• RUB:
    5.06
  • USD:
    508.05
  • EUR:
    534.82
Басты сайтқа өту
19 Мамыр, 2015

Төл тарихымыздың тартуы

503 рет
көрсетілді

Халқымыздың айналасына зер салып, арғымағына ер са­лып, өз алдына жұрт болып, тұр­мыстық қалпын, қазақи салтын қалыптастырып, өзге емес, тек өз тәжірибесінен, түпкі атасы ежел­гі түркінің тамырынан нәр алған ұлттық мемлекеттілігін орнық­тыруда XV ғасырдың бел ортасы, яки 50-60 жылдар аса маңызды кезең болғаны белгілі. Мұны тарихи деректер мен шежірелер, түрлі зерттеулер мен еңбектерді былай қойғанда, ел жадында әлі сақтаулы Қазтуған жыраудың бебеулеген жырынан да естиміз: «Алаң да алаң, алаң жұрт, Ағала ордам қонған жұрт, Атамыз біздің бұ Сүйініш Күйеу болып барған жұрт, Анамыз біздің Бозтуған Келіншек болып түскен жұрт, Қарғадай мынау Қазтуған Батыр болып туған жұрт, Кіндігімді кескен жұрт, Кір-қоңымды жуған жұрт, Қарағайдан садақ будырып, Қылшанымды сары жүн оққа толтырып, Жанға сақтау болған жұрт!». Әлбетте, бұл жерде XV ғасырда дербес Қазақ хандығының тарих сахнасына шығуының тарихи төркіні, себебі мен салдары, саяси сабақтастығы, әлеуметтік қарқыны жайында сөз қозғаудың, сөйтіп, ғылыми пікірталас туғызудың еш қисыны жоқ. Оның үстіне, Қазақ хандығының этностық түбірі, саяси-экономикалық генезисі және әлеуметтік-мәдени сыр-сипаты хақында көз майын тауысып, шұқшия зерттеп, алдына үлкен мақсат қойып, артына мол мұра қалдырған ғұлама ғалымдарымыз, ұстаз аталарымыз, білімді де білікті ғалым апа-ағаларымыз бен құрбы-құрдастарымыз жетерлік. Десек де, қанша айтылғанымен, әлі де болса көбіміз жете сезе алмай, сезсек те – сезіне алмай, сезінетіндерге сезінбейтіндердің мүшкіл халі бас шайқатып, бармақ тістетіп келе жатқан өкінішті жәйттердің бірі – сол Қазақ хандығының рухани жемісі мен жеңісін дұрыс бағалай алмай отырғандығымыз. Кейбір ғылыми және көпшілік жарияланымдарда (біршама шетелдік немесе бірқатар отандық) Қазақ хандығының орнығуы төңірегінде даулы да дәйексіз пікірлер айтылып келгені жасырын емес. Айтылып та жүр. Алайда, тарих немесе тарихи факт саудаға салғанды көтермейді. Ал олардың бүкпесіз де бояусыз айтатын ақиқаты біреу және жалғыз – Қазақ хандығы, ендеше қазақтың ұлттық мемлекеттілігі «аспаннан аяғы салбырап жерге түскен жоқ» не жер бетінде жоқ жерден пайда болған жоқ. Ол Еуразияның апайтөс даласында сонау сақ, ғұн, түркілерден бастау алатын билік және мемлекеттік институттар, шаруашылық және экономикалық үрдіс, дәстүрлі әлеуметтік құрылымдар және мәдени жалғастылық арқылы табиғи әрі тарихи заңдылық негізінде қалыптасқан айрықша қоғамдық-саяси құбылыс (феномен). Өз кезегінде мұндай құбылыстың іргетасын бірнеше факторлар құраған: біріншіден, этностың тегі бір ұлыстарға ортақ территория; екіншіден, тамыры бір өркениеттерге ортақ тіл және діл, дәстүр; үшіншіден, әскери демократияға арқа сүйенген қауымдарға ортақ қоғамдық-саяси құрылым (әскери демократия); төртіншіден, барша көшпелі қауымға өзек әлеуметтік жүйе; бесіншіден, барлық көшпелі қоғамдарға ортақ мәдени және рухани құндылықтар. Ортағасырлық деректерде, атап айтқанда Қосымұлы Қа­дырғали бидің «Жылнамалар жинағы», Мұхаммед Хайдар Дулатидің «Тарих-и Рашиди», сол сияқты «Бахр аль-асрар», «Тауарих-и гузи­да-йи нусрат-нама», «Фатх-наме», «Шайбани-наме», «Муизз ал-ансаб» тәрізді, тағы бірқатар шы­ғар­­­маларда тікелей не жанама айтыла­тын­дай, Қазақ хандығы 1465 жылы Шу мен Қозыбасы төңірегін­де орныққан. Назар аудара түссек, пайда болған емес, орныққан! Себебі, XV-XVI ғасырларда қылаң берген «қазақ», «Қазақстан» деген атауларға дейін Ұлы далада жиырмаға жуық мемлекеттер, қырықтан аса хан-сұлтандар билік еткен. Олай болса, мемлекеттің, ұлттық мемлекеттіліктің тағдырын бір ғана «қас қағым сәт» (тарихи өлшем бойынша) не оқиғаға жүгіне сомдау – жаңсақ пайым. Отандық тарихнамада бұл сонау Шоқан, Абай, Шәкәрімнен бастап талай талқыға түсіп, талданып келеді. Бүгінгі күні – Қазақ хандығына бес жарым ғасыр. Ал оның табиғи негізі және тарихи іргетасы бол­ған далалық өркениетке үш мың жыл. Үш мың жыл – жойқын жаугершіліктер, бірінің орнын бірі басқан ұлт-ұлыс, мемлекеттер, балбал тастар, көз жауын алатын зергерлік жәдігерлер, сына жазулар, алыс-беріс саудалықтар, Ұлы Дала, Ұлы Жібек жолы, елшіліктер, тілдер мен ділдер, салт-дәстүрлер, қобыз, құлақ құрышын қандырар күйлер, жырлар, шешендік пен көсемдік, батырлық пен ақындық... Барлығы да тауарих, барлығы да рух. Екеуі де бірде қанды қақ­тығыс, ар мен жан арқылы шығырға түсіп шыңдалып, бірде мамы­ражай тірліктің, иісі қазақтың көш­пелі өмірінің жылжымалы қомы­нан өріс өрбіткен. Екеуі де сол көш­пелілердің соңғы тұяғы, ұштығы көз алдымызда елес боп тұрған Қазақ хандығының егіз тұғыры. Сансыз халықтар мен ұлт-ұлыстардың алтын бесігі, жер жа­һанды жаулап, Батыс пен Шығысты ат тұяғының астына қатар көмген жойқын жаугерлердің елі, атынан заты қымбат небір әсем әфсаналар мен аңыз-әңгімелердің кәусар бұлағы бола білген Ұлы далада XV-XVI ғасырларда Алтайдан Каспийге дейін созыла сұлап, Батысы Сібір ойпаты, Шығысы Тянь-Шань тауларының теріскейін ала жайлаған Қазақ хандығынан артық мұрагер болуы мүмкін де емес болатын. Самайын қырау шалған кісінің желке жотасындай қарауыта төнген таулары мен құлаш-құлаш құба жондарын, айдын-айдын көлдері мен айшылық алыс жолдарын, үйір-үйір жылқы шапқан жазықтары мен қойнауына құпия бүккен шағыл құмдарын айтпаған күннің өзінде, Қазақ хандығына қажымас қажыр-қайрат, ерімес ерік-жігер, намыс, асқақ рух пен ұлан-асыр рухани дәулет тән болған. Оның бұл­жымас дәлел-дәйегі – бүгін Қазақ­стан, бүгінгі қазақ халқы. Бетін қалқымай, тереңінен ойласақ, бүгінгі Қазақстанның елдігіндегі ерекшелік пен ерлігіндегі айыр­машылық – сол баяғы Қазақ хандығына тән елдік пен ерлік. «Мемлекетті құтқару үшін бір ұлы адам да жеткілікті», – деген дана сөз бар. Бұл ретте Қазақ мемлекеттілігінің уығын шаншып, шаңырағын көтеріп, керегесін керген Керей мен Жәнібек хандардың ел мен жер үшін, хандық пен халық үшін барын да, арын да, жанын да сала сіңірген еңбектері өлшеусіз өнеге. Бұл орайда астын сызып көр­сетуге тұрарлық дүние – қазақтың көшпелі өмір ғұрпына сай, билік атаулыны халықтың алдымен, құдайдан қонған құт, адами әділеттілік пен санаға қашалған заңдылыққа сүйенген үштаған ретінде қабылдауы. Әңгіменің төркіні сол баяғы қазақтың ежелгі қалпында, рухани өмір салтында. Ата жолы – жадында, үлкенге деген құрмет, кішіге деген ізет, «әділдік – басымнан биік, билік – жасымнан биік», – деген ұлағат үнімен, алдысы жер, содан соң ел, соңғысы ер деген үмітпен тәңір берген «тұтқа», тағдыр берген «құтқа» сыйынған халқымыздың сафиян-сарай салауатты санасында. Қай уақыт, қай заман, қай дәуір, бір мемлекетті екі адам биледі деген жәйт өте сирек, жоқ десе де болады, егер ежелгі Римдегі дуумвират жағдайларын есепке алмасақ. Алайда, Керей мен Жәнібектің кісіліктері де, кемеңгерліктері де сол – бірі бірінің хақын хаттап отырмай, халқының келер жолынан бағыштауға бір ауыздан мойын ұсынғандығы. Айталық, дене бітімі қуатты, жорыққа төзімді, биязы келбет-кескінді, сөз ұстап қана қоймай, сөз тыңдай да білетін, әзілі жарасқан кісімен әңгімешіл, керек кезінде жұмсақ, қажет болса қатал Әз-Жәнібек алдымен жаужүрек батыр болған, қара қылды қақ жарып билік айта да білген, ең бастысы халқының дербестік, елдік, ерлік тәрізді асқан арман-мұратын жеке қарақан басының мүддесінен ләйім жоғары қоя білген қайраткер. «Малым – жанымның садағасы, жаным – арымның садағасы», – деген қағиданы қастерлеп ұстанған хандардың бірі де, бірегейі де болған көрінеді. Өспейтін ел, өнбейтін жер болмайды. Өміршең халық өз мүддесін ешқашан ұмытпайды. Бір қарағанда, прогресс атаулыға бейжай болғандай көрінгенімен, әрісі тоқсан тарау түркінің тарихы, берісі қалың қазақ пен Қазақ хандығының тарихы өзінше бір өркениеттілік үлгісі болып табылады. Тауы – тарих, тасы – ше­жі­­ре қазақ даласында тарыдай ша­шы­лып жатқан материалдық және мәдениет үлгілерінің әрбірі Рим импе­риясының коллизейінен, Мысыр­дың перғауын пирамидалары сызу-жазбаларынан еш кем соқ­пайды. Бірақ, олар ә дегеннен ақ­тарыла салмайды. Қасиеті – терең­де, құпиясы – тұңғиықта. Зерттеп қана қою аз. Зерделей білу керек. Қазақ хандығы мен бүгінгі Қазақстан – бұл көне көмбелер, жазба жәдігерлер, «Алтын адам» және Жалаулыдан табылған қолөнерінің асқан үлгілері, көк түркінің оймақ жазуы, Қорқыттың көне күйлері, Ясауидің сопылық ілімі, Жошы мен Алаша ханның көркем мазарлары, Асан қайғының ақылгөйлігі, Қазтуған мен Ақтам­бердінің жорық жырлары, Төле, Қазыбек, Әйтеке билердің өздері, Сырым батырдың шешен сөздері мен Махамбеттің отты өлеңдері, Шоқанның ғылыми зерттеулері мен Абайдың өлең-сөздері, Ахмет­тің алфавиті мен Әлиханның «Алаш Ордасы», Мұхтардың «Абайы жолы» мен Әлкейдің ғылы­ми мұрағаты, тіл мен діл, дін, әдебиет пен мәдениет... Тізе берсек, тізімнің шегі жоқ. «Алдаспанды қақ айыруға болатын шығар, бірақ рухты қақ айыра алмайсың» (В. Гюго). Шын мәнінде қазақтың хандығы мен қазақ мемлекеттілігінің орнығуы мен тарихи қалыптасуында рухтың, оның ішінде ұлттық рухтың орны ерекше және айрықша. Қазақстан үшін, Қазақ мемле­кеттілігі үшін, Қазақ хандығының осынау мерейтойы тек мәдени және рухани ғана емес, зор саяси маңызға ие. Дүниежүзіне саяси және экономикалық жетістіктері арқы­лы түгел мәлім болған Қазақ­стан тек мұнайға ғана емес, тауарихы, түп тарихы, тілі мен ділі, мә­дениеті мен әдебиетіне де аса бай. Қазақ хандығының бес жарым ғасырлығын Елбасы бастап, ел қоштап жыл бойы бағам­дап, байыптау – ата-бабалар алдын­дағы азаматтық парызымыз әрі кісілік қарызымыз. Қазақ ханды­ғының кешегі тарихилығын, Қазақ­станның қазіргі тәуелсіздігін тайға таңба басқандай даусыз дәлелдейтін батыл шешім. Тектен тек емес, ұлттық идея – Мәңгілік Ел деңгейіндегі алға ұмтылған кесімді шара. Мұның өзі біз үшін егемендік пен тәуелсіздік ұғымдарының басты өлшемі – ел-жұртымызға, халқымызға, қарға тамырлы қазаққа ілкіден тән азат және асқақ рух екендігін көрсе­теді. Ал мұндай рух дәуірлер мен ғасырлар бойы шарыққа түсіп шыңдалған Қазақстан алдында тұрған және тұрмақ нақты және беймаза сұрақтардың баршасына жауап бере аларына еш күмән жоқ. Тәуелсіз Қазақстан үшін ең негізгі және басты мақсаттардың бірі – жас ұрпақтың бойы мен ойына отансүйгіштік рух егу. Өйткені, рух жоқ жерде ұлт та жоқ, халық та жоқ! Бұл орайда төл тарихымыздың, оның ішінде Қазақ хандығы тауарихының айтары мол, берері көп. Алтайы Оразбаева, тарих ғылымдарының докторы, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-дің профессоры.