• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
21 Шілде, 2010

АЗИЯНЫҢ АЛДЫМЫЗ

740 рет
көрсетілді

Өскеменде қазақ күресінен Азияның VІ чемпионаты мәреге жетті. Оған Қазақстан, Өз­бек­стан, Қырғызстан, Ресей, Қытай, Моңғолия, Түркіменстан, Тәжікстан, Сирия, Иемен, Ирак, елдерінің балуандары қатысты. Чемпионаттың ашылуында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев сөз алып, бұл спорт додасының балуандардың ше­бер­лігінің өсуіне, мемлекеттер арасындағы қа­рым-қатынастардың нығаюына жол ашатынын, дамыған елдердің Қазақстанды жақын танып-білуіне мұрындық болатынын атап өтті. Ал Олим­пиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіров болса ерекше толқып, өзінің осыдан 45 жыл бұ­рын қазақ күресі әліппесінен тәлім алып, үлкен өмірге жолдама алғанын тілге тиек етті. Ол кез­дегі қазақ күресі мен қазіргі деңгейді салыс­тыруға келмейді, арасы жер мен көктей деді. Ал осы саланың дамуына ерекше үлес қосып келе жатқан Дүниежүзілік қазақ күресі феде­ра­циясының президенті Серік Төкеев болса, Ел­ба­сы Н. Назарбаевтың: “Қазақ күресін олимпия­лық ойындар деңгейіне дейін көтеруге күш салуымыз керек”, деген бағасына орай алда көп жұмыстар атқару қа­жеттігіне тоқтала келіп, дүбірлі жарысты өткізуге бас­тама кө­терген Шы­ғыс Қазақстан облы­сының әкімі Б.Са­парбаевқа риза­шылығын білдіріп, Құрмет грамотасын табыс етті. ФИЛА-ның өкілі В.Гри­щан­ков та өз сөзінде қазақ күресін бүкіл әлем жұрт­­­­­­­­­шы­лығы танып біле бас­тағанын, биылғы жыл­дың маусы­мында Ре­сейдің Мәскеу қала­сын­да өткен Халықаралық кү­рес феде­ра­циясының (FІLA) кезекті жиы­нын­да Қазақ күресі федерация­сы­ның бірауыздан мүше­лік­ке қабыл­дануы, жасап жатқан істердің дұрыс бағытта екеніне назар аударды. Бұл жол­ғы Азия чемпионатына 11 мемле­кет­тен 98 балуан келді. Айта кету ке­рек, қазір қа­­зақ кү­ресімен 50-ден астам мем­ле­кеттерде ба­луандар шұғылданады. Оның 30-ында қа­зақ кү­ресі феде­ра­ция­лары жұмыс істеп тұр. Cерік Тө­кеевтің айту­ын­ша, бұл жолы да дүбірлі до­дағ­а көп­теген мемлекеттерден осы жа­рысқа қа­ты­су­ға тілек білдірушілер аз болмаған көрінеді. Бі­рақ “ме­даль­дың екінші жағы” бар де­ген­дей, олар­дың барлығын шақы­рып, жол шығынын, қонақ үй, басқа да ұйымдастыру мәсел­е­лерін ше­шу үшін қаржы жағы тапшылық ететін сияқты. – Алдағы қарашада Астанада қазақ күре­сі­нен дүние жүзінің чемпионаты өтпек. Міне, со­ған Азия чемпио­на­тына тұңғыш рет қатысып отырған Иемен, Ирак, Сирия сияқты көптеген Африка, Азия, басқа да құрлықтардан өкілдер шақыру ойда бар, дейді Серік Адамұлы. Енді екі күнге со­зылған қазақ күресі жан­күй­ерлеріне не сыйлады, алға қарай жылжу бар ма деген сауалдарға келейік. Шы­ғыс Қа­зақстан об­лысы, Се­мей қала­сы­ның өкілі Қуа­ныш Салық­баев­ты қазір спорт десе елең­дей қа­­ла­тын жан­күйер­лер жақ­сы біледі. Қазақ күре­сінің өр­кен­деуіне осы азамат өлшеусіз үлес қосып ке­ле­ді. Жа­қын арада қамал бұза­тын қы­рық­қа то­латын Қуа­ныш­тың осы жол­ғы қар­қы­ны мен ек­пі­ніне ешкім шақ келме­ді. Ол 90 ки­лодан жо­ға­ры сал­мақ­та фи­налда өз­бек­­стандық белгілі ба­луан Бо­тир Ходжаевпен белдесті. Бірден шабуылға шы­ғып екі бүкке ие болды. Алайда, Ботир мұның ал­дын­да алған жарақаты салда­рынан жарысты тоқтатуға мәжбүр болды. Сөй­тіп, Қуаныш осы­мен үшін­ші мәрте Азия чем­пио­ны атанды. Қуа­ныш Са­лықбаев абсо­люттік сал­мақта 90 килода чем­­пион атанған Мұ­сыл­манбек Қажымұ­қа­нов­пен де күш сынасты. Бір минөтке жеткізбей оны да ұт­ты. Ал абсолюттік салмақта 18 балуан тіркелген. 90 килода М.Қажымұқанов финалда Си­риядан келген Меткал Алмаранимен бел­­­­­­­­­де­сіп, таза ұтып кетті. Ал 82 кило сал­мақта ақ­­төбелік әл­ем чемпионы Бақтыбай Қис­ы­қов қарсылас­та­рын алып та, шалып та жықты. Ол ақтық сайыс­та ирак­тық Мур­тачха Кемалдан басым түсті. Тағы бір әлем чемпионы астаналық Ес­тен Ерлан 66 кило салмақта Си­рия­дан келген Ейк Абдул­ға­ни­дан басым түсіп, алтыннан алқа тақты. Жал­пы, осы жолғы чем­пионатта Сирия, Ирак, Иемен елдері балуан­да­рының шебер­лі­гінің өсіп қал­ға­нын аңғар­дық. Сөйтіп, бұл жо­лы барлық сал­мақ­­тар­да қазақ­стандықтар ал­да­рына жан сал­мады. 54 килода Б.Раисов Ба­қыт­жан Өкеевті ұтса, 77 ки­лода Ербол Мыр­за­­бо­сынов иемендік Матер Зе­йед­ті ұтып, чем­­­пи­он атанды. Ал 60 кило салмақта қазақ­стандық Ғани Келдіқұлов – алтын, қырғызстандық Сан­жар Ос­ман­әлиев – күміс, түркіменстандық Зерип Заурат­­жан мен Бауыржан Мыр­залиев (Қазақстан) қола алқаны иелен­ді. Жарыста жүл­дегер атанған­дар ақшалай, зат­­тай сыйлық­тарға ие болды. Олар­ды Олим­пиада чемпионы Ж.Үшкемпі­ров, Туризм және спорт минис­тр­лігі Спорт істері жөніндегі ко­митеті төрағасының орынбасары Мәлік Са­­пашев, кикбокстан әлемнің бес дүркін чем­пио­ны Ас­қар Мо­жа­нов, федерация президенттері С.Тө­кеев, Р. Нұртаев, тағы басқалар табыс етті. Оңдасын ЕЛУБАЙ, ӨСКЕМЕН. Суреттерде: Азия біріншілігінің ашылу салтанаты; семейлік Қуаныш Салықбаев 90 килодан жоғары, абсолюттік салмақта да чемпион атанды. Суреттерді түсірген автор