• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
19 Мамыр, 2015

Қазіргі жастар исламды жете түсіне ме?

345 рет
көрсетілді

Қазақстанның тарихы мен мәдениеті көп ғасырлар бойы ислам дінімен байланыса дамып келеді. Ислам діні қазақ халқының өзіндік руханияты мен мәдениетінің қалыптасуындағы негізгі қайнарлардың бірі. Қа­зақ халқының арғы тегі болып есептелетін көне түркілер ислам­ның қалыптасуы мен көптеген жетістіктеріне өз үлестерін қос­ты. Қазақ халқы өз тарихында діни ағымдарға бөлінбеген жә­не өзге дін өкілдеріне қатысты толеранттылықты ұстанған. Со­ның нәтижесінде, бүгінде Қа­зақстан көптеген ұлттар мен ұлыстардың және діндердің ынтымағы орнаған мекенге айналып отыр. Алайда, осынау ынтымақ-бірлікке қызғана қарайтын көздер де баршылық. Кейбір жастарымыз радикалды көзқарастағы, патриоттық сезімнен жұрдай болған әртүрлі ағымдардың қол шоқпарына айналуда. Осынау тарихты қайта жаңғырту, өскелең ұрпақты өткеніне көз шалдырып, сабақ алдыртып, ертеңін ойлайтын, елдігін сақтайтын патриоттық қасиеттерге баулу мақсатында Таразда «Қазақстан тарихындағы ислам дінінің рөлі» атты ғылыми-тәжірибелік конференция болып өтті. «Қазақ хандығының құрылуы, оның құрылымы, мәдениеті, діні, ділі, ресми тілі, экономикалық жағдайы, саяси қалыптасуы, көрші және шет мемлекеттермен байланысы туралы әлі де болса деректер жеткіліксіз. Міне, осы іс-шара бабаларымыздың мәде­ниетін, дәстүрлі болып саналған діни ұстанымымен танысуға бағытталып отыр. Осы себептерді негізге ала отырып, бұл конференцияда елімізге танымал тарихшы ғалымдар өз еңбектерін ұсынды», дейді облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов. Шынында, жат діндерге бой алдырмай ата-бабамыздан мирас болып келген дәстүрлі дінімізді құрметтеп, бабалар аманатын келешек ұрпаққа жеткізу біздің бас­ты міндетіміз. Осы орайда, ең алдымен, елдің болашағына нұқсан келтіретін, күнделікті өмірімізге, денсаулығымыз бен өмірге деген көзқарасымызға зиян келтіретін діни ұйымдардың жұмысына қар­сы тұру арқылы діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу қажет. Жиында Жамбыл облыстық дін істері басқармасының бас­шысы Ж.Омаров, тарих ғылым­дарының докторы, профессор А.Абдуалы, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессорлары М.Алпысбес, А.Избаиров, еліміздің Дін істері комитетінің Дін мәселелері жөнін­дегі ғылы­ми зерттеу және талдау орталы­ғының ғылыми сарапшысы, дінтанушы, Phd докторы М. Исахан және басқа да ғалымдар өз зерттеулерін ортаға салып, жастарға ойсаларлық дүниелер айта білді. Оралхан ДӘУІТ, «Егемен Қазақстан». ТАРАЗ.