Адамзат баласына алапат ажал әкелген соғыстың ақыры біз үшін Ұлы Жеңіспен аяқталғанына да жетпіс жыл уақыт өтіп кетіпті. Қырық жылғы қырғыннан өткен, әділет, намыс үшін жанын қиюға даяр болған аға буын өкілдерінің бірі – Айыртау ауданы, Сырымбет елінің тумасы Жанғали Құлышұлы еді. Көзі қарақты адамға бұл елдің өзі біраз жайлардан хабар беруі тиіс, бұл кісі әйгілі хан-төре тұқымынан, нақтылай айтсақ, әкесі Құлыш – Шоқан Уәлихановтың тетелес інісі Жақыптың бел баласы болатын. Хан-төре тұқымы дегенді біз қазір көтеріңкі леппен, мақтанышпен айта аламыз, ал кеңестік идеология тұсында хан-сұлтандардың өздері де қараланып, ұрпақтары да жазықсыз қудалауға ұшырағаны белгілі. Жанғали ақсақал да өз заманымен бірге барлық тауқыметті басынан кешсе де, қан майданда Отан үшін жанқиярлық асулардан өтіп, бейбіт күнде де белсенділік танытқанымен, басынан қиқу кетпей, хан тұқымы деп қисынсыз қудалаудан бертінге дейін көз ашпады. Өмір күрес дейміз ғой, дегенмен, соғыстан жаралы қайтқан Жанғали ақсақалға бәрінен де жан жарасы ауырырақ болды. Қазақ Ордасының мерейін асқақтатуға, абыройын үстем етуге қызмет еткен ата-бабаларының қасиетті есімдеріне қасақана кір жұқтырылды, онымен қоймай кеңестік қоғамға белсене, адал қызмет ете тұра, ұрпақтары шексіз қиянат көрді. Әрине, Жанғали ақсақал мұның империялық қитұрқы саясат ызғары екенін жақсы ұқты. Сондықтан да іштен тынды, болашақта әділет туы көкте желбірейтініне иманындай кәміл сенді. Осыны жақсы сезінгендіктен де ұрпақтарына, бала-немерелеріне ата-бабаларының ел үшін атқарған еңбегін, көрсеткен ерлігін, қадір-қасиеттерін құлақтарына сіңіре берді. Керей, Жәнібек, Есім, Қасым, Абылай, Кенесары есімдерін мақтаныш тұтып өсулеріне ықпал етті. Жанғали ақсақал өзі туралы жазған мақалаларының бірінде былай дейді: «...Аға сұлтан Шыңғыстың немересін хан тұқымынан деп 1930 жылы «қара тізімге» тіркеп, кулак етіп соттап, Қостанай облысындағы Жетіқараға жер аударды. Ол кездегі заң бойынша, кәмпескеге жатпаса да небәрі екі сиыр, бір ат, 5-6 қой-ешкімен қоса, дүние-мүлік тартып алынды. Қараңғы, білімсіз қалдыру мақсатында сегіз жасар мені «кулактың баласы» деп қуып шықты. Асыра сілтеушілер, шолақ белсенділер бай-молда, кулактардың, хан ұрпақтарының тамырына балта шабу, құрту ұранын тастады...».
Міне, ызғар шашып тұрған осы сөздердің өзінен-ақ біздің кейіпкеріміздің қаншалықты ауыр азап өткелінен өткенін сабақтауға болады.
Сөйтіп, Жәкең кәрі әке-шешесімен бірге айдалып кете барған. Оларды аяған үлкен ағасы Құлышұлы Хайролла 1932 жылғы халық басына төнген аштық апатынан құтқару үшін Жетіқарадан ұрлап алып қашып, Ресей асырып, Түмен, Омбы облыстарында паналатып, асырап-сақтаған екен. Бұл айтуға ғана жеңіл қиямет-қайым жылдар еді. Ақыры мұнда да бұл адамдардың «халық жауы» екендігі белгілі болып, амалсыз ОГПУ қызметкерлерінен қашып, Степняк қаласына келіп, уақытша тасалаған. Бірақ, мұнда да көп уақыт аялдау мүмкін болмаған. Басынан бұлт арылмаған бейбақтар 1935 жылдың күзінде көз көріп, құлақ естімейтін жаққа кетуді көздеп, осы кезде жаңа салынып жатқан Балқаш мыс қорыту комбинатына – «Прибалхашстройға» тауар салынған қызыл вагонға жанталасып ілігіп, ол мекенге бейнетпен жеткен екен. Әйтеуір, бұқпантайлап, жария болмауға тырысып жүріп, 1937-1938 жылдардың нәубетінен аман-есен өтіпті. Құдай сақтағанда, бұлардың түп-тегінен ол жақта ешкім күдіктене қоймапты.
1939 жылы халықтың тыныштығын алған дүрбелең басыла бастағанда, ағайынды Хайролла, Жанғали Қарағанды төңірегіне келіп орналасады. Ағасы Хайролла мектепке директор болса, Жанғали орта мектепті бітіріп, Қарағанды қаласының екі жылдық мұғалімдер институтына түседі. 1941 жылы соғыс басталғанда Жанғали ақсақал өздеріне жағылған қара күйеден арылудың сәті түскенін сезініп, өз еркімен майданға сұранады. Ағасы Хайролла да әке-шешесін Айыртау ауданы, «Қосқөл» колхозына көшіріп, 1942 жылы майданға аттанады. Хайрекең соғыстан аман-есен келіп, 1984 жылы 82 жасында қайтыс болған. Марат деген баласы механизатор болып еңбек етті, бұл күндері зейнеткерлік демалыста. Екінші ұлы – Сапарғали Жезқазған, Көкшетау қалаларында облыстық тубдиспансерде бас дәрігер болды. Бұл күндері зейнеткер ағамыз бала-шағаларының ортасында бақытты ғұмыр кешуде.
Жанғали ақсақал 1941-1944 жылдар аралығында Ворошиловград, Краснодон, Сталинград, Святогорск, Морозовск, Запорожье, Днепропетровск, т.б. қалаларды неміс-фашист басқыншыларынан азат ету соғыстарына қатысып, үш рет ауыр жаралынып, бір жолы контузия алады. Осында көрсеткен ерліктері үшін оннан астам орден, медальдарды иеленген.
1944 жылы ақпан айында Кривой Рог қаласы үшін қырғын соғыста ауыр жараланып, госпитальға түсіпті. Кейін көрер қызығына Алланың бұйрық еткені болар, осы госпитальға ауыр жарақатымен түскен жаралы жауынгерлер комиссияланып, еліне қайтарылып жатқанда, Жанғали Құлышұлы да осы қатарға енгізілген екен. Сөйтіп, 1944 жылы сәуір айында екінші топтағы мүгедек есебінде елге қайтады. Сол жылдың тамыз айынан 1989 жылғы қазан айына дейін Айыртау ауданы, Қаратал орта мектебінде 45 жыл бойы табан аудармастан орыс тілінен сабақ берген. Сонымен бірге, қоғамдық жұмыстарды да қатар алып жүрген, оқу-тәрбие жұмыстарын басқарған, бастауыш партия ұйымының хатшысы болып қызмет атқарған. Еңбегі де елеусіз қалған жоқ. Ол «Қазақ КСР оқу ісінің озаты» төсбелгісінің иегері, алған алғыс-марапат қағаздары жетерлік. Ел-жұртының ортасында үлкен абыройға бөленеді.
1944 жылы «Қоскөл» колхозының есепшісі әрі парторгі болып еңбек етіп жүрген Күлжиян Жәркенқызымен отбасын құрған. Бақытты шаңырақ бес бала сүйіп, екеулеп тәрбиелеп, олардан он бір немере көрген, тіпті, шөберелерін көріп, зор бақытқа бөленді. Үлкен қыздары Жеміс ұзақ жылдар Қарағанды мемлекеттік университетінде абыройлы қызмет атқарып келеді. Ал үлкен ұлы Мұрат Алматы теміржолы жолаушылар пойызының бастығы болып еңбек етті. Өкінішке қарай, 2011 жылы мейірімсіз ажал арамыздан алып кетті. Екінші ұлы Самат Айыртау ауданында салық инспекциясы бастығының орынбасары болды, қаржы саласында аудандық, облыстық мекемелерде абыройлы қызмет атқарған. Қазір мұнай саласында жұмыс атқаруда.
Қызы Тұрсын Шортандыда тұрады, жарымен бірге бақытты отбасын құрып, балаларын тәрбиелеп отыр.
Өмір болғаннан кейін, барлығы біртегіс бола бермейді, бұралаң соқпақты, ауыртпалықты жолдары болады. Бұл отбасының еркесі, Жәкең ақсақалдың сүйікті кенже қызы Бақытгүл еді, өкінішке қарай, балалары Алуа мен Фараби өсіп, ержетіп келеді деп армандап жүргенде жазылмас дертке ұшырады. Отбасының бар ауыртпалығын жары Ш.Уәлиханов атындағы университеттің тәрбие ісі жөніндегі проректоры Аманай Сейтқасымов көтерді.
Біз Жанғали атайдың қызы Бақытгүл мен күйеу баласы Аманайдың қолында қалған жеке мұрағат материалдарымен танысып шыққан едік. Бабалар жолына адал жан хан-сұлтандар туралы әртүрлі деректерді, әсіресе, кеңестік идеологияның Шыңғыс хан ұрпағына барынша баттастырып күйе жағуға тырысқан материалдардың тігіндісін жинақтап отырыпты. Әсіресе, «Правда», «Известия» сияқты сол кездегі орталық басылымдарда, өзіміздің қазақстандық газеттерде жарияланған Абылай хан мен Кенесары хандар туралы деректерді жинақтаған екен. Өз ата-бабалары туралы ащы әрі әділетсіз айтылған пікірлердің астын сызып отырған. Осыған қарап, іштей сан қилы ой түйгендейміз. Жанғали ақсақал түбі бұл залым саясаттың алысқа бармайтынын, әділет, шындық көп ұзамай салтанат құратынын сезген тәрізді. Әлгіндей қисынсыз жала жабулардың астын сызып отырғанына қарағанда, өзі де сол күндерді аңсап күткен сияқты, осы әділетсіздіктерді маңдайларына соғып отырып айтармын-ау деп өзін-өзі іштей дайындаған, қайраған сияқты. Ел аман тұрса, игілікті істердің жалғаса беретініне де күмән келтірмейміз. Әсіресе, кеңес дәуірінде көп қараланған Абылай хан мен Кенесары хандай ардақты тұлғаларымыз ұлттық қаһарман тұғырларына көтерілді. Жәкең мұны көрмесе де аруағы сезіп, аунап түсіп жатқан болар. Ең бастысы, ол кісі сенген болашақтың бар болғаны, өнегелі ата-бабалардың ізі өшпей, ұрпағына жарқырай танылып жатқаны деп ұғамыз.
Дәулет ОСПАНОВ,
Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік
университетінің аға оқытушысы.
КӨКШЕТАУ.