Головкин темір Тайсонды тағынан тайдырды
Өткен жексенбі күні таңертең қазақстандық кәсіпқой боксшы АҚШ-та өзінің 33-ші жекпе-жегін өткізіп, тағы да мерзімінен бұрын жеңіске жетті. Ол бұл жолы америкалық былғары қолғап шебері кіші Вилли Монромен WBA (Super), IBO және WBC (Interim) нұсқалары бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы атағы үшін шайқасты 6-раундта аяқтады. Біздің бағлан осы арқылы атақты Майк Тайсонның тағы бір рекордына өзгеріс енгізді.
Жекпе-жек Американың Калифорния штатындағы Инглвуд қаласының «Форум» спорт аренасында өтті. Геннадий Головкин әдеттегідей ұрыстың басынан алға ұмтылып, қауырт шабуылға көшті. Ол айқастың басында-ақ Монроны теңселтіп жіберетіндей бірнеше жойқын соққылар беріп тастады. Ал екінші раундта біздің жерлесіміз қарсыласын тіпті екі рет нокдаунға да жөнелтіп үлгерді. Бірақ америкалық боксшы гонг соғылғанға дейін орнынан тұрып кетті. Үшінші раундта Геннадийдің ептеп қарқыны басылып қалғандай болып көрінді. Мұны осы кезге дейін біраз есесі кетіп қалған Вилли жақсы пайдаланды. Оның осы бөліктегі бірнеше қарсы шабуылы сәтті шықты. Бұдан кейінгі төртінші және бесінші раундтар да осындай сипатпен өтті. Осы тұстарда қазақстандық жанкүйерлердің көңілдері ептеп қобалжығандай да болды. Гена қарсыласына бірнеше рет ауыр соққы бергенімен, бәсекелесінің қарымта жұдырық сілтеуіне де жол беріп қойды. Серік ПІРНАЗАР, «Егемен Қазақстан».