Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ – Кабулдан.
Ұшақтың үстінен жерге қарай көз жібереміз. Төменде сұрғылт тартып, сұстанған таулар тізбегі таусылар емес. Көгі, жасыл желегі жоқ, жалаңаш таулар ерекше сұрқайланып, бір сес танытады. Әне-міне дегенше ұшақ Кабул әуежайына да келіп қонды. Траптан түсе жан-жағымыз әскерилерге толып кетті. Сөйтсек, конференция жұмысының қауіпсіздігі үшін 13 мың полиция мен 3 мың ауған әскері тартылған екен. Журналистерге жол бастаушы Хади орыс тіліне қамшы салдырмайды, сайрап тұр. Шағын автобусқа отырып, еліміз делегациясының соңынан жүріп келеміз. Әрбір 100-200 метр сайын ұлттық киім киінген бір салт атты жол жиегінде тұр. “Бұл кімдер?” деген сауалымызға Хади: “Бұл қонақтарға жасалынған құрмет, сіздерде де көкпар бар емес пе, бізде де сондай ұлттық ойын бар. Сонымен шұғылданатын жігіттер ғой”, дейді әзілдеп. Кабул көшесімен жылжып келеміз. Аспаннан көрген сұрқай түс тағы да алдыдан шықты. Әзірге көріп келе жатқанымыз жатаған үйлер, әскери техниканың түр-түрі, көшеде әскерилерден өзге қыбыр еткен бір жан болсайшы. Әлемнің 70 елінен делегация жиналған конференцияның қауіпсіздігі үшін Кабулда екі күн демалыс жарияланып, адамдарға көшеге шығуға тыйым салыныпты. Жым-жырт, тым-тырыс көше сұсы да ерекше болады екен. “КТК” каналының операторы көліктің алдыңғы орнына жайғасып, бос көшені бейнетаспаға түсіріп келе жатқан. Бір кезде біз отырған көлікті әскерилер тоқтатып, ешқандай бейнежазбаға, фотосуретке түсіруге болмайтынын қатаң ескертіп барып, жүруімізге рұқсат еткен. Әупірімдеп, конференция өткізілетін жайға келсек, нағыз тексерістің көкесі басталды. Әскерилер сөмкелерді мұқият ақтарып, ноутбуктерді қосып, одан әрқайсымыздың бой-бойымызды тексерген. Ерлерді ерлер қараса, әйелдер қауымын шымылдықтың артында әйелдер әбден тексерді. Әзер дегенде конференция өтетін ғимаратқа ендік-ау, әйтеуір. Бейбіт тіршілігіңді кешіп, күнделікті қалыпты еңбегіңді жасап, отбасыңды асыраған өз күніңнің қаншалықты қымбат екендігін осындайда тіптен ұғынып, бейбіт өмір қадірінің қаншалықты екенін бағалай түсесің. Жаратқанға шүкіршілігіңді айтып, тәубе, еліміздің тыныштығына селкеу түспесін дейсің. Тәубе! Қауіптенсе қауіптенгендей екен, залға кірісімен шетелдік журналистерден біз келердің алдында жарылыс болып, екі адамның қаза тапқанын естідік. Анықтап білмек болып, жалма-жан ноутбукті іске қосып, Интернеттен жағдайдың анық-қанығына жетпекшіміз. Ғаламторға кіріп, Ауғанстандағы конференция мен жаңа ғана естіген жағдай туралы онда не жазылғанын көріп-білуге асықтық. Конференция жайында РИА, Интерфакс сынды агенттіктерден бірді-екілі хабарлармен қоса жарылыс туралы да материал қойылыпты. Әлгіні шақырып, түймені басқанымыз сол еді Интернет желісіне кіретін мүмкіндік жоқ деген хабарлама түсті. Бұл конференция 1974 жылдан кейін Ауғанстанда бірінші рет өткізіліп отырған халықаралық ірі шара көрінеді. Әлемнің 70-тен астам мемлекет пен халықаралық және аумақтық ұйымдардың өкілдері бас қосқан конференцияда ауған үкіметінің елдің алдағы дамуы мен тұрақтылығына қол жеткізуге бағытталған арнайы іс-жоспарын қарау көзделген екен. Әрине, экономикасы әбден тұралаған елдің егер сырттан қаржылық көмек көрсетілмесе, өздігінен көштерін түзеп кетулері неғайбыл екендігі белгілі. Сол себептен де конференция жұмысына әлемдік қаржы институттарының өкілдері де шақырылыпты. Жалпы алғанда, аталған шараның өткізілуін үстіміздегі жылы Лондон конференциясында көтерілген мәселелердің, сол жолы ауған жағы мойындарына алған міндеттемелердің жүзеге асуына әлем тарапынан жасалынған көмек деп бағаласа да болады. Өйткені, Тұманды Альбиондағы басқосуда Ауғанстанды қайта құру мен барлық жағдайды қалыпқа келтіруге, күштілер үшін жылдар бойына көкпарға тартылған лақтың күйін кешіп, талмаусыраған елдің экономикалық ахуалын жөндеуге қажетті нақты қадамдар сөз болып, елдің бейбіт қалыпта дамуы үшін керекті жағдайлар кеңінен талқыланған болатын. Жел шайқаса тіреуі жоқ шатырдай бір жағына қисая салатын ауған экономикасы үшін шетелдің қаржы институттарының сүйеуі тым қажет екені өз-өзінен түсінікті. Енді, міне, Кабулда келелі мәжіліс өтіп, ауған жұрты әлемдік қауымдастықпен қарым-қатынастың жаңа бір деңгейіне көтерілгендей. Мұның, әрине, Ауғанстан үшін айтулы оқиға екеніне еш дау жоқ. Конференцияда ендігі бір сөз болған маңызды мәселе – қауіпсіздік. Бұл орайда халықаралық қауымдастық ауған жағына ел ішіндегі қауіпсіздік мәселесінде өзге емес, өздерінің жауапкершілікті мойындарына алуының маңыздылығын, сонымен бірге ауған ұлттық әскері мен полициясының діттеген мақсаттарына жетуіне қолұшын беруге пейілді екендіктерін білдірген. Ауған үкіметі ұлттық қауіпсіздік стратегиясын жүзеге асыру жайында халықаралық қауымдастыққа айтар ойы мен сұрар көмектері де бар екенін білдірді. Хамит Карзай өз сөзінде 2014 жылға дейін коалиция әскері ауған территориясынан кезең-кезеңімен шығып болып, елдің қауіпсіздігін өз қолдарына алатындарын айтты. Бүгінгі күнге дейін үкімет түрлі топ жетекшілерімен кездесіп, олар да осы пікірге ойысады деген ойын жеткізіп, ауған халқына ел экономикасын көтеру үшін әлемдік қауымдастықтың қаржылай көмегі өте қажет екеніне екпін түсірді. Президент Х.Карзайдан кейін конференцияда Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Пан Ги Мун, Ауғанстанның Сыртқы істер министрі З.Расул және БҰҰ-ның Ауғанстан мәселелері бойынша арнайы өкілі С. де Мистура, АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Х. Клинтон сөз алды. Сөз кезегі ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасына келген. Еліміздің Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев Ауғанстан басшысы Хамит Карзай ұсынып отырған халықты бейбіт тіршілікке, еңбекке тартуда, елдегі қантөгісті жою бағытында Ауғанстан үкіметі мен ауған халқы арасындағы ұлттық келісімге келу жоспарының оң бағаланып, халықаралық қауымдастық тарапынан ұзақ мерзімге қолдау көрсетуінің маңызына тоқталды. Сонымен бірге біздің еліміздің Лондон конференциясында көтерілген Ауғанстандағы жағдайдың қалыпқа келуіне қажетті гуманитарлық салада қолдау көрсету мақсатында жасалып жатқан жұмыстарды жиналғандардың қаперіне салып өтті. Ауған жастарын Қазақстан жоо-ларында оқыту үшін 50 млн. АҚШ доллары бөлінгенін, биылғы жылдың өзінде алғашқы 200 жастың оқуға келетінін хабарлады. Сонымен бірге ауған шекарашылары мен полиция қызметкерлерін еліміздегі жаттығу орталықтарында даярлаудан өткізуге осы елдің үкіметіне нақты ұсыныс жасалғанын айтты. Ал Кабулда сауда-өнеркәсіп палатасы ашылуының өзі Қазақстанның Ауғанстанмен арада сауда-экономикалық байланыстарды дамытуға деген оң ниетін танытады. Сонымен қатар біз бұл елге гумантитарлық көмекті де көрсететін боламыз. Ал ЕҚЫҰ төрағасы ретінде еліміз мүше мемлекеттердің Ауғанстанға ЕҚЫҰ-ның үш себеті бойынша көмек беруін ұйымдастыру жұмысын бірізділікпен жалғастырып отыр. Өткен демалыс күндері ғана Алматыда өткен ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттер сыртқы істер министрлерінің бейресми кездесуінде Президент Нұрсұлтан Назарбаев: “ЕҚЫҰ-ның Ауғанстанға қатысты жаңа стратегиясының қажет екендігіне еш күмән жоқ”, деген болатын деп біздің елдің бұл мәселедегі ұстанымын жеткізді. Жалпы, еліміз ауғандықтарға көмек қолын созып, 2,5 млн. долларды ішкі жолдарды жөндеуге бөлсе, оның сыртында мектептер мен ауруханалар да салып беріп, олар қиындықтан тұралаған елге біраз көмек болуда. Іс басындағы төраға осы жолы БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мунмен, АҚШ Мемлекеттік хатшысы Хиллари Клинтонмен және Ауғанстан Президенті Хамит Карзаймен екіжақты кездесулер өткізді. Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Пан Ги Мун ЕҚЫҰ төрағасы Қазақстанның Қырғызстандағы оқиғалар кезінде сарабдалдық танытқанына ризашылығын айтып, Астанада мемлекет басшыларының саммиті өткізілу жайындағы ұйғарымның да көңілден шыққандығын білдірді. Бас хатшы біздің еліміздің бастамасымен БҰҰ-ның аясында жер жүзінде 29 тамыздың Ядролық қарудан бас тартудың бүкіл дүниежүзілік күні болып белгіленуіне де өзінің ризашылығын жеткізді. Тараптар кездесу уақытында аймақта және әлемде орын алатын кейбір оқиғалар бойынша тұрақты түрде консультациялар алмасып тұруға уағдаласты. Қанат Саудабаевпен кездесу барысында Хамит Карзай ЕҚЫҰ Саммитін өткізуді әуелден-ақ қолдағандықтарын, себебі онда Ауғанстандағы тұрақтылық мәселесі сөз болатындығын, оның өз елінің мүддесімен сәйкес келетінін айтып, Астана Саммитіне шақыруды ықыласпен қабылдайтындығын жеткізді. Кездесуде Хамит Карзай біздің еліміздің Ауғанстанға көрсетіп жүрген түрлі жәрдеміне алғысын білдірді. АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Хиллари Клинтон Іс басындағы төраға Қанат Саудабаевпен кездесуінде еліміздің ЕҚЫҰ-ға төраға ретінде Қырғызстандағы жағдайға қатысты іс-қимылына жоғары баға берді. Сонымен бірге Мемхатшы Ауғанстанға Қазақстан территориясы арқылы транзитті жүк өткізу жайында шілде айында қабылданған құжат жайына тоқталып, бұл халықаралық коалицияның осы елдегі жағдайды қалыпқа келтіруіне жәрдемдесетін үлкен үлес болды деп атап өтті. Х.Клинтон сондай-ақ екіжақты байланыстармен қатар, ЕҚЫҰ-ның жоғары деңгейдегі Саммитін Астанада өткізу өте маңызды деп мәлімдеді. Тараптар кездесу уақытында Саммит өткізілуінің практикалық жағын сөз етті. Осы жолы Іс басындағы төрағамен кездескен қай саясаткердің де Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығын атқарудағы іс-әрекетіне жоғары баға беріп, 56 мемлекеттің бірауыздан Астанада Саммит өткізу туралы ұйғарымға келуімен құттықтағанын айта кеткен жөн. Кабулдағы аз ғана уақыт ішінде Іс басындағы төраға бірқатар елдердің сыртқы істер министрлерімен келіссөздер жүргізді. Атап айтар болсақ, Ресей, Түркия, Норвегия, Литва, Жапония сыртқы істер министрлерімен және Ислам Конференциясы Ұйымының Бас хатшысы Экмеледдин Ихсаноглумен кездесті. Ауғанстан астанасы Кабулда өткізген бірнеше сағат ішінде бұл ел жағдайының қаншалықты күрделі екендігін ұғына түсесің. Біздің еліміздің аймақтық қауіпсіздік мәселелеріне жіті қарауының соншалықты маңызды екендігін де бар болмысыңмен қабылдайсың. Сол себептен де күні кеше ғана Алматы кездесуінде ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттер сыртқы істер министрлерінің бірауыздан жыл аяғында Астанада жоғары деңгейдегі Саммит өткізуді ұйғаруының орындылығына да еш шек келтірмейсің. Шынында да, қайраңда қалған кемедей малтығып жатқан Ауғанстанның бұл күйден өздігінен шыға алмасы анық. Оған әлем қолын созбаса, ол тіптен де мүмкін емес. Және оған 56 мемлекет басшыларының тегіс иланғаны қажет. Сондықтан, Астана Саммитін асыға күтетін елдің бірі Ауғанстан болмақ.
•
21 Шілде, 2010
АУҒАНСТАН АХУАЛЫНА ӘЛЕМ АЛАҢДАЙДЫ
580 рет
көрсетілді