Мәжіліс Төрағасы Қабиболла Жақыпов пен Литва Премьер-министрі Альгирдас Буткявичус Қазақстан-Литва, соның ішінде, парламентаралық ынтымақтастықты нығайту мәселелерін талқылады, деп хабарлады Мәжілістің баспасөз қызметі.
Тараптардың пікірінше, Қазақстан Литва үшін Орталық Азиядағы маңызды саяси және экономикалық әріптес болып табылады. Екі ел арасындағы тауар айналымы 2014 жылы 430 млн. АҚШ долларын құраған. Мәжіліс Спикерінің сөзінше, Қазақстан Президентінің «Нұрлы Жол» Жаңа Экономикалық Саясаты, ҮИИДБ, сондай-ақ, қолайлы инвестициялық климат өзара іс-қимылды күшейтуге жаңа мүмкіндіктер ашады.
Литва Премьер-министрі Альгирдас Буткявичус Қазақстан халқын Қазақ хандығының 550 жылдығы, Конституцияның және Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы сынды айтулы даталармен құттықтай келіп, ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне назар аударып, Литваның көрме тақырыбына қатысты қызығушылығын білдірді.
Ал парламентаралық қарым-қатынас жайын сөз еткенде Қабиболла Жақыпов пен Альгирдас Буткявичус Мәжіліс пен Сейм арасындағы ынтымақтастық жөніндегі топтар жұмысына тоқталды. Кездесу иелерінің айтуынша, парламентаралық өзара іс-қимыл – екі ел әріптестігінің маңызды құрамдас бөлігі.