• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
19 Мамыр, 2015

Қырылған киік саны 5400-ден асып кетті

214 рет
көрсетілді

Қостанай облысының оңтүстік аудандарында орналасқан «Алтын дала» мемлекеттік табиғи резерватында мамыр айының 11-і күні мамандар 117 ақбөкеннің өлі денесін тауып алғанын хабарлаған еді. Бұл дала сұлуына келген жаманшылықтың белгісі екен. Сол күннен бастап киіктердің жаппай қырылуы үдей түсті. Өткен аптаның аяғында облыстағы Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциясының басшылары өлген киіктің саны бір мыңнан асқанын хабарлаған еді. Біз бұл ақпаратпен «Егеменнің» оқырмандарын да хабардар еткен едік. Енді, міне, өлген киіктің саны 5400-ден асып кетті. – Менің өкіміммен облыста арнайы ко­миссия құрылып, оны облыс әкімінің орынбасары Базыл Жақып басқаруда. Оның құрамына облыстағы ішкі істер департаментінің, резерват орналасқан аудандар Амангелді мен Жангелдин аудандарының әкімдері және басқа да осы іске қатысты ведомстволардың мамандары кірді. Киіктің қырылу себебін анықтау тиісті ғылыми мекемелердің ісі, ал атқарушы билік жұқпалы ауру бола қалған жағдайда одан адамдарды қорғау, қауіпті аурулардың ары қарай тарамауы үшін қолдан келгеннің барлығын да жасайтын болады, – дейді облыс әкімі Нұралы Сәдуақасов. Киік қырылып жатқан «Алтын дала» мемлекеттік табиғи резерватында қазір 30-ға жуық техника, 150 адам жұмыс істеп жатыр. Олар киіктің өлекселерін дер уақытында жойып отыр. Сонымен қатар, Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі республикалық комитетінің мамандары да Амангелді ауданындағы оқиға болған жерде жүр. «Алтын дала» мемлекеттік табиғи резерваты 490 мың гектар жерді алып жатыр. Оның 16 мың гектарында 11 мамырдан бастап өлген киіктер өлексесін жойып, залалсыздандыру жұмыстары жүргізілуде. Қостанай облысында киіктің қырылуы бірінші рет орын алып отырған жоқ. 2012 жылы Жангелдин ауданында мың қаралы киік пастереллездің құрбаны болған еді. Одан кейін киіктің жаппай өлуі Батыс Қазақстан үйірінде де болған. Бірақ, дала сұлуының шығыны дәл биылғыдай көп болған емес. Мұның себебін анықтау үшін киік жайылған жерден топырақтың, судың, өлекседен атынған биологиялық материалдардың сынамасы республикалық референс-лабораторияға жіберілген болатын. Оның қорытындысы әлі шыққан жоқ. Әзірге киіктің жаппай қырылуының себебі жұмбақ күйінде қалып тұр. Сонымен қатар, ақбөкенге келген бұл нәубет қашанға дейін созыларын да нақ ешкім білмейді. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, «Егемен Қазақстан». Қостанай облысы, Амангелді ауданы.