• RUB:
    5.06
  • USD:
    508.05
  • EUR:
    534.82
Басты сайтқа өту
19 Шілде, 2010

ӨРЕЛІ ЕЛДІҢ ӨРКЕНИЕТТІ ЖОЛЫ

684 рет
көрсетілді

Әлем және Қазақстан Швейцарияда өтетін Парла­мент­тер спикерлерінің 3-ші Бүкіл­әлемдік конференциясына қатысу үшін Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев бастаған: құрамын­да мәжіліс депутаты Бағила Бай­мағанбетова мен сенатор Орынбай Рахманбердиев бар қазақстандық делегация сенбі күні кешкісін Женева қаласына ұшып келді. Аталған шараның мұнда өтуі тегін емес. Өйткені, бұл қала Швейца­рияның екінші астанасы саналады. Ұшақтан төменге көз салсаңыз, айнала таулар мен өңделген жазық­тарды және ағып жатқан өзендерді көзіңіз шалады. Негізінен елдің француздар көп шоғырланған бө­лі­гіндегі әкімшіліктік орталығы са­налатын Женева кантоны Швей­ца­рияның ірі қаласы. Шаһар Рона өзенінің Женева көліне құяр саға­сында орналасқан. Ағысы қатты жерден тып-тынық көлге қарай се­руендететін көптеген шағын кеме­лер мен қайықтар жағажайдан елді мінгізіп алып, жағалау бойымен жайлап жылжиды да отырады. Жек­сенбі күні барлық сауда орын­дары жабық болатындықтан, қала тұрғындарының көпшілігі осында келуді ұнатады екен. Швейцария­лық­тар тарапынан Леман аталып кеткен Женева көлінің ұзындығы 72 шақырымға созылса, ені 13 ша­қырымға жайылып жатыр. Су қой­масының орталығына таман қалаға ерекше көрік беретін “Же До” бұрқағы суды 145 метр биіктікке атқылайды. Жағажайда саябақтар, кафелер мен ресторандар көпші­лік­ті құшақ жая қарсы алуда. Мөлдір де таза суы, шағала, үйрек және аққу сияқты құстары бар өзеннің жағасында жүру шынымен де жанға жақсы әсер қалдырары айтпаса да түсінікті. Өзінің сауда және өнеркәсіп орындарымен белгілі бұл қалада бірқатар халықаралық ұйымдар орын тепкен. Атап айтқанда, мұнда Біріккен Ұлттар Ұйымының бөлім­шесі, сондай-ақ Бүкіләлемдік ден­сау­лық сақтау ұйымының, Халық­ара­лық еңбек ұйымы, Бүкіләлемдік сауда ұйымы, Бүкіләлемдік метео­ро­логия ұйымы, Халықаралық элек­тробайланыс ұйымы, Бүкіл­әлем­дік интеллектуалды меншік ұйы­мы, Парламентаралық одақ, Халықаралық Қызыл Крест, Женева ассоциациясы және өзге де құрылымдардың штаб-пәтерлері орналасқан. Тарихқа жүгінсек бірінші дүниежүзілік соғыстан кейін Женевада халықтар арасын­дағы ынтымақтастықты және бей­бітшілік пен қауіпсіздікті сақтауға тиіс Ұлттар Лигасы құрылғаны белгілі. Алайда ол өзін ақтамаған­дықтан екінші дүниежүзілік соғыс аяқталысымен 1946 жылы БҰҰ құрамына өткені бар. Кельттердің байырғы тұрғылық­ты жері саналатын бұл өңір Рим империясының, одан қалса франк­тер мен бургундардың қол астында болды. Біздің дәуірімізге дейінгі І ғасырда атақты Юлий Цезарь бұл шаһарды “цивитас” – аумақтың бас­ты қаласы деп атаған екен. 379 жылы қазіргі елді мекен орны ал­ғашқы эпископтың резиденциясы болса, бургундардың жаулап алуы­нан кейін Женева – Бургун корол­дігінің астанасы болып табылды. Ал 534 жылы бұл қала франктердің қол астына өткенімен, 1032 жылы ол Германияның шебінде қалып қойды. ХІV ғасырдың аяғы мен XV ғасырдың басында Женева өзінің сауда орындарымен әйгілі еді. Мұн­да Италия, Франция, Герма­ния­дан көптеген саудагерлер ағы­лып келе бастады. Сонымен қатар шаһар өзінің несие-банктік опе­ра­цияларды сәтті жасайтын орталық­қа айналды. Қазіргі күнге дейін әлемнің көптеген дамыған елдері, тіпті ТМД елдерінің біразы өз қар­жыларын осындағы құнды қағаз­дарға салып келеді. Бұл олардың қаржыларының құпия сақталуына және өзге елдерге инвестиция ретінде құйылуына орай құнының жойылмауына мүмкіндік туғызып отыр. Мәселен, тұрғылықты халқы 2,5 мыңнан аспайтын Лугано қалашығында 300 банк, капитал салу жөніндегі агенттіктер мен қаржы қоғамдары бар көрінеді. Женева сондай-ақ әйгілі көлік жолдары тораптарымен, өзен бой­ын­дағы порттарымен және атақты Куантран әуежайымен көпшілікке аян. Мұнда өнеркәсіп өте мықты дамыған. Нақты механика, зергер­лік бұйымдар, станок пен электро­техникаларды жасау жақсы жолға қойылған. Бір кездері католиктік ел­дерден протестант мигрант­тар­дың осында ағылып келуімен зер­гер­лік бұйымдар мен сағат жасау ісі қатты қарқын алған екен. 1574 жылы мұнда 16 шебер тер төксе, уа­қыт өте келе олардың саны 6 мың­ға жетіпті. “Patek Phіlіppe” сағат жасау фирмасының негізін салған А.Филипп өзінің әріптесі А.Патекпен әлемде бірінші болып қалта сағаттарын жасап шығарғаны тарихтан мәлім. Қазір Женевада сағат мұражайы жұмыс істеп, келу­ші­лердің тамашалайтын сүйікті ор­нына айналған. Мұнда әртүрлі ха­лықаралық конференциялар мен форумдар өткізіліп тұрады. Осы ретте тағы бір айта кетерлігі, 100 метр тереңдікте зарядталған бөл­шек­терді үдететін андронды кол­лай­дердің басқару орталығы біз сөз етіп отырған қалада орын тепкен. Сол сияқты Ядролық зерттеулер жөніндегі еуропалық ұйым 1954 жылы құрылғанынан бастап осын­да өз жұмысын жүргізіп келе жатыр. Бұл қаланың жалпы жағдайы. Енді ел туралы айтайық. Швей­ца­рия жалпы аумағы 41290 шаршы километрді алып жатыр. Тұрғы­лық­ты халық саны 7554600 адамды құрайды. Француз, неміс және итальян тілдері ресми тілдер болып саналады. Жергілікті тұрғындар­дың 64 пайызы немістер болса, 19-ы француздар, итальяндықтар – 8, югославтар – 3, испандықтар – 2, ретомандар – 1 және 3 пайызы өзге ұлттар болып келеді. Хрис­тиан­дық дінді ұстанатын елде като­ликтер 46 пайыз болса, про­тес­танттардың қатары 40 пайызға жетеді екен. Швейцария федеративтік ел саналады. Оның құрамында 23 кантон бар. Соның ең бастылары­ның бірі осы Женева. Еуропаның орталығындағы бұл елде ешқандай қазба байлық болмаса да ол бай мемлекет ретінде әйгілі. Ішкі жал­пы өнім әрбір швейцариялықтың басына шаққанда 34 мың АҚШ долларынан келеді екен. Мұнша­лық­ты қаржы көзі химикаттар өндіру, электроқұрал-жабдықтары мен түрлі көрсету құралдары – сағаттар шығару, мәшине жасау сияқты өндірісті дамытудың арқа­сында келіп отыр. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы саласында да жетістікке жетіп, сүт фермаларын­да ірі қара мал мол өнім беріп келеді. Швейцариялық ірімшіктер әлемнің көптеген елдеріне экс­порт­қа шығарылуда. Бұдан басқа мұнда туризм маңызды рөл атқара­ды. Швейцариялық банктердің әлемнің түкпір-түкпірінен инвести­цияларды тартудағы белсенділігі өз алдына бір әңгіме. Міне, осындай жетістіктері бар елмен Қазақстан­ның соңғы кезде қарым-қатынасы жақ­сы жолға қойылып келеді. Оған мына төмендегі деректер дәлел. 1992 жылдың 1 шілдесінен бас­тап еліміз Швейцария конфедера­ция­сымен дипломатиялық қаты­нас­тар орнатты. Араға бір жыл са­лып осы елдің Консулдығы ашыл­са, ол 1999 жылы Бас консулдық болып қайта құрылымдалды. Ал 1994 жылы Алматы қаласында Швейцария Конфедерациясының Құрметті консулдығы өмірге келді. Тиісінше 1996 жылдан бастап Қа­зақстанның Бернде елшілік қыз­меті жұмыс істей бастады. Соңғы жылдары Швейцария Қазақстанға және Орталық Азия аймағына ерекше ықылас танытып келеді. Елдер арасында саяси, экономи­ка­лық және мәдени үнқатысулар кеңи түсті. Өйткені, Швейцария өзінің дамуы жолымен елімізді қызықтыруда. Оның үстіне бұл ел Қазақстанның ЕҚЫҰ төрағалы­ғына кандидатурасын қолдап, БСҰ-ға мүшелікке қабылдану ту­ра­лы мәселені жылжыту үшін өз ық­палын тигізіп отыр. Екі ел ын­тымақтастығындағы негізгі қадам­дар мен басымдықтар Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев пен 1996 мен 1998 жылдарғы Швейцария президенттері П.Деламюр және Ф.Коттимен, сондай-ақ 2003 жыл­дан бергі П.Кушпенмен кездесу­лері мен келісімдері шеңберінде айқындалды. 2003 жылы Прези­дент Н.Назарбаевтың Швейцария Конфедерациясына бірінші ресми сапары болып өтті. Еліміз Швейцария үшін Орта­лық Азия аймағындағы стратегия­лық әріптес болып табылады. Шикізат қоры мол, тұрақты даму жолына түскен мемлекетпен ын­тымақтастықты арттыру өркениетті Швейцария үшін де тиімді саналады. 2005 жылы “Швейцария – Қазақстан” ассоциациясының ашылуы қызығушылық танытқан швейцариялық компаниялардың Қазақстанға инвестиция салуына өзіндік үлес қосып келеді.