Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының үкімімен 2010 жылдың 7 мамырында аса үлкен көлемде пара алып, қызмет бабын асыра пайдаланғаны үшін сотталған Төтенше жағдайлар министрлігінің бұрынғы вице-министрі Абылай Сабдалинге қатысты қылмыстық істі 2010 жылдың 2 шілдесінде Астана қ. апелляциялық сот алқасы қарады.
Прокурордың апелляциялық наразылығы бойынша сот алқасы қаулысымен үкім өзгертілді. ҚК 312-б., 5-бөлімінде, 307-баптың 3-бөлімінде қарастырылған қылмыс жиынтығы бойынша ҚК 58-бабының 3-бөліміне сәйкес ақырғы жазаны анықтағанда, мемлекеттік қызметте лауазымдық ету құқығынан айыру мерзімі 7 жылдан 5 жылға кемітілді.
Сөйтіп, А.Сабдалин сот үкімімен 10 жылға бас бостандығынан айырылып, жазасын қатаң режімдегі түзету колониясында өтейтін болды және 5 жыл бойы мемлекеттік қызметте лауазымдық ету құқығынан айырылды. Бірінші сатыдағы сот үкімінің басқа бөлімдері өзгеріссіз қалдырылды, сотталғанның қорғаушысының апелляциялық шағымы қанағаттандырылмады.
Сондай-ақ, Астана қаласы Денсаулық сақтау басқармасының бұрынғы бастығы Т.С.Карибеков қызмет бабын асыра пайдаланғаны үшін кінәлі болып танылды және ҚК 307-бабының 2-бөлімі бойынша 3 жылға, Т.А.Әлмұхамбетова ҚК 307-бабының 2-бөлімі бойынша 3 жылға, Л.Х.Дүйсенбаева ҚК 307-бабының 2-бөлімі бойынша 2 жылға, К.А.Гаркалов ҚК 307-бабының 1-бөлімі бойынша 2 жылға, П.С.Инякин ҚК 307-бабының 2-бөлімі бойынша 2 жылға, Т.Б.Мансұров ҚК 24-б., 3 бөлімі мен 177-баптың 3-бөлімі “б” тармағы бойынша сотталып, 5 жылға бас бостандығынан айрылды. Әзірге үкім заңды күшіне енген жоқ.
Ал Астана тұрғын үй басқармасының бұрынғы бастығы Ерікболат Кабелдин қызмет бабын асыра пайдаланғаны, яғни 2008-2009 жылдары Астананың жеке тұрғын үйлерін жылытуға дизельді жағар майды сатып алуға берілген 85 млн. теңгеден астам қаржы сомасын бюджеттен ұрлағаны үшін кінәлі болып танылып, оған 2 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Аталған іске қатысты тағы үш адам қызмет бабын асыра пайдаланғаны мен қылмысқа сыбайластық еткендері үшін әр түрлі мерзімдік жазаға сотталды.
Оның бірі К.Тамабаев ҚК 307-б. 2-б. 2 жылға бас бостандығынан айырылса, “Квартирное бюро” АҚ бастығы Е.Түктібаев пен “Қарағанды бақыт мұнай” ЖШС кәсіпкері А.Жаныбаевқа 1 жылдық сынақ мерзімімен, ҚК 63-б. қолдана отырып 1 жылға шартты түрде бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды, деп хабарлады Астана қаласы прокуратурасының баспасөз қызметі.
ЗАҢСЫЗДЫҚТАРҒА ЖОЛ БЕРІЛМЕЙДІ
Өткен жылы облыстық ішкі істер департаментінің жол полициясы қызметі жол-көлік қозғалысы ережесін бұзған жүргізушілерден 266 740 477 теңге айыппұл өндірген.
Облыстық ішкі істер департаменті жол полициясының жеке құрамы былтыр жол жүру ережесін бұзған 72030 деректі анықтаған. Биыл өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда көлік құралын алкогольдік ішімдік ішіп басқарудың едәуір төмендегенін де айтуға болады. Десек те, биылғы жылдың 5 айында жүргізушілерге әкімшілік тұрғыдан әсер ету шараларын қолдану нәтижесінде көлік құралын басқару құқығынан 2365 жүргізуші айырылса, 161 жүргізуші 10-15 тәулікке әкімшілік қамауға алынған.
Заңсыздықтарға жол бермей, атқарылған шаралар барысында жүргізушілерге 266740477 теңге айыппұл салынса, оны өндіру мәселесі де оң шешілген.
Күмісжан БАЙЖАН, Алматы облысы.