Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» Жолдауын жүзеге асыру жолында жас ұрпақты қалыптастыру және ЭКСПО-2017 көрмесі аясында «КАТЕV» Халықаралық қоғамдық қоры біраз игілікті істер атқарып келеді. Соның бірі, Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен Астанадағы «Нұр Орда» мектеп-лицейінде ІІ республикалық «Жас жасампаздар жобасы» таяуда мәреге жетіп, жүзден жүйріктер топ жарды.
Бұл жас жасампаздар жарысы бес бағыт, яғни баламалы энергия көздері, әлеуметтік қоғамдық мәселелер, жаратылыстану, гуманитарлық пәндер, роботтехника бойынша өтіп, оған 100-ден астам жоба келіп түскен. Қазылар алқасы ол жобаларды жан-жақты саралай келіп, жоғары сынып оқушылары мен колледж студенттерін, олардың жетекшілерін І, ІІ, ІІІ дәрежелі дипломдармен марапаттап, Гран-при иегерлеріне 125 мың, 100 мың, 50 мың теңге көлемінде сыйлық тапсырды. Мәселен, әлеуметтік-қоғамдық, баламалы энергия көздерінен ғылыми жұмыс қорғағандардың әрқайсысы 125 мыңнан, ал жаратылыстану, гуманитарлық, роботтехника бойынша озып шыққандар 100 мың көлемінде қаржыға қол жеткізді. Осындай игілікті шара жастардың ынта-ықыласын оятатынын, мұндай үрдіс өзге білім орындарында да жалғасын табу керектігін, шараның жабылуы сәтінде Білім және ғылым вице-министрі Е.Иманғалиев атап айтты. Сүлеймен МӘМЕТ, «Егемен Қазақстан».
•
19 Мамыр, 2015
Жас жасампаздар жарысы
321 рет
көрсетілді