• RUB:
    4.88
  • USD:
    441.8
  • EUR:
    480.02
Басты сайтқа өту
26 Тамыз, 2015

Бокстан дәстүрлі жарыс жалғасып жатыр

453 рет
көрсетілді

АСТАНА. 26 тамыз. Елімізде осыдан алты жыл бұрын басталып, қазіргі кезде дәстүрге айналған Қазақстан бокс федерациясының кубогы жалғасып жатыр. Жақында А және С дивизионындағы ширек финалдық жекпе-жектер аяқталды. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады. А тобында бірінші орынды Оңтүстік Қазақстан облысының командасы алды. Осы топта екінші орынға Атырау, үшінші орынға Жамбыл облысының боксшылары ие болды. Төртінші орында Солтүстік Қазақстан командасы қалды. С тобында бірінші орынды Алматы облысының былғары қолғап шеберлері иеленді. Одан кейінгі орындарға Қарағанды, Павлодар және Қостанай облыстарының боксшылары жайғасты. Сөйтіп, жартылай финалға Оңтүстік Қазақстан мен Алматы облысының командалары шықты. Енді ертең, 27 тамыз күні Астана мен Ақтау қаласында В және D топтарындағы ширек финалдық кездесулер өтеді. Осы жекпе-жекте жеңгендер Оңтүстік Қазақстан мен Алматы облысының командаларымен 14 мен 15 желтоқсан күндері жартылай финалда кездеседі. Бұл сын Тәуелсіздік күні қарсаңында Астанада өтеді. Финалда жеңген команда Қазақстан бокс федерациясының кубогымен бірге 25 миллион теңге көлемінде сыйақы алады.  Естеріңізге сала кетсек, аталған турнир Бокс федерациясының президенті Тимур Құлыбаевтың бастамасымен 2010 жылдан бері өткізіліп келеді. Сол жылы Астана қаласының боксшылары турнирді жеңіп, кубоктың алғашқы иегері атанды. Одан кейін Қарағанды облысының командасы жеңімпаз атанса, 2012 жылы Маңғыстау облысының былғары қолғап шеберлері ешкімге дес бермеді. 2013 жылы тағы да Астана қаласының боксшылары кубокты төбесіне көтерді. Ал былтыр Жамбыл облысының бокс мектебі өзінің мықтылығын көрсетті. Дастан Кенжалин. Дерек, сурет: Қазақстан бокс федерациясы.