсылықов. Сонымен қатар, Экономика вице-министрі машина өндірісіндегі қазақстандық мазмұнға жоғары баға берді. – Қазақстандық мазмұн дегеніміз, ол құрастырылған ма­шинаның өзіндік құнының едәуір бөлігі өзіміздің инженерлердің, жұмысшылардың, жоба­лау­шылардың еңбегінен тұрады деген сөз. Қостанайлық машина жасаушылар оның көлемін бірте-бірте ұлғайтып келеді. Бұл дегеніміз – Қазақстанда қала­тын қаржы, жұмыс орны, жалпы тұрғындардың әлеуметтік жағ­дайының көтерілуі, еңбекақы деген сөз. Бұл акцияны өткізу себе­біміз қазақстандық индус­трияның мүмкіндігі мен бола­шағын паш ету болатын, – деді Тимур Жақсылықов. Акцияға қатысушылар зауыт ауласындағы жаңа ауыл шаруашылығы техникаларының көрмесін де тамашалады. Астық жинайтын комбайндарға сұраным жоғары. Олардың 44 пайызы сатылды. Қаржы-экономикалық дағ­дарыс дүниені шырмағанымен қа­зақстандық өндіріс қадамы кібіртіктемейді. Мемлекет отандық өндірушілерге қолдау білдіріп отыр. Жақында машина жасау өндірісі үшін 20 миллиард теңге бөлінетіні жөнінде шешім қабылданды. Оның 5 миллиард теңгесі лизинг бағдарламасы үшін жұмсалса, қалған 15 миллиард теңге тұтынушылар сұранысын қолдайтын болады. AllurGroup автомобиль ком­паниясының президенті, «Агро­машХолдинг» директорлар кеңесінің мүшесі Андрей Лав­рентьев Қазақстандағы өнім өндірушілерді қолдау мемле­кеттік бағдарламалары өндірісті кеңейтуге және тұтынушылар үшін бағаны да төмендетуге мүмкіндік жасайтынын айтты. – Елбасы еліміздегі барлық өндірісшілерге өзіндік құнды төмендетуге, сол арқылы бағаны кемітуге шақырған болатын. Оған біз автомобильшілер тек қазақстандық мазмұнды ұлғайту арқылы қол жеткізетін боламыз. Мысалы, қазір қазақстандық мазмұн 40 пайыздың үстінде. Алдағы 3-4 жылда ол 50 пайыздан асатын болады. Міне, осылай болғанда баға да арзандайды, табыс та молаяды, – деді Андрей Лаврентьев. «Нұрлы Жол» Жаңа Эко­но­микалық Саясат шеңберінде қазақстандықтарға отандық өнімді дәріптеу «Қазақстанда жа­­салған» акциясы осылай бас­тау алды. Өз елімізде жасалған өнім­ді өзіміз тұтынамыз. «Өз маңдай теріңмен тапқан нан дәмді» дейді халқымыз. Қазақ­станда жасалған машина да өзгенікінен кем емес, қайта артық. Себебі, ол Қазақстанда жасалған! Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, «Егемен Қазақстан». ҚОСТАНАЙ.
Соңғы жаңалықтар