• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
19 Мамыр, 2015

Аймақтағы жаңа этномәдени бірлестік

577 рет
көрсетілді

Этномәдени бірлестіктер қатарына фин-угорлар қосылды. Облыс орталығындағы Достық үйінде Қазақстан халқының бірлігі күні және Ассамблея жылы аясында фин-угор бірлестігінің таныстырылымы болып өтті. Жаңа орталықтың ашылуына орай алыстағы Мордовияның мәдениет министрлігі, Марий Эл Республикасының президенті құттықтауларын жолдапты. Біздің облыс орталығындағы фин-угорлар этномәдени бірлестігінің ашылуына орай Удмуртиядан арнайы қонақтар да келді.

Алыс жолдан келген қонақ­тардың бірі Ольга Яйцова­ның айтуынша, қонақжай, бейбітшілік пен ұлтаралық қатынастың үлгісі болып табылатын Қазақстанға келу – үлкен мәртебе. Енді фин-угорлар бірлестігінің ашылуымен екіжақты достық қарым-қатынас артып, барыс, келіске құрылатын жақсы байланыс жалғасатын болады. Фин-угорлар этномәдени бірлестігінде облыста тұратын мордва, удмурт, коми-пермяк, марий және венгрлер бар. Ал жалпы әлемде фин-угорлар деп екі топқа бөлінетін халықтар қатарында осы тілде сөйлейтін коми, коми-пермяктар, удмурттар, марийлар, карелдер, финдер, эстондар, вепс­тер, саамдар, мордва, ижорлар, буртастар, қаратайлар, мокшандар, чудтар, шокшалар болса, угорлар тобында венгрлер, секеилер, чанғоштар, ханты-мансылар сияқты ұлыстар бар көрінеді.

Фин-угорлар халқының саны 25 миллион деп есептеледі екен. Біздің облыста тұрып жатқан санаулы ғана бұл халық өкілдері енді бірге бас қосып, өздерінің де бар екенін білдіріп, бір этномәдени бірлестік құрғылары келетіндіктерін өтінсе керек. Елбасы құрған Ассамблеяның шапағатын фин-угорлар да қолдап, ән-билерін, ұлттық салт-дәстүрлерін жинап, жиыстырып бірге ала келіпті. Жыл сайын облыстық филиалда Достық үйімен бірлесіп 400-ден аса іс-шаралар өткізіледі. Бұл күндері бұл үйде облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының хатшы­лығы, 23 этномәдени бірлестік, Ассамблеяның жастар бірлестігі, ұлттық өркендеу мектебі, «Ана тілі» тілдерді дамытудың оқыту-әдістемелік орталығы, «Қазақ тілі» қоғамы орналасқан. Сонымен қатар, 20 этностың мәдениетін дәріптейтін 42 шығармашылық ұжым жұмыс істейді.

Аудандарда Ассамблеяның 13 филиалы, ауылдарды қосқанда 83 этномәдени бірлестік жұмыс істейді. Ал Ассамблеяда біздің облыстан қызмет жасайтын 18 этномәдени бірлестік өкілдері бар. Жақында «Айреник» армян этномәдени бірлестігінің 20 жылдығы аталып өтсе, Павлодар ауданы Ефремов ауылында корей этномәдени бірлестігінің филиалы ашылды. 1996 жылы этно-лингвистикалық мектеп ашылды. Қазір бұл мектепте өзге ұлт өкілдерінің ұл-қыздары білім алатын, өз ана тілдерін үйренетін 16 ұлттық оқу бөлімі бар, жыл сайын 500-ден астам оқушы оқиды. Сондай-ақ, «Ертіс – достық өзені» шекаралас ынтымақтастықтың халықаралық фестивалін өткізу дәстүрге айналды. Облыстың қала­­лары мен аудандарында, кәсіп­­орын­дарында Қазақстан хал­қы Ассам­блеясының күні бекітілген.

Сөйтіп, фин-угорлар да жергілікті Ассамблеядағы 24-ші этномәдени бірлестік болып ірге көтерді. Оны Ольга Николашина басқарады. Жергілікті Ассам­б­леяның бір бұтағы секілді болып көктем айында қатарға қосылған фин-угорлар өкілдері өздерінің мәнді де сәнді ұлттық киімдерін киіп концерт қойды. Дастарқан басына жиналған өзге ұлт өкілдері фин-угорлар жасаған ұлттық тағамдардан дәм татты.

Фарида БЫҚАЙ, «Егемен Қазақстан».

ПАВЛОДАР.

Суреттерді түсірген Вера ЛИВИНЦОВА.