Бұл жүздесу Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың шақыруымен Германия Федеративтік Республикасының Канцлері Ангела Меркельдің Қазақстанға тұңғыш рет ресми сапармен келуіне байланысты ұйымдастырылды. Германия делегациясы құрамындағы Бундестаг мүшелері – Клаудия Винтерштайн, Филипп Миссфельдер, Франц Т¿ннес, Марилуизе Бекк және Дитмар Барчты Қазақстан тарапынан Мәжіліс депутаттары – Қайрат Сәдуақасов, Наталья Геллерт, Егор Каппель, Алдан Смайыл, Айгүл Соловьева мен Серік Темірболатов қарсы алды.
Мәжіліс депутаты Қайрат Сәдуақасов соңғы бір жарым жылдың ішінде екі ел арасындағы байланыс жаңаша қарқын алғанын айтып өтті. Бұған 2009 жылғы табысты өткен Қазақстанның Германиядағы жылы мен биылғы Германияның Қазақ еліндегі жылы үлкен ықпал еткенін алға тартты. Осыдан кейін сөз алған Бундестаг депутаты Клаудия Винтерштайн ханым болса өз сөзінде осы сапардағы уақыттың тығыздығына қарамай көптеген маңызды шараларға қатысқанын, Қазақстан туралы мол мағлұмат алғанын айтты. “Бұл біз үшін маңызды сапар. Астананың аз жылда көркейіп кеткенін бірден байқадық. Елдің экономикалық жағынан өскені де бізді қуантып отыр”, — деді ол. Мейман қазақстандық әріптестерін заң шығару ісінде тәжірибе алмасу мақсатында өз еліне келіп қайтуға шақырды.
Германия Қазақстанмен сауда-экономикалық әріптес елдердің ішінде бастапқы ондыққа енеді. Қос мемлекеттің ынтымақтастық, саяси-экономикалық байланысы арта түсуіне өткен жылғы 3 ақпанда Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың аталмыш елге жасаған ресми сапары, мемлекет басшыларының жоғары деңгейде өткен кездесулері үлкен серпін берді.
“Германия Қазақстанның сыртқы саясаттағы ұстанымдарын қолдап келеді, ол үшін ризашылығымызды білдіреміз. Атап айтқанда, ГФР біздің елдің ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуін және ЕҚЫҰ Саммитін Қазақстанда өткізу туралы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасын қолдады”, – деді депутат Қ.Сәдуақасов.
Кездесуде тараптар парламентаралық байланысты дамыту туралы ойларымен бөлісті. Айта кету керек, Мәжілісте Қазақстан-Германия парламентаралық ынтымақтастық тобының 24 мүшесі бар. Оған Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Әмзебек Жолшыбеков жетекшілік етеді.