• RUB:
    5.43
  • USD:
    472.62
  • EUR:
    513.22
Басты сайтқа өту
21 Шілде, 2010

ӘЛЕМ ӨТКЕН АПТАДА

422 рет
көрсетілді

Бар байлығы – қайырымдылыққа Mіcrosoft корпорациясының негізін қалаушы, әлемдегі ең бай адамның бірі Пол Аллен өзі қайтыс болғаннан кейін бар байлығын қайырымдылық мақсатқа жұмсау жөнінде өсиетін рәсімдепті. 57 жасар мил­лиар­дердің байлығы – 13,5 миллиард доллар. Ол қазір айтарлықтай қатты ауруға ұшыраған көрінеді. Кез келгенге қолды болмай, жиған байлығы кембағалдарға тиюін күні бұрын ойластырған сабазды айтсаңшы! Талайлар байлығын ана дүниеге бірге алып кететіндей көрінеді ғой. Рахимовқа ешкім тиіспейді Башқұртстан Республикасының президенті 76 жастағы Мұртаза Рахимов өз өтініші бойынша қыз­метінен кетті. Осыған бай­ла­ныс­ты біраз әңгіме де болған. Тіпті, оны қылмысы бардай ет­кен­дер де табылған. Бірақ оның өті­ні­шін қабылдаған республика құ­рылтайы (парламенті) оған еш­кімнің тиіспеуіне кепілдік беру жөнінде шешім қабылдапты. Ал ай са­йынғы зейнетақысының мөл­шерін 750 мың рубль көлемінде бел­­гілеген. Бұл 25 мың долларға жақын. Президентті соттамақ Гаагадағы халықаралық сот Судандағы Дарфур провин­циясында жергілікті тұрғындарға қарсы геноцидтік шаралар жүргізгені үшін Судан президенті Омар әл-Баширді тұтқынға алу жөнінде екінші рет ордер жазып отыр. Прокурор оған 2,5 миллион халықты лагерьде қамап ұстағаны жөнінде айып таққан. Әл-Башир сотқа өзі бара қоймас. Ал халық­ара­лық сот сәті түс­кенде оны тұт­қынға алуы әбден мүмкін. Сер­бияның бұ­рынғы президенті С.Ми­ло­­ше­вичтің сол сот түрме­сін­де қай­тыс болғанын жұрт ұмытқан жоқ. Чавес пен Христос Венесуэла президенті Уго Чавес тағы бір мінез көрсетті. Елдегі католиктер жетекшісі кардинал Хорхе Уроса президент Чавес елде “Кубалық ком­му­низм” орнатпақ деп сын айтып еді, президент сол сәтте католик шіркеуі ықпалын шектеуді қолға алды. Ең алдымен, ішкі істер министрлігіне Вати­канмен қарым-қатынасты қайта қарау жөнінде нұсқау берді. Христоспен сөйлесіп келгендей, “Папа Бенедикт XVІ Христостың елшісі емес”, деп кесіп айтты. Ал бұл – католицизмнің басты қағи­дасының бірі. Венесуэла халқының 95 пайызы католи­цизмді ұстанады. Бидай қымбаттаған Соңғы екі аптада әлемдік саудада бидайдың бағасы 30 па­йызға қымбаттапты. Сарап­шы­лардың бағамдауынша, биыл бидай өнімі айтарлықтай кем болмақ. Ол Ресейдегі және Батыс Еуропадағы құрғақ­шы­лыққа, сондай-ақ Канада, Қара теңіз аймағындағы біраз ел­дердегі нөсерлі жауынға байланысты көрінеді. Бұл жағдай осы дақылды сататын елдерге қосымша табыс әкелсе керек. Ысырапқор министр Грекияның ауыр эконо­микалық дағдарысқа ұшырағаны туралы әлем шулап жатыр. Қарыздары шаш етектен. Бүкіл Еуропа көмек қолын созды. Мұндай күйге бұл ел қалай душар болған? Жақында соның бір сыры ашылды – шенеуніктер қаржыны оңды-солды шашыпты. Айталық, әділет министрі болған Сотириос Хатци­га­кис үкімет мүшесі болған кезде 20 миллион еуро қаржыны қалта телефонға жұмсапты. Жұмсағанда, 30 телефонды туыстарына, доста­рына таратып берген және сөйлескендері үшін ақша төлеп отырған. Бұл жай белгілі болған соң, шетелдегілер гректерге неге көмектесеміз деп шу көтеріп жат­қан көрінеді. Ресейде фашистер көп Ресми мәліметтерге қара­ғанда, бүкіл дүние жүзінде 120 мың әсіреұлтшылдар, яғни жаңа фашистер бар болса, соның 50-60 мыңы Ресейде екен. Мұны адам құқы жөніндегі Мәскеу бюросы анықтапты. Әсіресе, әсіреұлт­шыл­дар Санкт-Петербург (15 мың) пен Мәскеуде (2,5 мың) көбірек шо­ғыр­ланған көрінеді. Әсі­реұл­т­шыл­дар басқа ха­лықтардың өкілдеріне, әсіресе, кав­каздықтар мен орта­азия­­лықтарға қарсы әрекет­терге әзір тұрады екен. Жалпы, мұндай көңіл-күй бүкіл елде белең алғандай. “Ресей – тек орыстар үшін!” деген ұранды ресей­лік­тердің 53 пайызы мақұлдаса керек. Өзгені де құрметте Ұлыбритания парламенті мұ­сыл­мандардың дәстүрлі киім киі­сіне, нақтырақ айтқанда, пәрән­жімен жүруге тыйым салу жөні­н­дегі ұсынысты қабылдамады. Им­миграция жөніндегі министр Дэ­миан Гриннің пікірінше, бұл елдің дәстүрінде кімнің көшеде қалай жүруін белгілейтіндей әдет жоқ, бұл төзімділік қағидасына қайшы және басқаны да құрметтеуге тиіс. Бұдан бұрын француздар пәрәнжіге тыйым салған. Мұндағылар да соған еліктеген сыңайлы, бірақ олардың дегені болмады. Әзірлеген Мамадияр ЖАҚЫП.