• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
22 Шілде, 2010

ЖИЫРМА ЖЫЛДЫҚҚА ҚЫЗУ ӘЗІРЛІК

577 рет
көрсетілді

Тәуелсіздік талаптары Алдағы жылы ел тәуелсіздігі мен еліміздің Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың алғашқы жарлықтарының бірімен атом аждаһасы атанған Семей ядро­лық сынақ полигоны жабы­луы­ның жиырма жылдық атаулы да­талары бүкіл ел көлемінде ке­ңінен аталып өтілетіндігі сөзсіз. Халықаралық “Невада – Семей” қозғалысының серкесі Олжас Сүлейменов өз қозғалыс­тарының жиырма жылдығына арналған халықаралық конфе­ренцияда Елбасының сол тұстағы оңды қадамын теңдесі жоқ ерлікке бағалаған еді. Өйткені, бұл кезде бұрынғы Одақ әлі тарай қой­маған-ды. Курча­товтағы Ұлттық ядролық ор­талықтың бас дирек­торы Қайрат Қадыржа­нов­тың өткен жылдың қыркүйек айында “Ядролық және радиа­циялық физика” деген тақы­рып­пен өткен халық­ара­лық кон­ференцияда АҚШ- тың Невада штатының гу­бер­наторы осындай батыл қа­дам­­ға бара алар ма еді деуі сон­дық­тан. Өткен жылдың маусым айында Семейдегі аралда ядро­лық сынақтар құрбан­дықтарына арналған сәулетті ескерткіш басында сан мыңдаған адамдар қатысқан сындарлы митинг өткізіліп, онда Елбасы тарапынан Семей полигонының жабылған күні – 29 тамызды Жаппай қырып-жою қаруынан бас тарту­дың бүкіл дүниежүзілік күні деп жа­риялау туралы бастама кө­терілгені, іле әлемдік маңызы зор бұл бастаманың Біріккен Ұлттар Ұйымы тарапынан қолдау тапқаны белгілі. Соған орай жыл соңында Се­мейде тағы бір халықаралық кон­ференция өткізілді. Оның маз­мұнды өтуіне аталған қозғалыс жетекшісінің осындағы өкілі Сұлтан Картоев мұрындық бола білді. Семейліктер Елбасы ше­ші­мімен Семейде радиа­циялық ме­­дицина кластері ашылып жат­қан­дығына ризашы­лықтарын білдірді. Қозғалыстың жергілікті белсенділері мұнымен де шек­тел­мей, алдағы жиырма жылдыққа арналған іс-шараларын одан әрі жүргізіп  келеді. Соған орай, қаладағы оқу орындарында “Бей­бітшілік сабақтары”, басқа да тақырыптардағы конференциялар мен семинарлар өз жалғасын табуда. Мұнда, сондай-ақ бейбітшілік тақырыбына арналған спорт шараларын, соның ішінде шахмат сайыстарын өткізу тұрақты дәстүрге айналған. Осы орайда, бұл мәселеде, әсіресе, жастармен жұмысқа ерекше мән берілген. Қозғалыс серкесінің идеясымен әлемдегі басқа да ядролық сынақ полигондарын жабуды қолдау мақсатымен жастардың қолы қойылған қағаздар жинас­ты­рылуда. Осындай игі акция ба­рысында қаладағы көлік колледжі көзге түсіп үлгерді. Кезінде қабырғасынан болашақ екі бірдей Кеңес Одағының Батыры шыққан бұл колледж Семейдегі байырғы оқу орын­дарының бірінен саналады. Колледждің өз мұра­жайы бар. Қазірде ол бейбітшілік тақыры­бына арналған құжат­тармен толыға түсуде. Мұнда оқуға қабылданғандар өз оқу орнымен таныстықты ең алдымен осы мұражайдан бастауды дәстүрге айналдырған. Жақында аталып өткен Ұлы  Жеңістің 65 жылды­ғында сондай игі бастама мұнда өз жалғасын тапты. Аталмыш оқу орнының басшысы Александр Люй адамгершілік-патриоттық тәрбие саласындағы осындай игі істерімен облыстық деңгейдегі марапатқа ие болып отырғанын да естіп, білдік. Осылайша Семей өңірінде атом сынақтарына қарсы қозғалыс эстафетасы енді ардагерлер қолынан жастарға өтіп отыр. Мұның бәрі мемлекеттік деңгейдегі ішкі, сыртқы саяса­тымыздың қалың бұқара тара­пынан қолдау тауып келе жатқанын көрсете ме дейміз. Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ, СЕМЕЙ. АРДАҚТЫ АНА АЛҒЫСЫ Сұрапыл соғыс басталғанда небәрі тоғыз жаста болғанымен, тыл еңбегіне араласып, ересек азаматтардан қалмай, бейбіт күнді жақындатуға өз үлесін қос­қан анамыздың еңбегі ескеріліп, Ұлы Жеңістің 60 және 65 жыл­дығына орай естелік медаль­дармен марапатталды. Қазір Қарабалық ауданында тұратын Әлима Түркенова Ре­сейге қарасты Челябі облы­сын­дағы Полтава ауданында (қазір ол Қарталы ауданы деп аталады) туған. Соғыс жас балаларды ерте есейтіп, ойын-күлкіден айырып, балалығын ұмыттырып еді, сондықтан бейбіт күннің қадірін жақсы түсінетін аяулы анамыз Қа­зақстанның Тұңғыш Прези­ден­ті Н.Назарбаевтың әлемде бей­бітшілік орнатуға бағытталған сая­сатын бағалау қажеттігін әр­қашан айтып отырады, елі­міздегі тыныштыққа шүкір­шілік етеді. “Соғыстан кейінгі ауыр тұр­мыстан оқуға жағдайым кел­меді”, дейді ол өкінішпен. Жеңіс күнін жақындату үшін қар­шадайынан еңбекке араласып, Отанымыздың жарқын болашағы үшін жан аямай тер төккен Әлима Шәмшияқызы бүгінде бейбіт өмірдің рахатын көріп отырған бақытты әже. Ол алты ұл, бір қыз сүйген. Сондай-ақ өмірлік жарының бұрынғы некесінен қалған төрт баланы және ержеткізген. Аналарынан ерте көз жазған, аялы ана алақанын аң­саған үш ұл мен бір қызды өз балаларынан кем көрмей, он бір баланы теңдей тәрбиелеген. “2010 жылдың қаңтарынан бастап 6 бала тәрбиелеп өсірген аналарға “Күміс алқа”, 7 бала тәрбиелеп өсірген аналарға “Алтын алқа” беріліп, зейнет­ақы­ларына көп балалы ана ретінде қосымша ақы қосылады екен деп естідім”, деген соң, құжаттарын тапсырған едік. Анамыз Астана күні мерекесіне орай “Алтын алқа” алып, бір жасап қалды. Алғысын да жаудырып жатыр. “Қазір не керектің бәрі бар, тек ел егемендігі ұзағынан болсын, Елбасы аман болсын, халқымыздың бірлігі мықты болсын! Сонда ғана ел арманы орындалады”, – дейді ол екі сөзінің бірінде. Төлен РАМАЗАНҰЛЫ. АСТАНА. ТҰРСЫНБАЙ БАТЫРҒА ЕСКЕРТКІШ ОРНАТЫЛДЫ Меңдіғара ауданының орта­лығында  ХVШ ғасырда елді сырт­қы жаудан қорғаған Абылай батыр­ларының бірі Тұрсынбай Ер­тіс­байұлына ескерткіш ор­натылды. 1700 жылы қазіргі  Ре­сейдің Түмен облысындағы Есіл ауданының жерінде туған Тұр­сынбай өз ауылын қалмақ  шап­қыншылығынан қорғап, 17 жасында батыр атанған. 1758 жылдың күзінде  Шығыс Түр­кіс­тан жерінде  Тұрфан асуы  үшін болған  шайқаста қазақ  әскерін Тұрсынбай басқарады. Сонымен қатар, 1771 жылы Еділ бойынан шығыстағы  жұртына қоныс аудару мақсатымен көшкен қал­мақ шапқыншыларын талқандау кезінде де  қазақ әскерін Тұр­сынбай батыр бастаған. Ел аузында Тұрсынбай батырдың ерлігі туралы сақталған әңгіме көп. Батырдан он жеті бала тараған. Өзі 1801 жылы  жүзден асқан шағында қазіргі Челябі облысындағы Еткөл ауданы жерінде қайтыс болады. Ескерткіштің  ашылу салта­на­тына облыстағы ғалымдар, тарих­шы­лар, аудан жұртшылығы жи­налды. Батыр туралы ғылыми-прак­тикалық конференция өтті. Онда  тарих ғылымдарының  док­торы, профессор Аманжол Кү­зем­байұлы  батырдың ерлігі мен өмір-деректері, ол өмір сүрген уақыттың еліміз тәуелсіздігі үшін маңызы туралы баяндады. Аудан әкімі Пазыл Жақыпов және басқа да сөз алған меңдіғаралықтар бабалар ерлігін осылай әспеттеу жас ұрпақты патриоттыққа, елін-жерін сүюге тәрбиелейтінін айтты. Конференция соңы концерт пен спорт жарыстарына ұласты. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, Қостанай облысы, Меңдіғара ауданы. “КӘСІПҚОР” СТИПЕНДИЯСЫ Елорда күні мен Президент Н.Назарбаевтың мерейтойы қарсаңында Алматы қаласының колледждер ассоциациясы республиканың техникалық және кәсіптік оқу орындарының басшыларына және құрылтайшыларына әлеуметтік жағдайы төмен білім алушыларға жәрдем беру үшін стипендия тағайындау туралы үндеу таратқан еді. Республиканың барлық аймақтарында Президенттің біртұтас командасының “Кәсіпқор” стипендиясын тағайындау бастамасы қолдау тапты. 2010-2011 оқу жылында 1198 стипендия беріледі, бұл ауыл жастарына, аз қамтылған отбасы балаларына, жетім және мүгедектерге, оралмандарға техникалық және кәсіптік оқу орындарынан бюджеттен тыс қаражат есебінен техникалық және кәсіптік білім алуға мүмкіндік береді. Мысалы, Шығыс Қазақстан облысында – 156, Оңтүстік Қазақстан облысында – 172, Батыс Қазақстан облысында 108 стипендия беріледі. “Егемен-ақпарат”.