Бас қаланың туған күні құрметіне Бейбітшілік және келісім сарайы алдындағы ашық алаңда салтанат құрған Джузеппе Вердидің әлемге әйгілі «Аида» операсын Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев келіп тамашалады. Жаңа қойылым сәулет өнері туындысымен өзара мазмұндық әрі көркемдік жағынан үйлесім табуы арқылы елорда тойы тартуына лайық нағыз мерекелік шараға айналды.
Жобаны жүзеге асырған ресейлік режиссер Юрий Александровтың ашық аспан астындағы қойылымы, әрине, «Астана Опера» және Абай атындағы опера және балет театрларындағы бастапқы үлгілерден соқпағы соқталы, шоқтығы ерек болатын себебі, Пирамида үлгісінде бой көтерген сәулет өнері туындысы мен әлемдік сахналық дүниені біріктіріп, ортақ идеяға бағындыра алуында, Дж. Верди операсының көне үлгілері орныққан жайсаң биіктен шыңы мен шырайы аласа соқпайтын ауқымды кеңістікке шығара алуында. Әдетте, әлемдік классикалық операларды жаңғыртып қою, көрермен санасына әбден сіңісіп, толысқан үлгіні өзгерту, тыңнан тосын сыйлар енгізуге әрекет ету көп жағдайда мөлдіреген тұнықты орынсыз оймен, жөн-жосықсыз қоспамен бұзып алып жататын қауіпті қадамға жатады. Ал, Ю.Александров батылдығы, сол кемшіліктерге ұрынбай, ескі мен жаңаның заңын қиыстырып, көшті перғауын құмынан қазақ даласының жазық та жасыл қыратына алып шыға білуінде. Бұрын-соңды бізде белгілі бір нысанның мағыналық пішімін сахналық туындыға қызмет еткізу арқылы оның тыныс-тіршілігін тарихтың тағылымды парағымен, өткеннің өлшеусіз құндылығымен байыту болған емес. Бұл ретте әрине, опералық жоба қазақ топырағында өмір сүрген өткен ғасырлардағы дала театрларының заманауи бейнеде көктей түлеуі сияқты, тартылған аралдың түбінен тіршілік көзі қайта жылтырап көрінгендей әсер түйдіруі мүмкін. Бірақ бай декорация, әлемдік тәжірибелерге иек артылған өнер, халықаралық театр шеберлерінің қатысуы, хор, балет, вокаль, музыка өнерінің бірігу синтезі, күрделі партиялардың симфониялық оркестр сүйемелдеуімен шырқалуы, алуан нақышты костюмдер, зал мен сахнаны бір-бірімен байланыстыру, жақындастыру үрдісі және осының бәрінің бір мезгілде бірдей көрініс табуы бұл спектакльдің жаңашылдығына, замана үнімен үндестігіне шүбә келтірмейді. Жобаны ұйымдастырушылардың ерен қол жеткізген табысы дегенде, міне, осы жағдайлардың алдымен алға тартылуы заңды.
Жұрт тарихтан бұл шығарманы Мысыр үкіметі 1868 жылы Суэц каналының қазылып бітуіне байланысты Вердиге тапсырыс беру арқылы жаздырғанын біледі. Мысырлықтар ол үшін қомақты құрмет көрсетуге пейілді екенін ұға тұра композитордың тапсырманы орындаудан алғашқыда бас тартқаны да зерттеушілер еңбегінен мәлім. Тек арада екі жыл өткеннен кейін Франсуа Огюст Фердинан Мариеттің қолжазбасымен танысқан Верди аяқ астынан келісімді орындайтынын жеткізген көрінеді. Либреттоны жазушы оқиғаға ежелгі Египет перғауындарының Эфиопия елімен арасындағы көп жылдарға созылған аяусыз шайқасы жайлы папирусқа жазылған мәліметтерді өзек етеді. Сол себепті де «Аида» операсы адамзат баласының қастер тұтатын ең құнды адами сезімдерін баяндауымен бүкіл өркениетке ортақ ізгілік полотносы болып табылады. Жаужүрек жауынгер, Мысыр елінің қаһарман қолбасшысы Радамес пен эфиопиялық күң Аида арудың арасындағы махаббат хикаясы осындай қоғамда дүниеден өткен Ләйлі мен Мәжнүн, Таһир мен Зухра, Қыз Жібек пен Төлеген, Қозы мен Баян трагедиясына бара-бар кіршіксіз сезімнің, адалдық пен махаббаттың дастаны еді. Бүкіл адамзат руханиятына ортақ мұндай мұңлы күйлер жүрекке жікшілдік пен жиіркеніштің опа таптырмас қиындығын қынжыла жырлап, езіле төгіп келеді. Перғауын қызы мен алтын тақтан бас тартқан қаһарман Радаместің, отанына қашу мүмкіндігі бола тұра сүйіктісімен бірге өлуді мұрат тұтқан өжет қыздың ерлігі қазақ сахнасымен етене жұғысып кете баруының бір тіні халықтық шығарма арқауындағы осындай ұқсастықтарында, тағдырластығында жатса керек. Кішігірім қызғылықты оқиғалардан бастау алатын опера тарихының күні бүгінге дейін құндылығын жоғалтпай, ел мен елдің, халық пен халықтың арасындағы алтын көпірге айналып кетуінің өзінде айтарлықтай үлкен мән бар екенін шығарманың жұмсақ үні мен жұғымды әуені мінсіз айғақтайды.
«Аида» операсы қарама-қайшылықтарға толы күрделі драма болып табылады. Оқиға Мемфис пен Фивада құдіретті перғауындар кезеңінде өрбиді. Жоғарғы абыз Рамфис сарай күзетінің басшысы Радамеске құдай-ана Изида оған Мысыр әскерін басқаратын қолбасшының атын атағанын хабарлайды. Рамфис бұл есімді жеткізуге асығады.
Бәрінен оңаша қалған сәтте Радамес құдай-ананың өзін таңдауынан үмітті. Солай бола тұра жас жауынгер атақ-даңқ туралы, бәрінен бұрын өзі құмарта сүйетін эфиопиялық күң – Аиданы армандайды. Перғауынның қызы Амнерис одан көз алмай, өзіне қарсыласы барын аңғарады. Аида мен Радаместің қатар толқуы Амнеристің күдігін шындыққа айналдыра бастайды...Қызметшілер Амнеристі Радаместің құрметіне орай өткізілетін салтанатты рәсімге дайындап жатыр. Қайғыға батқан Аида келеді: эфиоптар әскері ойсырай жеңілген. Зұлым Амнерис оның қайғысын бөліскендей кейіп танытады. Радамес пен күңнің махаббатына орай күдігін тексеру үшін ол оған Радаместің шайқас кезінде кенет қаза тапқанын хабарлайды. Өзінің бақталасы күзетші күң екеніне әбден көзі жеткен Амнерис ызадан жарылардай күйде бақытсыз қызды жалғыз қалдырып, шығып кетеді.
...Фивадағы перғауын сарайының алаңы. Халық перғауынды қарсы алады. Мұнда өзінің қызметшілерін соңынан ертіп Амнерис келеді, олардың ішінде Аида бар. Халық перғауынға, патша қызы мен абыз Рамфиске мадақ айтуда. Алаңға салт аттыларын ертіп, соғыс арбасы үстінде Радамес шығады. Осы жерде айта кететін жайт, мысалы, театр сахнасында мұндай сәттерді нанымды жеткізудің ешқандай мүмкіндігі жоқ. Бұлар астарлы мағынада, режиссердің шешімі мен тапқырлығына орай әрқалай көрініс тауып жатады. Ал, ашық аспан астындағы мына қойылымның ең басты ерекшелігінің бірі – спектакльге ақ боз ат мінген сарбаздар қатысты. Олар залдың ортасын қақ жарып шыға келгенде, жұрт күтпеген тосын сыйға ризашылық білдірді. Арбасынан алмас жүзді қылышын жарқыратып Радамес түсті. Оған жеңімпаз қолбасшының тәжі кигізіледі.
Радамес эфиопиялық тұтқындарды алып келуге бұйрық береді. Аида олардың арасынан қарапайым жауынгердің киімін киген, әкесі – Эфиопия патшасы Амонасроны тани кетеді. Тұтқын перғауыннан рақымшылық жасауды өтінеді. Мысыр халқы осы ойда болғанмен, Рамфис пен абыздар перғауынды жауға аяушылық білдірмеуге үндейді. Сол уақытта әңгімеге Радамес араласып, жеңілген эфиопиялықтарға өлім жазасын кеспей, бастарына бостандық беруді сұрайды. Перғауын оның тілегін орындауға дайын, алайда Рамфис ұсынған шартты айтады: тұтқындардың бостандығы үшін Аида әкесімен бірге осында мәңгі қалулары керек.
Мереке өзінің шырқау шыңына жетеді. Перғауын қызы Амнеристің қолын Радамеске ұсынып, оның болашақ Мысыр тағының иегері болып қаларына сенімді. Халықтың көңіл-күйі көтеріңкі. Сахналық туындының соңындағы осынау қуаныш пен шат-шадыман сәтті жеткізуде режиссер шешімі көрерменге тамаша әсер қалдырды. Астана аспаны отшашуға толды. Жұлдыздар жарқылына көз қарығады. Айта кету керек, декорациялар есімі елге мәшһүр режиссер Франко Дзеффирелли үлгісі бойынша жасалған. «Мұндай қойылымды бұрын-соңды көрген емеспіз, мына спектакль елорда күніне лайықты тарту болды», – дейді жоба туралы ойларын бөліскен көрермендер.
–«Аида» операсы – арада 140 жылдан астам уақыт өтсе де, өзінің керемет дауысын сақтап қала алған бірден-бір ірі туынды. Шамамен оған 300-ге жуық сахна саңлағы қатысты. Қойылымға арналған декорациялар Италия сценографы және режиссері Ф.Дзеффиреллидің эскизі бойынша жасалған. Жобаға Болгариядан тенор Камен Чанев (Радамес) пен Арменияның халық әртісі Барсег Туманянның (Рамфис) арнайы шақырылуы, «Астана Опера» театрының жетекші солисі Жұпар Ғабдуллинаның (Аида), Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Дина Хамзина (перғауын қызы Амнерис) мен Талғат Мұсабаевтың (Амонасро), дирижер Абзал Мұхитдиновтың, сондай-ақ, балет әртістері Диана Батырова мен Эльдар Сәрсенбаевтың (жабайылар жұбы) қатысуы операның ойдағыдай қойылуына айтарлықтай септігін тигізді», – дейді режиссер журналистерге берген сұхбатында. «Оpen Air» пішіміндегі сахналық жобаны қоюға арналған жалпы салмағы 40 тонна болатын декорация Италиядан Қазақстанға 24 жүк көлігімен арнайы жеткізіліпті. Қойылымға 300 әртіс қатысса, басқа да түрлі мақсаттарға жегілген қызметкерлердің саны сол шамаға жуықтап қалатынын білдік. Тіпті, Қарулы Күштер сарбаздарының Перғауын әскері мен эфиопиялық сардарлардың рөлдерін сомдауға жұмылдырылуының өзі бұрын адам естімеген жаңалық дер едік. Ал, спектакль ашық аспан астында өтіп отырғандықтан, көрермен саны да әжептәуір молырақ, кәдуілгі театр залдарындағы жағдайға қарағанда көрушілерге әлдеқайда көп мүмкіндік туғызылған тәрізді.
– «Аида» операсындағы Аида бейнесі менің жаныма етене жақын. Бұл – вокалдық-техникалық жағынан кез келген әншінің оң жамбасына келе бермейтін қиын да күрделі опера, – дейді «Астана Опера» театрының жетекші солисі Жұпар Ғабдуллина. Италиялық суретші, продюсер, режиссер, сценарист, екі дүркін «Оскар» сыйлығының иегері Франко Дзеффирелли: «Астана Опера» театрында салтанат құрған қойылымға орай: «Жас ерекшелігіме, ауа райының қолайсыздығы мен жолдың ұзақтығына байланысты тұсаукесерге бара алмайтыным қандай өкінішті. Қазақстандық театр көрермендердің қошеметіне ие боларына түк күмәнім жоқ. Мен жылы лебізімді жолдай отырып, сіздердің италиялық операның тұрақты көрермені болып қала беретіндеріңізге сенемін. «Аида» – менің шығармашылық жолымдағы ең керемет қойылым», деп алыстан хат жолдапты.
Таңданарлық тағы бір жайт, картинаны 315 бутафория толықтырады, оның ішінде: геральдикалық қалқандар, жебесі алынбаған тырнақұтандар, арыстандар мен аққулар, басы бар жануарлар стиліндегі бейнелер, орындықтар бар. Сахна алтынмен жалатылғандай жарқ-жұрқ етеді.
Перғауын заманын көзбен кім көріпті? Бірақ сахнаның безендірілуі мен тарихи көне таңбалар, Мысыр елінің ұлттық нақыштары көрерменді ерте ғасырлар қойнауына емін-еркін ертіп әкетеді.
Қарашаш ТОҚСАНБАЙ,
«Егемен Қазақстан».
Суреттерді түсірген
Ерлан ОМАРОВ.
«Егемен Қазақстан».