• RUB:
    5.43
  • USD:
    472.62
  • EUR:
    513.22
Басты сайтқа өту
19 Шілде, 2010

НҰР ТАРАТҚАН НАР ТҰЛҒА

583 рет
көрсетілді

Мемлекеттік ма­ңызды мәселелерді, үлкен қала­лар­дың еңсесін көтеруді қатар назарда ұстаған Президент өңірлердегі жағ­дай­ды еш уақытта ұмыт қалдырмады. Қол­даумен қатар қатаң талаптар қой­ды. Бүгінде өркениетті ел­дер бағы­тына қарай қадам басып, даму қар­қынын қамшылай түскен Қа­зақ­стан­ды, сарабдал саясатымен күл­лі дүниенің назарын аударған Ел­басы Н.Назар­баевты білмейтін­дер кемде-кем. Биылдың өзінде өзге мемлекеттерде біз­дің Прези­дентке арналып ес­керт­кіш орна­тылды, кө­шеге, мектепке аты берілді, тағы-тағы ыстық ықы­лас­тар көрсетіліп жатыр. Қазақ елінің маңдайына бақ болып біткен төл перзентін бас­қа­лар төбесіне кө­теріп, қадірлеп жат­қанда, көш­бас­шы­мыздың игі бас­та­маларын қол­дап-қуаттап, жұ­мыл­ған жұ­дырықтай бірлігімізді та­ныта біл­месек, елдігімізге, ер үстінде жүр­­ген азаматтығымызға сын емес пе? Үлкен мемлекеттің тізгінін бұл­тақ­татпай мығым ұстап, қиын мәселелерді көрегендікпен қиыстыра шешіп отырған Мемлекет бас­шы­сы­ның батылдығы мен байқампаздығы  сүйсіндіреді. Елбасы тапсырған мін­деттерді маңдай терімді төге жү­ріп, көппен бірге жүзеге асыруға ба­рымды саламын. Басшы болу бас­қа­дан бөлектену, биік мансапқа қол жет­кізу емес, керісінше, қара­па­йым ха­лықпен етене жақындасу, мұ­ңын тың­дап, сырын ұғу, сынын қа­был­дау. Ел тағдырына араласып, атқа мінген саналы ғұмырымда ел басқару жайлы оңды пікір қалыптастырсам, ілгері батыл қадам жасауға үйренсем, мұның барлығы Елбасымыздың ұла­ғатты өмір жолынан сабақ алуымның әсерінен болды деп білемін. Жетісу жерінің көркем бір бұ­ры­шы – шағын ғана Текелі қаласы да қай­та құрудың қармағына түсіп, тірлігі қау­саған сәтте Мемлекет басшысы нұсқаған бағытты бетке ала отырып, қанатын қайта қомдады. Мемлекеттік ма­ңызды мәселелерді, үлкен қала­лар­дың еңсесін көтеруді қатар назарда ұстаған Президент өңірлердегі жағ­дай­ды еш уақытта ұмыт қалдырмады. Қол­даумен қатар қатаң талаптар қой­ды. Соның арқасында бүгінде Текелі қаласының тасы өрге домалап, халық саны да көбейіп, тірлігі түзелді. Осы қаланың басшылығы қызметіне 2005 жылдан бастап кірісіп, Елбасы сая­сат­ының сорабына тереңдеп бойла­дық. Нағыз даму үдерісінің екпінімен және ел мен Елбасы алдындағы асқан жауап­кер­шілікті ұмытпай, қаланың көріктене түс­кен келбетіне, тұрғын­дар­дың тұтас­тық­пен тура жолдан таймаған тір­шілігіне сүйсіне жүріп, уа­қыттың қалай өткенін де байқамай қалғандаймыз. Барлық істің бағыт сілтер бағдар­ша­мы ретінде Елбасымыздың дәс­түрлі халыққа Жолдауы игі бас­та­ма­лар­дың ұйытқысы болуда. Дағ­да­рыс­тың батпан жүгін халықтың иығына ба­тырмауға бағытталған үкіметтік бағ­дар­лама – “Жол картасы” қала­мыз­дың әлеуметтік әлеуетін көтеруге үлкен септігін тигізді. Биылғы “Биз­нес­­тің жол картасы-2020” бағ­дар­ла­ма­сының да шағын және орта бизнестің тынысын кеңейтуге ықпалы зор бол­мақ. Соңғы жыл­дарда жұрт­шы­лық­ты қуантқан қабырғалы істердің қата­рын­да Талдықорған-Текелі тас жо­лының кеңейтілуі бар. Ал Текелі қа­лалық “Green House – Зеленый дом” ЖШС жылыжай кешеніне қосымша 3,65 га құрылыс жүргізу жобасы Қазақстан Республикасының 2010-2014 жылдарға арналған индус­трия­лық-инновациялық дамуының мем­лекеттік бағдарламасы шеңберінде жү­зеге асырылатын жобалардың қата­рына ілігуі дағдарыстың қиындығына шы­дас беріп, жаңа даму сатысына көтерілуді көздеген кешенге тың ек­пін беріп отыр. Қазіргі уақытта гол­лан­диялық тәсілмен раушан гүлдерін өсіретін жылыжайды алдағы уақытта көкөніс өсіру үшін кеңейтуге “Қаз­агро­қаржы” қолдау көрсетті. Жалпы, қа­ладағы өнеркәсіп орындары ар­на­сының кеңеюі жаңа экономикалық өрлеудің өміршең өрнегі екені мәлім. Мә­селен, Текеліде шығарылатын мәр­­мәр ұнтағы, жол жиегіне тө­се­ле­тін тақтатас, кірпіш тек өз қ­а­ла­мыз­дың қажеттілігін қамтамасыз етіп қана қоймай, басқа өңірлердің де құ­рылысы мен жөндеу жұмыстарына пайдаланылуда. Жақын болашақта осы секілді ішкі өнімдеріміздің сапа­сы мен көлемі арттырылып, “Қазақ­стан­да жасалған” деген белгімен шет елге шығып жатса, нұр үстіне нұр болар еді. Қалай болғанда да, біз маңдай түзер бағытымызды айқындап алдық. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың “Қазақстан-2030” стратегиялық даму жоспары жүрер жолымызды жарық­тан­дырып қана қойған жоқ, айбы­ны­мызға айбын қосып, жігерімізді жа­ны­ды, намысымызды қайрады. Пре­зи­денттің әр жылдардағы халыққа жол­даулары нақты міндеттер жүктеп, эко­номиканы көтеру, халықтың әл-ау­қатын еселеу, елді өркениеттер кө­шіне қарай өрлетудің айқын қоз­ғау­шысы болып келеді. Елбасының кө­ре­­ген саясаты, кешегі әлемді дүр­лік­тірген дағдарыс кезіндегі кемеңгер ұсы­ныстары қазақ мемлекетінің ме­рейін асырып, ішкі тұрақтылықты ғана қамтамасыз еткен жоқ, сонымен қатар, қау­қар­лы, дамыған елдердің де биік ба­ғасына ие болып, бағдарына айналды. Тәуелсіздігіміздің ең бір тәуе­кел­шіл қадамы, Елбасымыздың маңызды стратегиялық шешімі ел астанасын Сарыарқаның төсіне көшіріп, жаңа Астана салу идеясы еді. Тап сол мезетте мұның ақыры не болар екен деген сенімсіздік пен секемшілдік ойымызды биледі. Бірақ уақыт өте келе Астана­мыз­дың қанатын кеңге жая бастаған, егеменді еліміздің нағыз елор­дасына лайық сипатта бой түзе­ген қалыбына көз жібере отырып, Нұр­сұлтан Әбішұлының тағы бір көре­ген, көздегенін іске асыратын мақ­саткерлік қасиетіне тәнті болдық. Қазір Астананы тек өзіміз ғана мақ­тан тұтып, оның күн санап реңденіп келе жатқан көрікті кел­бе­тіне, ерекше өрнекпен бой кө­терген ғима­рат­та­рына таңдай қағып, таңырқамаймыз, басқа мемлекеттердің де Қазақ елінің бас қаласына деген қызығушылығы басым, бәлкім, кейбіреулер қызға­нышпен де қарайтын болар. Астананың алғашқы қарлығаш қанат қайталанбас жобаларының бірі “Бәй­терек” бейбітшілігіміздің, бере­ке-бірлігіміздің белгісіне, елор­да­мыз­дың бітімі бөлек символына айналды. Бә­туалы ұстанымға келу үшін әлем­нің әр бағыттағы дінбасыларын тө­ріне жинаған “Бейбітшілік пен ке­лісім сарайы” жалпақ ғаламның ға­ла­матын бойына жинап, жан-жағына нұр таратып тұрған жұмақты мек­ен­дей әсер қалдырады. Жа­қында ғана тұ­сауы кесілген заманауи тех­­но­ло­гияның жаңа жетістіктерінің жемісі На­зарбаев университеті білімді ұр­пақ­тың біліктілігін арттырып, ілім-ғы­лымның бесігінде тербететін, болашақ ел тұтқасын ұстайтын батыр тұл­ға­ларды тәрбиелеп шығаратын қа­зы­налы қара шаңырақ атанарына сенім кәміл. Айта берсек, Астана­мыз­дың ауыз толтырып мақтанышпен айт­атын қырлары көп, бас қа­ла­мыздың қалыптасу тарихында Ел­­ба­сының ізгілікке толы айшықты із­дері сайрап жатыр, әлемдік нақыш пен ұлт­тық бояуға қанық қолтаңбасы қалды. Қазақстан қалыптасу сынынан аман-есен, тіпті орасан жетіс­тік­тер­мен өтіп, дамудың даңғыл жолына түсті. Еншілерін бірге бөлектеген ТМД елдері арасында Қазақ елі терезесі тең, керегесі кең, түтіні түзу ұшып, айдай әлемге тегеурінді, келе­шегі зор мемлекет ретінде танылды. Қабырғалы мемлекет­тердің көпшілігі Қазақстанды мойындады, Нұрсұлтан Назар­баевтың салиқалы саясат­кер­лігіне сүйсінді. Биыл Қазақстан Еуро­па­дағы қауіпсіздік және ын­тымақ­тас­тық ұйымының тізгінін ұстағанда жан-жақтан қаумалаған үміт пен сенім жауапкершілік жүгін салмақ­тан­дыра түсті. Әлемдегі дамыған демо­кратиялық, құқықтық мемле­кет­тердің, өркениетті елдердің қатарына кіруге мүмкіндігімізді арттыруға сеп бол­ған үлкен Ұйымға төрағалық ету ел мерейін үстемеледі. Қазақстанның төбебилік жасау кезеңі аса күрделі болып отырғаны баршамызға мәлім. Осындай жағ­дайда ЕҚЫҰ-ның мемлекет бас­шылары деңгейіндегі Саммитін өткізуге қол жеткізу айырықша табыс болса керек. Кең байтақ еліміздің қай түкпірінде қызмет істесек те, мақсатымыз бір, тілегіміз ортақ, сондықтан әрдайым халқымыздың бағы басым, жарқын болашаққа бастаған көшбас­ш­ы­мыз­дың абыройы биік болары ләзім. Өр­ке­ниеттер көшінің өрелі жолаушысы ре­тінде қазақ елінің жұлдызы жар­қы­рап, Жаратқан ием ел басшысына мейірімін төгіп, іргемізді тыныш, бірлігімізді берік етуге жазсын! Серікжан БЕСКЕМПІРОВ, Текелі қаласының әкімі. Алматы облысы.