• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
22 Шілде, 2010

Ғайрат САПАРҒАЛИЕВ

1414 рет
көрсетілді

Қазақстан ғылымы ауыр қазаға ұшырады. Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының академигі, заң ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген заңгері, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Мемлекет және құқық институтының директоры Ғайрат Сапарғалиев 81 жасқа қараған шағында дүние салды. Ғайрат Сапарғалиев 1930 жылғы 26 маусымда Семей қаласында дүниеге келді. 1952 жылы Саратов заң институтын, 1955 жылы КСРО Ғылым академиясы Құқық институтының аспирантурасын бітірді. 1967 жылы “Қазақстандағы революциялық-азаттық қозғалысына қарсы патша үкіметінің жазалау саясаты” деген тақырыпта докторлық диссертация қорғады. Қазақстан Ұлттық Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі (1989), академигі (2003) болып сайланды. Ғ.Сапарғалиев 1955-1992 жылдарда Қазақ КСР Ғылым академиясында түрлі жауапты қызмет атқарды. Философия және құқық институтының ға­лым-хатшысы, аға ғылыми қызметкері, бөлім меңгерушісі, директордың орын­басары болып қызмет істеді. 1992-2000 жылдарда Алматы мемлекеттік уни­верситетінің заң факультетінің деканы, Қазақстанның Ғылым акаде­мия­сының Мемлекет және құқық институтының директоры, Қазақ гумани­тарлық заң академиясының Мемлекет және құқық институтының директоры болды. Соңғы жылдарда Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Мемлекет және құқық институтының директоры болып қызмет істеді. ҚР Жоғары Сот Кеңесінің мүшесі болды. Ғайрат Сапарғалиев бүкіл саналы ғұмырын заң ғылымына арнаған нағыз ғалым, ардақты азамат, ұлағатты ұстаз ретінде халыққа танылды. Мем­лекет пен құқықтың тарихы мен теориясын, конституциялық құқық пен құ­қықтық педагогиканың мәселелерін зерттеп, отандық заң ғылымының да­муына өлшеусіз үлес қосты. Кезінде Кеңес Одағындағы заң саласы бойынша ең жас ғылым докторларының бірі атанып, ғылымдағы аса биік беделге ие болды. Ғ.Сапарғалиевтің барлық зерттеулері елдік мүддемен, ұлт мәселесімен толық үйлесім тапты. Кеңестік жүйенің өзінде Ресейдің отарлау саясаты туралы ғылыми еңбек жазып, өзінің азаматтық ұстанымын танытып, қайраткерлік биікке көтерілді. Ол тәуелсіз Қазақстан мемлекеттілігінің қалыптасуына, Қазақстанның Ғылым академиясының Философия және құқық институтын, заң саласы бойынша білім беретін жоғары оқу орындарын өркендетуге зор үлес қосты. Қазақстан Констит­уциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізуге, Қазақстанның құқықтық саясат тұжырымдамасын әзірлеуге белсене қатысты. Ғ.Сапарғалиев — “Советтік Қазақстанның мемлекеттік және құқықтық тарихы”, “Революцияға дейінгі Қазақстандағы жер аударылған поляктардың қоғамдық-саяси қызметі”, “Қазақстанның мемлекеттік және құқықтық негіздері”, “Қазақстандағы конституциялық құрылыстың орнауы”, “Қазақстан Республикасындағы конституциялық құқық” атты оқулықтар мен монографиялардың және 400-ден астам ғылыми еңбектердің авторы. Ол алты ғылым докторын және қырықтан астам ғылым кандидатын дайындады. Ғайрат Сапарғалиев ғылымдағы табысты еңбегі үшін “Құрмет” орденімен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен, Польша Республикасы Сеймінің ескерткіш медалімен марапатталған. Көрнекті құқықтанушы-ғалым, талантты ұйымдастырушы, білікті ғалым Ғайрат Сапарғалиевтің жарқын бейнесі оны білетіндердің есінде әрдайым сақталады. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігі Шығыс Қазақстан облыстық әкімдігі Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясы. ҒИБРАТТЫ ЖАН Қадірлі Ғайрат ағаны 80 жасқа толған мерейтойымен кеше ғана құттықтап, “Сексеніңіз сергек­тік­тен айырмасын!” деп тілек айт­қан едік. Емендей берік сияқты көрін­ген. Енді, міне, той қызығы тарқа­май тұрып, қаралы хабар естіп отырмыз. Қазақ халқы тағы бір ұлы перзентінен айырылды. Ол қазақ ғылымының тарихын­да есімі алтын әріппен жазылатын Заңгер болды. Бұрынғы одақтың құқықтанушы ғалымдары арасында талассыз мойындалған тұлғаға ай­налды. Қазақстанның Конститу­ция­сын әзірлеуге, еліміздің мем­ле­кеттілігін қалыптастыруға, құқық­тық саясат тұжырымдамасын жа­сауға үлкен үлес қосты. Ылғи да ағысқа қарсы жүзді. Кеңес өкіметінің дәуірлеп тұрған тұсында отаршылдықтың зардап­та­ры туралы ғылыми еңбек жазды. Ұлт­тық мүддені ұстанып, Алаш зия­лыларының саяси-құқықтық көз­­қарастарын зерттегені үшін қу­да­лауға түсті. Ол өмірде де, ғылым­да да қайталанбас құбылыс болды. Ғайрекең еліміз тәуелсіздік ал­ғаннан кейін үздіксіз ізденіп, үдетіп жазумен болды. Ол мектептің жо­ғары сынып оқушыларына арнал­ған “Мемлекет пен құқық негіз­де­рі” атты тұңғыш оқулықтың, құ­қық­тық жоғары оқу орындарына арналған “Конституциялық құқық” оқулықтарының авторы атанды. Қолданыстағы Конституциямызды әзірлеген ғылыми кеңесші топты басқарып, еліміздің қоғамдық-саяси өміріне де белсене араласты. 60-тан астам монографиялар мен оқулықтардың, 400-ден астам ғылыми еңбектердің авторы болды. Ғайрат Сапарғалиев ғылымда аса биік беделге ие болды. Біздің де заң ғылымының жолына түсуі­­мізге осындай ардақты ағалары­мыз­дың үлгі-өнегесі ықпал етті. Ол соңына қазақ ұлтының мәңгілік ру­хани қазынасына айналатын өмір­шең ғылыми еңбектер қалдырды. Қазір Ұлттық Ғылым академия­сы­ның академигін жоғалту алтын­ды жоғалтқанмен бірдей. Біз бірақ оның алтын қазынасын жоғалт­қа­нымыз жоқ. Академиктің еңбектері еліміздің игілігіне айнала бермек. Осыдан бір апта бұрын маған телефон шалды. Ешқандай шаруа айтқан жоқ. Тек аман-саулығын білдірді. Көңілі сергек еді. Ашылып біраз әңгіме айтты. Сөйтсек, қош­тасқаны екен ғой... Қош, ғибратты Ғайрат аға! Пейіште нұрыңыз шалқысын! Мұхтар ҚҰЛ-МҰХАММЕД. АЗАМАТТЫҚТЫ ТУ ЕТКЕН ТҰЛҒА Ғылымға жақын жүргендердің ішінде Ғайрат Сапарғалиұлын білмейтіні жоқ шығар. Заңгер-ғалым, академик ретінде ол респуб­лика ғылымына үлкен үлес қосқан азамат еді. Тек өз саласымен шек­теліп қал­май, жалпы ғылымның тағдырына арала­сатындығы арқа­сын­да көптеген ғалымдармен ара­лас-құралас жүрді. Талай адамға қамқорлық жасағанына куә де болғанбыз. Ол – заңгер, мен – тарих­шы­мын. Тығыз араластық. Бәлкім, оған ғалым ретінде зерттеген тақы­рып­тарының да әсері болған шы­ғар. Ғайрекең патша үкіметінің Қа­зақстандағы жазалау саясатын құ­қық­тық тұрғыда зерттеп, бұл жө­нін­де докторлық диссертация да қор­ға­ған. Ал бұл ұлт-азаттық қоз­ға­лы­сын зерттеген тарихшыға да керек-ақ. Әңгіме мұнда ғана емес-ау, кейде бір салада еңбек етіп жүр­ген­дер де бір-бірімен тіл табыса алмай жатады ғой. Ал Ғайрекең болса, ақ көңілін білдірген адамға әрқашан құшағын айқара ашып тұрар еді. Әрине, жұрт, ең алдымен ака­демик Ғайрат Сапарғалиевті тәуел­сіздікке қолы жеткен еліміз заңна­масының қалыптасуына айрықша еңбек еткен адам ретінде біледі. Бұл жерде әсіресе елдің Ата Заңы – Конституциямызды әзірлеуде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа кө­мекші, кеңесші болғанын айтқа­нымыз жөн болар. Содан да оны мемлекеттігіміздің қалыптасуына және дамуына үлкен үлес қосқан азамат деп танимыз. Оның қоғамдық өмірдегі, ғы­лым­дағы орны бөлек десек, Ғай­ре­кең адами қарым-қа­­тынаста да ерек­ше жан еді. Жоғары мәде­ниет­ті­лігімен, азаматтық келбетімен ерек­­шеленіп тұратын. Оның дос­та­рының ара­сын­да әдемі әңгіме-қалжыңымен, кейде асқақ­татып ән шырқап, жан-жағына шуақ шашып жүретін сәттерін де ұмыту мүмкін емес. Атпал азамат өтті арамыздан. Со­ңына өшпейтін із қалдырып кетті. Сондықтан да болашақ ұрпақ оны ұмытпайды. Мәлікайдар АСЫЛБЕКОВ, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі. ТАҒЫЛЫМЫ МОЛ, ТАЛҒАМЫ БИІК Академик, көрнекті ғалым, заң­гер Ғайрат Сапарғалиевті бүгін біз­дің жанымызда жоқ деп айту тым қиын екендігі айтпаса да түсінікті. Еліміздің заң ғылымын дамы­ту­ға және ең бастысы тәуелсіз мемле­ке­тіміз заңнамасының қалыптасуы­на айтарлықтай үлес қосқан Ғайрат Сапарғалиұлы көптеген шәкірт тәр­биелеген, мейірімі мен тәжі­ри­бесі мол ұстаз. Ғылыми жұмыс пен педагогикалық қызметті қатар ат­қар­ған профессор өз шәкірттерін ғы­лымға, өздері ұнатқан маман­ды­ғына адал қызмет етуге және сол жолда жоғары жауапкершілік та­ны­туға қажымай-талмай баули білді. Ғайрекең өзінің туған еліне адал, абыроймен қызмет етті, оның игілігін арттыруға сүбелі үлес қо­сып, ғылым жолында қажырлылық, іскерлік, үлкен ізденіс танытты. Мен Ғайратты сонау алпысыншы жыл­дардың бас кезінен бері біле­мін. Уақыт неткен жүйрік десеңіз­ші, со­дан бері қазір ойлап отырсам жарты ғасыр зулап өте шығыпты. Қи­ын­дығы мен ауыртпалығы ай­тар­лық­тай мол, қазақша айтқанда, инемен құдық қазғандай күрделі сала – ғылымға деген үлкен құш­тар­лығымен бірге ол сан қырлы өнер­­ге де бейімділігімен ерекшеленетін. Елеген ҚАЙЫРЖАНОВ, “Қайнар” университетінің проректоры, заң ғылымдарының докторы, профессор. ҒҰЛАМА ҒАЛЫМ ЕДІ Қазақстанның заңгерлері, бүкіл зиялы қауымы ортамыздағы үлкен ғұлама ғалымнан айырылып қалға­ны­мызға қатты қайғырамын. Ғай­рат Сапарғалиев, Ғайрекең дүние­ден өтті деген суық хабарды Оқ­жет­п­есте демалып жатқанда естідім. Осында кеткенге дейін көріп, ди­дарласқанымда аман-есен, өте көңілді еді. Тағдырдың жазуы осылай болыпты. Ғайрат Сапарғалиұлы – біздің заң, құқық саласындағы ғалым­дар­дың ішіндегі патриархтарының бірі еді. Ол тәуелсіз Қазақстанның қа­лып­тасуына өте ауқымды үлес қос­қан. Жақында ғана Ғайрекеңнің 80 жасқа толған мерейжасын атап өтіп едік. Сұм ажал болжаусыз уақытта аяқ астынан арамыздан алып кетеді деп ойламаппыз. Мен Ғайрат Сапарғалиевті 60 жылдай уақыттан бері білемін. Бір қалада, бір ғылым саласында қоян-қолтық араласа жүріп, еңбек еттік. Осы кезеңдерді есіме түсіре қарай­тын болсам, Ғайрекеңнің бойын­да­ғы көптеген қасиеттерді атап өткен болар едім. Біріншіден, адамға деген ерекше ілтипатын айтар едім. Сонымен қатар, ол өзінің сөзіне өте берік болатын. Айтқан сөзін екі ет­пей, уақытында орындауға жас­тайынан дағдыланған еді. Күрделі мәселелерде шешім қабылдауда әрқашанда салмақтылық танытып, жан-жақты ойлай келе, соңғы сөзін айтушы еді. Ғайрат Сапарғалиев осы уа­қыт­қа дейін 200-ден астам ғылыми еңбекті өмірге әкелген, оның ішін­де 10-нан астам жеке және 60-тан астам ұжымдық монографиялардың авторы болып табылады. Ол еліміздің негізгі заңдарын әзірлеуге қатысты. Атап айтқанда, 1978, 1993, 1995 жылғы конститу­ци­я­ларды дайындау жөніндегі жұ­мыс тобының құрамында болды. Ғай­рат Сапарғалиевке белсенді қо­ғамдық-саяси және ғылыми қыз­меті үшін Қазақстан Республика­сының еңбек сіңірген заңгері атағы берілді. Қазақстанның тәуелсіздігі жа­рияланғаннан кейін Ғ.С.Сапар­ға­лиев конституциялық құрылыс (мысалы, “Қазақстан Республика­сы­ның парламенттік құқығы”), мем­лекеттік қызмет, конститу­ция­лық жауапкершілік бойынша бір­неше еңбектер жариялады, соған қоса ол алғаш рет жоғары оқу ор­ындарының студенттеріне арналған “Қазақстан Республикасының конс­титуциялық құқығы” оқулы­ғын шығарды. “Мемлекеттік билік тармақтарының олардың қызметі ба­рысындағы өзара ықпалдастығы­ның құқықтық және ұйымдық проблемалары” сияқты тақырыпты жан-жақты зерттеп жүрді. Ол соңғы жылдары өзінің күш-жігерін жастарды тәрбиелеуге ба­ғыштаумен бірге, көптеген ғылыми жұмыстардың жолында ізденісте бол­ды. “Қазақстан қоғамын жаң­ғыр­ту жағдайында саяси жүйені қа­лыптастыру мен жетілдіру” деп ата­латын іргелі тақырыпты зерттейтін ғылыми ұйымды басқарған болатын. Ғайрат Сапарғалиев бүкіл зиялы қауымның жадында, қазақ хал­қының тарихында қалатын үлкен тұлға. Қазақ халқы, Қазақстан мем­лекеті тұрғанда Ғайрат Сапарғалиев ұмытылмақ емес. Өйткені, ол егемен еліміздің заңдық тұрғыдан қалыптасуына зор еңбек сіңірді. Ғайрекеңнің отбасына, артында қалған балаларына, немерелеріне көңіл білдіре отырып, ата жолын қуатын ұрпақтары болсын деп тілек білдіргім келеді. Жатқан жерің жайлы болсын, аяулы Ғайреке! Алдыңнан Алла жарылқасын... Қош, бауырым... Сұлтан САРТАЕВ, академик. ҮНДЕМЕЙ ЖҮРІП КӨП ІС БІТІРДІ Адам өмірдегі, тарихтағы ор­нын, рөлін қол жеткізген асу­лар­мен айқындайтын болса керек. Ғайрат Сапарғалиевтің өмір жо­лы­на осындай тұрғыдан көз жүгіртетін болсақ, ол алмаған асулардың және өтпеген белестердің аз екендігін аңғарамыз. Сондықтан болар Ғай­рат Сапарғалиев дүниеден өтті де­генді естігенде жүрегім шымырлап, халқымыз біртуар перзентінен айырылғанын сезгендей болдым. Екеуміздің жасымызда айырма­шы­лық болғанымен, ол ағамын деп асқақтамады. Қай кезде де құша­ғын жая қарсы алып, әзіл-қал­жы­ңын араластыра қызықты әңгімесін шертетін. Қатар жұмыс істеген ке­зі­мізде оның жазғандарын зейін қоя оқып, білімінің тереңдігіне, дүние­та­нымының кеңдігіне қайран қал­ған­мын. Кейін өмірбаянына зер са­лып қарағанда, кейде томаға-тұйық­тау көрінетін Ғайрекеңнің сон­дай­лық көп іс тындырғанына сүйсіндім. Ғайрекеңді үлкен ғалым, кере­­мет педагог ретінде ғана емес, ға­жап өнерпаз ретінде де білетін едім. Әдемі тембрлік дауысымен көпте­ген арияларды құйқылжыта орын­дай­тын. Сегіз қырлы, бір сырлы жігіт осындай-ақ болса керек. Ғайрат Сапарғалиевтің тәуелсіз еліміздің қалыптасуы мен дамуына, өзі еңбек еткен ғылыми мекеме­лер­дің өркендеуіне сіңірген еңбегі орасан зор. Оның ғалым, азамат, қайраткер ретіндегі атқарған істері әрдайым ұмытылмайды. Ғарифолла ЕСІМ, сенатор, академик. СОҢҒЫ ТОЙЫ ЕКЕН ҒОЙ ...Ғайрекең биыл 23 маусымда 80 жылдығын тойлады. Соны ай­тып маған телефон шалды. Мен іс­са­парға жүретін болып, тойға қа­тыса алмайтынымды айттым. Сон­да Ғайрекең асқан бір салмақ­тық­пен дауысын ширатып: “Менің 80 жылдығыма қатыспасаң, мен де се­нің 80 жылдығыңа қатыспаймын”, деді. Мен Ғайрекеңнің мұндай та­банасты тапқырлығына мәз болып күліп, өз жеңілгенімді мойындап, са­тып алынып қойған би­летті өт­кізіп, академиктің мерей­тойына арналған шараларға ба­сынан ая­ғына дейін қатыстым. Жай қатыс­қаным жоқ, ол кісінің сұ­рауы­мен салтанатты кеш асабасы болдым. Президенттің Құттықтау сөзі­­мен таңертең басталған мерейтой түн ортасына дейін жалғасты. Ғай­рекең өз тойын еліміздің белгілі мем­лекет қайраткерлері, зиялы қау­ым өкіл­дері, аға-інілері, ұстаз-шәкірттері, туған-туысқандары, ұл-қыздары, немере-шөберелері ара­сын­да арқа-жарқа болып, мәз-мей­рам күлкі­мен, сән-салтанатпен өткізді. Тойдың бір қызған сәтінде қо­­­нақтардың қалалықтардың әдетін­ше сұранбай біртіндеп “ұрланып” кете бастағанын сезген Ғайрекең маған келіп: “Байқайсың ба, асаба! Маған ұқсаған 80-нен асқандар шаршап тарқай бастады. Мен де солармен бірге ілесіп, білдірмей кетіп қалсам қайтеді?!” деді. Ол кісіні қалжыңдап тұр деп түсінген мен: “Ғайреке, бұл сіздің тойыңыз. Өз тойыңыздан өзіңіз шынымен “тығылып” кетіп қалып жүрмеңіз”, – деп күліп жауап бердім. Ғайрекеңнің осы 80 жылдық ме­рейтойы маған оның бар өмі­рінің әрі символы әрі жемісі болып елестейді. Халқының арасында, халқымен бірге, халықтан ажырамай бар өмі­рін “Ұлы той” етіп өткізді ол кісі. Және ешкімге салмағын салмай, өмірінің соңына дейін аттан түспей – әйгілі мемлекет қайраткері ре­тінде Заң институтының директоры қызметінде жүріп, ақыл-ойының кемел шағында айтарын айтып, жазарын жазып жүріп, ешкімнен ештеңе дәметпей, өз өмірі – өз то­йы­ның ең қызған шағында ешкімге білдірмей Тәңірдің қалауымен өз өмірі – өз тойынан жұмысбасты болып жүріп, кетті де қалды. Жақсы кісі еді – жақсылығы алдынан шыққай... Алладан түскен аят бар: “Жақ­сы адам өмірден озса, періштелер оны қарсы алып, “кір жәннатқа жақсы істерің үшін” дейді екен”. Осы аяттың шындығы Ғайрекеңді алдынан тосқай. Зайлағи КЕНЖАЛИЕВ,  заң ғылымдарының докторы, профессор, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің кафедра меңгерушісі. ҰСТАЗ ТУРАЛЫ СӨЗ Біздің заманымыздың ғұлама заңгері, ерекше дарынды құқық­танушысы Ғайрат Сапарғалиұлы Сапарғалиев дүниеден озды. Қазақстандық заңтану ғылымында, қазақстандық заң білімінде, біздің Отанымыздың конституциялық-саяси жүйесінде өшпес әрі терең із қалдырып, өмірмен қоштасты. Қадірменді ағамыздың көз жұм­­­ғанына сене алмай отырмын, мейірбан жүзді, адамгершілігі мол, ылғи көңілді жүретін, әріптесіне, кез келген адам баласына жақсы­лық, сәттілік, табыс тілеп жүретін асыл ағадан қалай айырылғың келсін... Сенгім келмейді дейтінім – кү­ні кеше ғана ЕҚЫҰ Төрағасының Жеке өкілі ретінде референдумның барысын байқау үшін Бішкектен Ғайрат Сапарғалиұлына Алматыға телефон шалғанымда, дауысы сергек, ширақ, ел ісінен жан-жақты хабардар екенін біліп, амандық, сау­лық тілеген едім, ештеңе де оның кенеттен дүниеден озарын ма­ған сездірмеп еді. Ол Қырғыз­стан­дағы жағдайға ерекше алаң көңілмен қарап, менің сақ бо­луымды, өзіме абай болуымды өтін­­ген еді. Ал өзін сұм ажалдан сақ­тай алмады. Бұл – өте ауыр қайғы. Ғайрат аға еліміздің Ұлттық Ғы­лым академиясының нағыз акаде­мигі болды. Оның әрбір ғылыми мақаласы, әрбір монографиясы, әрбір оқулығы – ең үздік туынды, ғылым мен шығармашылықтың қос­пасы, оның әр сөзді, әр фраза­ны, әр жағдайды қалт жібермей, ой тізбегінен өткізіп, терең талдап қарауының нәтижесі. Міне, осы бай мұраны мына жердің бетінде өмір сүріп жатқан біздерге аманат етіп қалдырды: егер бұрын біз оның кітаптарын қызыға оқысақ, енді оларды қызығып қана емес, оның Рухын қастерлей отырып оқитын әрі бірнеше қайталап оқитын боламыз. Екеуміздің Түркияда болған ғы­лыми симпозиумға бірлесіп барған сапарымыз есіме түседі, сол кезде оның осы ғылыми форумға түрлі елдерден жиналған ғалым әріп­тес­терімізбен шебер, өте сы­пайы, бе­дерлі әрі аса жылы­лықпен пікір­сай­ысқа қатысқаны қазақ ғылы­мының биік деңгейін көрсет­кен еді. Ал еліміздің Ата Заңының тұжырымдарын өзінің қандай үлкен зияткерлік қалауымен, жас тәуелсіз елі алдындағы терең жауап­кер­ші­лігін сезіне отырып, өте мұқият ек­шелеп, шыңдап, жетілдіргенін айт­саңызшы! Ол президенттік-конс­ти­ту­циялық істерге, мемлекеттік іс­терге, елінің, халқының тәуелсіз, еге­мен мемлекеттілігінің қалып­тасып, дамуына өзінің де үлесі бар екенін әрқашан мақтан етіп отыратын. Ғайрат ағаның өз жарына қандай нәзіктікпен, қамқорлықпен қарайтынын көрудің өзі көңіл сүйсіндірер еді – олардың қарым-қатынастары оның бүкіл ғұмыр бойы ер азамат пен әйел жанының арасындағы қарым-қатынастардың эталоны болып еді. Қош бол, ұстаз! Сіз біз үшін ғылыми рухтың шынайы Ақсүйегі болдыңыз әрі біздің жадымызда осы бейнеде мәңгі-бақи сақталып қала бересіз. Өз зиялылығыңыз бен әсем жан дүниеңіздің асыл қазынасын Сіз бізге аямай үлестіріп жүрдіңіз. Біз әрқашан да Сізден та­ғылым, үлгі алуға тырыстық, Сіздей болмасақ та, Сізге ұқсап бақтық. Сіздің ақылыңыз бен жақсы іс­теріңіз Өзіңізге деген ризашылығы мол ізбасарларыңыздың естерінде әрдайым сақталады. Марат СӘРСЕМБАЕВ, заң ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының мүшесі.