• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
21 Шілде, 2010

ҚЫЗЫЛАҒАШТАҒЫ ҚҰРЫЛЫС САПАСЫ

538 рет
көрсетілді

ТЕКСЕРІЛІП, КӨРКЕЙТУ ЖҰМЫСТАРЫНА ДА ЕРЕКШЕ МӘН БЕРІЛІП ОТЫР Қызылағаш ауылын қалпына келтіру барысы биліктің үнемі назарында болғандықтан, облыс әкімінің бірінші орынбасары Амандық Баталов құрылыс компанияларымен тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарды салу барысына бақылауды назардан түсірген емес. Мұнда өткен мерзімде 437 тұрғын үй пай­далануға берілсе, соңғы­ларының құрылыстары аяқталуға жақын­дады. Сонымен қатар, инфра­құ­рылым жүйесі барлық нысандарға тартылып, көшелер толық асфальтталды. Көктемде отырғы­зылған жасыл желек тамыр тарт­қан. Тұрғындардың жүріп-тұруына қолайлы аялдама са­лынып, ауыл­ды көрне­кі­ліктермен безендіру мәселелерінің тиянағын келтіруге де ден қойылған. Қызылағаштағы су тасқыны құрбандарына арналған ескерткіш алаң абаттандырылуда. Сәулетші Қаби Баулықов ескерткіштің дайын екендігін, енді бірер күнде тұғырына орнатылатынын жет­кізді. Алып ескерткіш ауылдың шығы­сындағы саябаққа жақын орнатылатын болды. Ол алдағы уақытта елді мекен жұртшы­лығының басынан өткізген алапат оқиғаны, бірлік пен ынтымақ нәтижесінде ауылдың жаңарғанын еске салады. Қызылағаштықтармен әңгіме барысында кейбір тұрғындар құрылыстың соңғы кезде созылып кеткеніне реніштерін жасырмады. Мәселе назарға алынып, құры­лысшыларға ескерту жасалды. Осылайша “құрылыс сапасын тексеру бескүндігі” жарияланып, құрылыс ұжымдарының жұмы­сына бақылау мен басшылық жасау қажеттігі күн тәртібіне өткір қойылғаны да жақсылық деуге болады. Қазіргі кезде балабақша, мек­теп, монша, спорт кешенінің құрылыстары қарқын алған. Монша құрылысын кәсіпкер, облыстық мәслихаттың депутаты Усейн Касанов жүргізіп, бүгінде жұмысы аяқталуға жақындаған. Ал, мектеп пен балабақшаны салған “Ауылқұрылысы” жауап­кершілігі шектеулі серіктестігі сапаға ерекше мән бергенін басшылар оң бағалады. Білім шаңырағының алдына ақиық ақын Ілияс Жансүгіровтің мүсінін қою жоспарланған. Көше-көшені аралап, елді мекеннің абаттандырылуына көңіл бөлгендер Гүлмира Сұлтан­ғалиева, Болат Оразғалиев, тағы басқа тұрғындардың тілектеріне жауап беріп, елді мекендегі құрылысқа соңғы нүкте қойылатын күн жақын екенін жеткізді. Ауылдағы Мәдениет үйіне орналасқан кітапханада 15 мың кітап қоры болса, тағы да 2 млн. теңгеге жаңа кітаптар алынатын болды. Ал, 400 дана жаңа басылым балаларға арналған әдебиеттер екен. Сондай-ақ көр­кемөнерпаздар үйірмесіне қажетті “Ямаха” музыка жабдығы, ми­крофон, дауыс күшейткіш, тағы басқа да құрал- жабдықтар жастардың бос уақытын тиімді өткізуіне негіз болмақшы. Қызылағаштықтар өздеріне жасалған қамқорлыққа риза екендіктерін әңгіме арасында жиі айтады. –Елбасына рахмет. Үйіміз Ақтоған ауылында еді. Тасқыннан кейін жұрты ғана қалды. Қысқа мерзімде 80 шаршы метрлік жаңа үйге қоныстандық. Енді қыстан қысылмаймыз. Өйткені, жылу еденнің астынан жіберілген. Табанымызға бірден жылу келеді. Үйдің ішіне су тартылды, көрпе-жастық, ыдыс-аяқ, газ плитасы, ас үй жиһазы, 4 төсек, үстел орындық, теледидар берілді. Күзде астық, мал беріледі. Басымда үйім, бауырымда қазаным, бұдан артық не керек, –деді Арман есімді азамат шын көңілден. Осындай жылы лебізді оралман отбасы Дәулетхан мен Әлима Смағұлдар да айтады. Ауыл жаңарды, онымен бірге халықтың көңіл-күйі де көтерілді. Күмісжан БАЙЖАН. Алматы облысы.