• RUB:
    5.43
  • USD:
    472.62
  • EUR:
    513.22
Басты сайтқа өту
21 Шілде, 2010

БЕДЕЛІ БИІК БАСЫЛЫМ

591 рет
көрсетілді

Бүгінде ақпарат қызметінің қа­­­жеттілігі уақыт төрінде тұр. Бұл ХХІ ғасырдың талабы әрі жаңа­лы­ғы да. Сондықтан ақпарат құрал­да­ры қай кездегіден де көп. “Алуан-алуан жүйрік бар, әліне қарай шабады” демекші, дөңгеленген дү­ние дүрмегіндегі аласапыран заман көрінісі осындай әр басылым бе­тінде әртүрлі өріледі. Сондай ақ­па­рат құралдарының арасында бүгінгі қоғамның болмыс-бітімін елеп-екшеп, оқырмандарына салиқалы да салмақты ой тастап, шын­дық­тың ауылынан ұзамай, халықтың сөзін сөйлейтін “Халық” газетінің алған асуы мен шыққан шыңы сөз етуге тұрарлық. Биыл 10 жасқа толып отырған “Халықтың”, ондағы еңбек етіп жүрген өрімдей жастардың өрлігі, өмірге деген көзқарасы талайды тамсантып, сүйсіндіріп келеді. Артында тіреп тұрған тірегің, мол қаржы тастап тұратын қазаншың болмаса, керуеніңді тізіп, көшке ілесудің өзі ептілікті, іскерлікті, жинақылықты талап етеді. Деген­мен, мұның бәрі шығармашылық жұмыстың күш-қуаты бойында тасыған, қиындықтан жасымаған жігерлі басшы Аманжол Сақыпұлы басқаратын ұжым мүшелерінің әрбірінің бойынан табылып, халықтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтап, өткір мақалалары арқылы ондыққа дөп тигізіп келеді. Басылымның басты ұраны ре­тінде “Халық – Құдайдың бір аты” атты үкілі сөзді бетперде тұтқан ба­сылымның елмен, жұртшылықпен бірауыздылығына талай тәнті бол­дық. Осыдан біраз жыл бұрын об­л­ыстағы экологиялық үстемақыны алып тастау жөніндегі билік тара­пынан болған қисынсыз бастамаға алғашқы болып “Халық” газеті ара­ша тұрды. Баспасөздің бірқатары бұғып қалғанда, экологиялық ай­мақ­тағы қордаланған проблеманың сеңін бұзып, құс қанатындай қа­лам­ның шындықпен суарылғанда мұз қақырататын сүймендей бола­тынына оқырманның көзін жет­кізіп, әділдік жағына шыққан бе­дел­­ді ба­сылым сөзінің дұрыстығы дәлел­ден­ді. Бұдан екі жылдай бұ­рын облыстық мешіт айнала­сын­дағы дау-дамайға да алдымен араласып, бас имамның тарапынан етек алған уаһһабилік ағымның жолын кесіп, таза дінді ұстанған мұсылман жа­ма­ғаттың жанынан табылды. Сон­дықтан да, халық сө­зін сөйлеп, мы­на өмірдің өзіндей тұздығы мол, ащы сөзді басылым бетінде бедер­ле­ген соң ба, оқырман да өзекке теппей, өзімсіне оқиды. Газеттің соңғы жылдың сора­бын­да өзінің бет-бейнесін күрт өз­ге­ртіп, айтарлықтай жаңару мен жаң­ғыр­тудың жолына түскенін бү­гінде түй­сігі түгел жұрттың көбі ай­тып жүр. Мұны редакцияға күн­де­лікті ертемен шалынып тұратын қо­ңы­раулар мен арнайы келіп жата­тын хаттар астарындағы ойлар мен пікірлер де толық қуаттайды. “Ха­­лық­тың” халық көңілінен шық­қан­дығы сол, биылғы екінші жар­ты­жыл­дықта басылым таралымын 8000-ға жеткізіп, оқыр­ман санын ұлғайтып отыр. Мұның өзі – жұрт­шылыққа түзу сөз бен ақиқат ақ­па­рат беруге ұмтылып отыр­ғандық­тың белгісі. Басылымның қозғамайтын та­қырыбы жоқ. Ақпараттар ағыны, сая­си сараптама, ұрпақ тәрбиесі, жас­тар мәселесі, білім мен ғылым, кә­сіп пен нәсіп, салауат пен сер­гек­­тік, құ­қықтық сауат ашу, жұл­дыз­дар әле­мі, тіл мен діл – “Ха­лық” газе­тінің басты тақырыбы. Сонымен бірге оқырманның келелі ойына да, татымды тұжырымына да ойып тұ­рып орын беріледі. Яғни, редакция мен оқырман арасында өзара шы­ғармашылық байланыс бар деп сеніммен айтуға болады. Шағын да жас ұйым, бірақ шын­дық ауылынан шыққан жандар еңбегі бет-бейнесі айқын­дал­ған басы­лым­ның “Тұлпар”, “Тұ­мар”, “Тағдыр”, “Тұ­саукесер”, “Тыл­сым”, “Ойпыр­май”, “Салау­ат”, “Сергек” секілді ар­найы бет­те­рімен де көптің кө­ңі­лінен шы­ғуы­ның өзін өмірдің күн­гейі мен көлеңкелі тұстарын, тір­ші­лік та­мы­рының бүлкілін айна-қатесіз көр­сетуінен деп ұғыныңыз. Шындықтың шарай­на­сы, ақи­қат­тың алдаспанына ай­нал­ған үнжария ел бірлігі мен ын­ты­мағын арттыруда, жаңарудың бе­рік ұстам­ды саясатын насихаттауда да өз мүмкіндігі деңгейінде жұмыс жасап келеді. Оған жыл сайын мем­ле­кет­тік тапсырыс орын­дай­ты­ны айқын дәлел. Бұл жаңару жо­лы­н­дағы мем­лекеттің бағытты іс-қимылдарын халыққа жеткізу бол­са, әрі билік тарапынан медиа-хол­динг дәре­же­сіндегі ұжымның қыз­ме­тіне деген сенімділікті танытады. Еркін ӘБІЛ, Қызылорда облысы.