• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
21 Мамыр, 2015

Тарихымызды танытар тағылымды жиын

389 рет
көрсетілді

Премьер-Министрдің орынбасары Б.Сапарбаевтың Оңтүстік Қазақстан облысындағы жұмыс сапары Түркістан қаласында жалғасты. Ол алдымен Түркістандағы балалар ауруханасы мен қалалық балалар емханасында болып, жағдайымен танысты. Ауруханаға тек Түркістан қаласынан ғана емес, көршілес Кентау, Созақ аудан, қалаларынан, Қызылорда облысынан да науқас балалар келіп ем алады екен. «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы бойынша ашылған Түркістан қалалық емханасында маусымына 500 адам ем қабылдайды.

Бұдан соң Үкімет басшысының орынбасары Қ.А.Ясауи атын­дағы халықаралық қазақ-түрік университетінде «Қа­зақ мем­лекеттілігіндегі Қазақ хандығының орны» тақырыбындағы халық­аралық ғылыми-теориялық кон­фе­ренцияға қатысты. Кон­ференцияға Түркия, Иран, Корея, Ресей, Өз­бекстан, Қырғызстан, Қазақстан және т.б., елдерден 200-ден аса тарихшы, философ, теолог, филолог, шығыстанушы, этнографтар мен деректанушы, тарихнамашы ғалымдар, ғылыми-зерттеу институттары мен ғылыми-зерттеу орта­лық­тарының қызметкерлері ша­қы­рылған.

Конференцияға дайындық барысында Қ.А.Ясауи университеті ғалымдарының бастамасымен елімізде алғаш рет «Қазақ хандары» атты энциклопедиялық анықтамалық жинақ дайындалды. Жинаққа 78 қазақ хандары туралы және жас ұрпаққа рухани жігер берер тың мәліметтер жинақталыпты. Шетелдіктерден бөлек еліміз­дің таңдаулы ғалымдары жиналған келелі кеңесті облыс әкімі Асқар Мырзахметов жүргізіп, алғашқы сөзді Бердібек Сапарбаевқа берді. Мемлекет басшысы өзінің «Нұрлы Жол» Жолдауында «2015 жыл – ұлттық тарихымыз­ды ұлықтау және бүгінгі биіктері­мізді бағалау тұрғысынан мерей­лі белестер жылы. Қазақ ханды­ғы­ның 550 жылдығын, Қазақ­стан халқы Ассамблеясы мен Конс­титуциямыздың 20 жылдығын, Ұлы Жеңістің 70 жылдығын атап өтеміз. Осынау тарихи белестер жаңа қазақстандық патриотизмді ұрпақ жадына сіңіруде айрықша рөлге ие» деп атап көрсетті, деді Б.Сапарбаев. Конференцияның Түркістанда өтуінің өзіндік ерекшелігі мен маңыздылығы зор. Түркістан қаласы – «Екі дүние есігі, Ер түріктің бесігі» атанған қарашаңырақ, түбі бір түркі жұртының рухани астанасы, Қазақ хандығының 300 жылдық ордасы, күллі түрік дүниесіне идеолог болған ұлы ақын Қожа Ахмет Ясауи, қазақтың жиырмадан астам хандары, жүзден астам билері мен батырлары мәңгілікке дамылдап жатқан қасиетті жер. Елбасы Ұлытау сұхбатында: «Біздің еліміз, қазақ жұртының арғы түбі ғұндардан басталады. Ғұндардан кейін көк түріктерге жалғасады. Одан кейін Алтын Орда орнығады. Сөйтіп, хандық дәуірге ұласып, кейін біртіндеп Тәуелсіздікке келіп тіреледі. Осындай үлкен тарихымыз бар. Жастарымыз мұны білуі керек. Біз кеше ғана пайда бола қалған халық емеспіз. ...Тарихын білмеген ұлттың болашағы да бұлыңғыр болуы мүмкін», – деген өте салмақты ой, салиқалы сөз айтты. Тарихи белестерді ба­ғын­дыруда Елбасымыз күн тәрті­біне қойған Ұлт жоспары әр­қай­сы­мызды ұлы ізденіс пен сер­піліске міндеттеп отыр. Прези­дент Жарлығымен құрылған Жаң­ғырту жөніндегі ұлттық комис­сия жұмысын бастап кетті. Инсти­туттық бес реформаны жүзеге асыру алдағы 10-15 жыл аясында еліміздің заманауи болмыс-бітімін айқындайтын бо­лады. Ұлттық тарихымызда бұ­рын-соңды қолға алынбаған ау­қымды істер жүзеге асырылады. Нұрсұлтан Әбішұлының «Нұр­лы Жолы» жаңа дәуірдегі Қазақ мемлекетінің тәуелсіздіктің ақ таң­ында ұзақ сапар, жасампаз жорыққа шыққан жарқын жолы. Әрбір азамат осы жорықтың бел орта­сында жүрсе біз мықты ел болары­мыз хақ. «Нұрлы Жол» – қазақ­тың арманы Мәңгілік Елге жет­кізер жол. Ендеше, Түркістан­дағы бүгінгі басқосу өткенге қарап, ертеңімізді кемелдендіруге жасалған игі қадам болсын! Сөзін осылай қорытқан вице-премьер конференцияға қа­ты­сушылар мен оны ұйым­дастыруға ұйытқы болған Оң­түстік Қа­зақстан облысы әкі­м­дігіне ри­за­шылығын білдірді. Бұдан соң Білім және ғы­лым министрі А.Сәрінжіпов пен Мәдениет және спорт ми­нис­трі А.Мұхамедиұлы сөз алып, халықаралық ғылыми-тео­рия­­лық конференцияның табысты өтуіне сәттілік тіледі. Ал, қонақ­тардан алғашқы болып сөз алған Оңтүстік Корея Республи­касының Қазақстан Республи­ка­сын­дағы елшісінің орынбасары, профессор Сонг Гим Ёнг «Біз­дің ел қазақтармен осыдан аттай мың жыл бұрын Ұлы Жібек жолы арқылы байланысқан. Айыр­машылығы екі елдің көлігі ат, есек болса мен ұшақпен ұшып келіп тұрмын», деп жұртты күлдірді. Қазақтар тарихқа бай, кеңпейіл ел. Репрессия кезінде қазақ елінен пана тапқан ағайындарымыз өз елінде жүргендей өзін еркін се­зі­неді. Ол үшін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа алғысымыз шексіз. Осылай өркендей беріңіздер, деді. «Иман нұрлы Түркістан біздің ортақ тарихымыз, біздің түп-тұқиянымыз бір» деп тебіреніп сөйлеген Баш­құртстан Мемлекеттік сыйлы­ғының лауреаты, ақын, Ресей мемлекеттік Думасының депутаты Гүльфия Юнусова мен Қазақстанның өсіп-өркендегенін, тарихтағы алатын орны айрықша екендігін ғылыми дәлелдермен дәйектеген Қазан мемлекеттік университетінің профессоры, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Хатип Миннегулов және Иран Ислам Республикасы Ел­шілігі Мәдени өкілдігінің директоры Асгар Саберидің сөзін кон­ференцияға қатысушылар жылы қабылдап, қошемет көрсетті. Халықаралық қазақ тілі қо­ғамының төрағасы, ҰҒА ака­демигі Өмірзақ Айтбайұлы еліміз үшін аса маңызды жиынға келген жұртшылықты құттықтап, қазақ тарихынан тағзым алып марқаятындай аталы ойлар айтты. Үкімет басшысының орынбасары түркітілдес халықтардың кітапханасында болды. Профессор Құлбек Ергөбектің күш салуымен ашылған кітапханаға шетел ғалымдары өз елдерінен әкелген, қазақ тарихын бедерлейтін құн­ды кі­таптарды сыйға тартты. «Бала­пан» бағдарламасы аясында ашылған «Сабина» балабақ­ша­сының жайы­мен танысқан Б.Сапар­баев Түр­кістандағы сапарын М.Жұмабаев атындағы мек­теп-гим­назиясында қорытын­дылады.

Бақтияр ТАЙЖАН, «Егемен Қазақстан».

Оңтүстік Қазақстан облысы.

Суретті түсірген Қайсар ШЕРІМ.