• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
05 Наурыз, 2015

Ерлікке тағзым

834 рет
көрсетілді

Кеше Астанадағы Ұлттық академиялық кiтапхана ғимаратында Парламент Мәжілісінің депутаты, Ауған соғысы ардагерлері ұйымдарының  «Қазақстан ардагерлері» қауымдастығының төрағасы Бақытбек Смағұлдың Қазақ хандығының 550 жылдығына, Ұлы Жеңістің 70 жылдығына байланысты «Отан үшін қаныңды төксең де, арыңды төкпе» атты тақырыппен жаңа кітаптарының тұсаукесері өтті. Осы орайда, Қазақстан халқы арасынан шыққан ерен ерлерді елмен етене қауыштыруға бағытталған «Қаһарман», «Қазақтың қара майоры» (орысша «Король Панджшера»), «Оқ пен Отан» кітаптары қалың оқырманға жол тартты. Шараға  Парламент депутаттары, мемлекет және қоғам қайраткерлері,  ақын-жазушылар мен жастар қатысты. Онда Қ.Сұлтанов, К.Серікбаев, Ә.Тарази, Б.Ертаев, Ө.Озғанбаев сияқты аға ұрпақ өкілдері сөз алып, кітап авторына деген өздерінің жүрекжарды тілектері мен пайымды пікірлерін білдірді. «Қаһарман» атты кітап Ұлы Отан соғысының аты аңызға айналған батыры, ерліктің толассыз қайнары, өшпес өнегесі, тозбайтын асылы Бауыржан Момышұлының ұрпаққа қалдырып кеткен таусылмас мирасына, сарқылмас мұрасына арналған. Жұртшылықтың сұрауымен, Ұлы Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында жаңа тұрғыдан жазылып, қайта басылып шыққан бұл кітап қаруы мен қаламын қатар ұстаған қайталанбас, батыр тұлғаның ерлік жолын жас ұрпақтың санасына сіңіріп, оларды ойы озық, рухы берік етіп тәрбиелеуге шақырады. Сонымен қоса, автордың «Қазақтың қара майоры» және «Король Панджшера» кітабы Ауған соғысындағы күрделі тұлға Борис Керімбаевтың ерен ерлігі мен еңселі еңбегінен сыр шертеді.  Кітап иесі оның батыр да батыл бейнесін оқырманға аша отырып, отаншыл асқақ рух, мемлекетшіл биік сана туралы өз пайымдарын ортаға салады. Ал, «Оқ пен Отан» кітабы елiмiздiң өткен тарихына терең бойлау арқылы бүгiнгi және келешектегі кемел өмірдің жайын ойлауға, «Мәңгілік Ел» жолында ұлттық құндылықтарды ардақтауға, ынтымақ, бірлік, келісімді сақтауға үндейді.  Өмірден түйген пайымдарын ел бірлігі мен тірлігіне ұластыра өрілген жыр моншақтары кім-кімді болса да, бейжай қалдырмасы анық. Әскери тақырыпта қалам тартып жүрген қоғам қайраткері  Бақытбек Смағұлды  тек Ауған соғысының ардагері деп қана қарамай, батыл ойдың иесі, қажет кезінде жалындатып, жандырып, шегелеп, шешен сөйлей білетін шешен, дарынды қаламгер деп  тануымыз керек. Жауынгер отандасымыздың қандай еңбегін оқысаңыз да онда патриоттық рух, елдік пен ерлікті мұрат етеді. Раушан ТӘУІРХАНҚЫЗЫ,  журналист. АСТАНА.