Өткен аптаның соңғы күндері Қарағанды облысындағы Ұлытау ауданында Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған мерекелік шаралар өтті. Ауданға жұмыс сапарымен арнайы барған өңір басшысы Нұрмұхамбет Әбдібеков тарихты салмақтаған салтанатты жиынға қатысып, құттықтау сөз сөйледі.
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Ұлытау төріндегі толғаныс» атты сұхбатында былай деген болатын: «Ұлытау – өте қасиетті жер. Ұлытау деп аталуының өзінің тарихи мәні бар. Қазақтың ен даласының қай шетіне барсаң да, осындай қасиетті жерлер табылады. Дегенмен, Ұлытаудың орны бір басқа. Біздің жастарымыз оны біле бермейді. Біз өз тарихымызды жаңадан игеріп, біліп жатқан елміз. Қазақтың тарихы өте бай».
Сондықтан да, ұлттың рухы ұя салған Ұлытаудың Қазақ хандығының мерейтойын ұлықтаған шараны алғашқылардың бірі санатында қабылдап алғаны да заңдылық еді.
Мерекелік шаралар «Үйтас» деп аталатын жерде «Бұланты шайқасы» атты ескерткіш ұстынының ашылуымен басталды. Батырлықтың белгісіне қойылған монументтің лентасын алғашқы ғарышкеріміз, Халық Қаһарманы Тоқтар Әубәкіров пен облыс басшысы Нұрмұхамбет Әбдібеков қиды.
Жоңғарларға қарсы алғашқы жойқын шабуылдың Ұлытау жеріндегі Бұланты-Білеуті төңірегінде болғаны тарихтан мәлім. Бұл соғысқа үш жүздің барлық әскері қатысқан деген дерек те бар. Бір мәліметте Ұлы жүзден жеті мың, Орта жүзден он мың, Кіші жүзден он мың әскер жоңғарға қарсы көтерілгені көрсетіледі. Енді бір деректе барлығы қырық төрт мың қазақ жасағы шайқасқаны туралы сөз бар.
Бұл шайқас шын мәнінде «Отан соғысы» деп аталуға лайық қантөгіс болған еді. Жер, ел тағдыры үшін болған майданға барлық хандарымыз, әйгілі үш биіміз, Сәмеке, Әбілмәмбет, Көкжал Барақ сұлтандар, Саңырық, Бөгенбай, Қабанбай, Наурызбай, Сеңкібай, Шақшақ Жәнібек, Тама Есет, Тайлақ, Малайсары, Байғазы және басқа да баһадүр батырларымыз қатысқан.
«Бұланты шайқасы» ескерткішінің тұғыры мәрмәр тастан сомдалған. Оның үстіне ұшы көкке шаншылған найза іспетті ұстын орнатылыпты. Ол жез араласқан қалайыдан жасалаған. Жалпы, монументтің биіктігі 7 метрден асады. Ескерткіштің тұғырын төрт жағынан төрт бірдей қалқан қаусыра қоршап тұр. Айналасына орын тепкен төрт мәрмәр балбал тасқа сол шайқаста ерлігімен көзге түскен отызға тарта батырдың есімі ойып жазылыпты. Ескерткіштің авторы жезқазғандық мүсінші Шахибабен Сейіткенов екен.
Аудан орталығында өткен «Ұлытау – Ұлт ұясы» атты ғылыми-практикалық конференция мерейтой шараларының негізгі арқауына татитын шара болды. Бұл басқосуда қазақтың белгілі жазушылары Тұрсын Жұртбай, Әнес Сараев ел мен жер тарихына қатысты тың деректер айтып, тарихи-танымдық дүние көкжиегін кеңіту ісіне сүбелі үлес қосты.
Одан кейін Жезқазған қаласында Кетбұқа биге орнатылуы тиіс ескерткіштің іргетасына символикалық тұрғыда тас қаланды. Сонымен қатар, Жезқазған тарихи-археологиялық мұражайында қазақ хандығы экспозициясының және «Бұланты шайқасы» диорамасының салтанатты ашылуы да көпшіліктің көңілінен шықты.
Ұлытауда өткен тарихи тағылымы мол шараның соңы қасиетті мекенде берілген үлкен аспен қорытындыланды. Тұлпарлар тұяғы таптаған киелі топырақта сансыз киіз тігіліп, батыр бабалар рухына бағышталып Құран-қатым түсірілді. Бәйге беріліп, балуандар күш сынасты. Ұлытау жерінде ұлан-асыр тойға айналған бұл шараны өз деңгейінде ұйымдастырып, өткізе білген аудан әкімі Хамит Омаров бастаған азаматтардың еңбегіне ел риза.
Қайрат ӘБІЛДИНОВ,
«Егемен Қазақстан».
Қарағанды облысы.