• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
20 Мамыр, 2015

Ынтымақтастыққа өріс кең

317 рет
көрсетілді

Кеше Астанада Қазақстан-Литва кәсіпкерлерінің бизнес-форумы болып өтті. Форумның ашылуына Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов пен Литва Республикасының Премьер-министрі Альгир­дас Буткявичюс қатысты. Іс-шараны Қазақстан Рес­пуб­ликасының Инвестициялар және даму министрлігі мен «KAZNEX INVEST» АҚ ұйымдастырды.

Екі елдің арасындағы ин­вес­тициялық-өнеркәсіптік ын­ты­мақтастық бағдарламасын талқылау жөніндегі келіс­сөз­дердің кезекті кезеңінде өтіп отырған бұл бизнес-форум­ға Қазақстан мен Литваның мем­лекеттік басқару органдары­ның, кәсіпорындары мен ұйым­дарының, даму институттары мен бизнес құрылымдарының 200-ден астам өкілдері қатысты. Форумның ашылуына орай сөйлеген сөзінде Қа­зақ­стан Үкі­метінің басшысы Кә­рім Мәсімов біздің еліміз­дің Еуропалық одаққа шығар жолындағы Литваның көлік­тік инфрақұрылымдарын пай­далануға мүдделі екендігін жеткізді. Көлік дәлізі ретін­дегі оның бізге беретін мүм­кіндіктерін атап көрсетті. «Қазақстан үшін Литваның өзіне, оның көліктік инфра­құрылымдарына ин­вес­ти­циялар салу, бұл елдің порттарымен жұмыс істеу маңыз­ды болып табылады. Сон­дай-ақ, біз Еуропалық одақ­қа өз өнімдерімізді экспорттау үшін Литва аумағынан кәсіп­орындар құрудың мүмкіндігін пай­даланғымыз келеді», деді өзінің сөзінде Қазақстан Премьер-Министрі. Кәрім Мәсімов литва­лық биз­несмендерді қазақ­стандық кәсіп­орындарды инвестициялауға шақырды. «Қазақстанда инвестиция сал­ғысы келетін іскерлерге үлкен мүмкіндіктер мен са­лық жеңіл­діктерін беретін арнау­лы заң қабылданған. Эконо­ми­камыз болса қарыштап, өсіп келеді. Сондықтан мен лит­ва­лық компаниялар осы мүмкіндіктерді пайдалануға ұмтылыс танытады, оларда Қазақстан экономикасын инвестициялауға қызығушылық туындайды деп үміттенемін. Мен сіздің және сіз бастаған делегацияның біздің елімізге жа­саған бұл сапарларыңыз біздің елдеріміз бен халықтарымыз арасын­дағы қарым-қатынасты кеңей­ту мен тереңдету үшін үлкен мүмкіндіктер береді деп есептей­мін», деп атап өтті Кәрім Мәсімов. Литва Премьер-министрі Альгирдас Буткявичюс өз сөзінде Литва үшін Қазақстанның Орталық Азиядағы ең маңызды әріптес болып табылатындығын атап көрсетті. «Бізді өте жақсы саяси-экономикалық мәдени қарым-қатынастар байланыстырып тұр. Мен сізбен осының алдында екіжақты пішім аясында жақсы әңгіме өткізген едім. Бүгін Астанада кездескенімізге қуаныштымын», дей келе, бұл шараға өзінің үлкен делегацияны бастап келгендігін, осының өзі Литваның Қазақстанмен арадағы сауда-экономикалық, инвестициялық байланыстарын нығайтуға барынша мүдделі екен­дігін білдіретіндігін айтып өтті. «Соңғы уақыттардың өзінде Литва президенті Қазақстанға екі рет келді. Бізде қазақстандық жастар жоғары оқу орындарында білім алуда. Екі ел арасындағы байланыстарды нығайтуда арада құрылған ведомствоаралық комиссия жақсы жұмыс істеуде», дей келе, соңғы алты жылдан бері Қазақстан мен Литва арасындағы сауда айналымының тұрақты түрде өсіп келе жатқандығын, бүгінгі күні Литваның Орталық Азиямен сауда айналым көлемі жылына 1 миллиард доллардан асып түссе, мұнда Қазақстанмен арадағы қарым-қатынастың үлесі мол екендігін жеткізді. Дегенмен, соған қарамастан, біздің арамыздағы экономикалық ынтымақтастықты жақсартудың әлі толық әлеуеті іске аспай отыр. Мәселен, біз ақпараттық технология, медицина, туризм салаларында бірлесіп жұмыс істеп, жақсы табыстарға жеткен болар едік. Биылғы жылдың соңына таман Швеция мен Польша арасындағы қуатты электр желісі іске қосылатын болады. Еліміздің порттары ірілендірілуде. Біз Азия мен Еуропаны байланыс­тыратын Жаңа Жібек жолы жобасына қатысуға ұмтылыс танытып отырмыз. Міне, осылардың барлығы біздің арамыздағы қарым-қатынастарды нығайтуға септестігін тигізетіні анық, деді литвалық мейман. Бизнес-форумда 2005-2014 жылдар аралығында Литвадан Қа­зақ­станға келген тікелей ин­вести­ция­лардың жалпы көлемі 9,5 мил­лион АҚШ долларын құра­ған­дығын, ал осы уақыт аралы­ғында Қазақстаннан Литваға салын­ған инвестициялар көлемі 9,9 мил­лион АҚШ доллары болғандығы айтылды. Қазақстан мен Литва ара­сын­д­ағы тауар айналымы 2014 жылы 436,5 миллион АҚШ доллары­на жетті. Бұл – 2013 жылғы көр­сеткіштен 37 пайызға артық. Яғни, екі ел арасындағы экономикалық ынтымақтастық барынша дами түсуде деп айтуға болады. Бұл жолғы форум да нәтижелі болды. Форум соңында бірқатар ынтымақтастық жөніндегі келісімдер мен меморандумдарға қол қойылды. Солардың қатарында «Kaznex Invest» АҚ-тың Литваның «Дурпета» ЖАҚ, «Eurofire» ЖАҚ компанияларымен жасасқан өзара түсіністік туралы меморандумдары және Астана кәсіпкерлер палатасы мен Вильнюстің сауда-өнеркәсіптік және қолөнер палатасы арасындағы ынтымақтастық туралы келісімдер бар. Сұңғат ӘЛІПБАЙ, «Егемен Қазақстан».  
Соңғы жаңалықтар