• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
23 Шілде, 2010

Ұжымдық ерік-жігер ортақ мақсатқа қызмет етеді

535 рет
көрсетілді

Парламентаралық одақтың ұйытқысымен Біріккен Ұлттар Ұйымының Женевадағы бөлімшесінде өткен Парламенттер спикерлерінің дүниежүзілік 3-ші конференциясы  қорытынды декларация қабылдаумен аяқталды. Әлемнің 180 елінің екі жүзге тарта парламенттік топтары қа­тысқан айтулы басқосу 2015 жылға дейінгі Мыңжылдық дамуы мақ­са­тының орындалуы барысын және алдағы міндеттерді айқындап берді. Соңғы 2005 жылғы өткен кон­фе­ренциядан кейін әлем сан алуан өз­герістерді басынан кешірді. Әсіресе, жаһандық экономикадағы құбылыстар, климаттың өзгеруі, азық-түлік пен энергетикалық қауіпсіздік және адам саудасы мен миграция мәселесі әлі шешімін таба қоймаған. Бұдан басқа мол шығынға ұшыратқан табиғи апат­тардың орын алуы, лаңкестік, қару-жарақтардың заңсыз айналымы, қарақшылық және өзге қылмыс­тардың өзгеше ұйымдасқан түрінің сипат алуы байқалуда. Оның үстіне әлемде тұрмыс деңгейі әр түрлі елдер арасындағы алшақтық артып келеді. Біріккен Ұлттар Ұйымы барлық мемлекеттердің тәуелсіздік теңдігін қамтамасыз еткенімен, ұлттық парламенттер бұл бағытта өзі­нің қолдауын білдіруі тиіс.  Бұның барлығы да Парламенттер спикерлерінің дүниежүзілік 3-ші конференциясында қабылданған декларацияда көрініс тапты. Қазақстан да Мыңжылдық да­муы мақсаттарын орындауда ке­дей­шілік санын қысқарту, экология, ана мен бала денсаулығын жақ­сар­ту, гендерлік теңдік және бастапқы білім беруге қолжетімділік мәсе­ле­ле­рін басты назарда ұстауда. Өзінің жасаған баяндамасында Қасым-Жомарт Тоқаев Елбасының басшы­лы­ғымен Мыңжылдық мақсат­та­рын­да көрініс тапқан соңғы үш мә­селе жүзеге асырылғандығын ерек­ше атап өтті. Үкімет күн тәртібіне “МДМ плюс” деген міндеттеме қабылдап, өзге елдердің тәжіри­бе­лері, тиісті мемлекеттік бағдарла­ма­лар, ұлттық статистика, сараланған ұлттық басымдықтар негізінде еліміз үшін лайықталған қосымша мақсаттарды жүзеге асыруды қолға алған. Осы кезге дейін еліміз МДМ орындауға қатысты төрт баяндама әзірлегені белгілі. Әйтсе де, мем­лекет тарапынан жіті қадағалауды талап ететін тұстар да жоқ емес. Ол әсіресе ана мен бала өлімі, ВИЧ/СПИД және туберкулез сияқты мә­селелермен тығыз байланысты. Алайда, қазірдің өзінде Қазақстан 2015 жылға дейін МДМ көрсетілген міндеттердің біразын орындай­тынына сенімді екенін байқатты. Осындай міндеттерді жүзеге асыруда әлем парламенттерінің ұйысқан ошағы болып табылатын Парламентаралық одаққа ерекше үміт артылуда. БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун да өз сөзінде әлемге кә­сіпқой әрі өткір тілді парла­менттер қажет деп тегін айтпаса керек. Сондай ықпалды одақ ол – Парламентаралық одақ болып та­былады. Одақтың қабылдаған ше­шімдері міндетті саналмағанымен, оның ықпалы халықаралық ұйым­дар мен үкіметтерге, әлемдік қауым­дастыққа жүріп отырған­ды­ғын мойындау керек. БҰҰ жа­ны­нан консультативтік мәртебеге ие ПАО оның Хатшылығымен және өзге де құрылымдарымен тығыз қарым-қатынас орнатқан. Бұның алдындағы отырыстар БҰҰ тара­пы­нан немесе бірлесе ұйымдастыру арқылы жүзеге асырылғаны белгілі. ПАО Хатшылығы Женева (Швей­цария) қаласында орын тепкен. Оның Бас хатшысы Андерс Джон­сон (Швеция) болып табылады. Негізінен, Парламентаралық одақ – әр түрлі мемлекеттердің ұлт­­тық парламенттік топтарын бі­ріктіретін, байырғы халықаралық үкіметтік емес ұйым. Ол 1889 жылы құрылған. ПАО құрамына қазір 155 мемлекеттің парламенттік топтары кірсе, одақтың негізгі міндеті ха­лықаралық бейбітшілік пен ынты­мақтастықты нығайту ісіндегі бір­лес­кен жұмысты және парламент­тер арасындағы байланыстарды ынталандыру болып табылады. Одақ­тың қазіргі президенті Нами­бия Республикасы Ұлттық Ассам­блеясының спикері Тео-Бен Гурираб. Ол 2008 жылы 15 қазанда үшжылдық мерзімнен тұратын осы қызметке сайланған-ды. Қазақстан Республикасы Парламенті ПАО мүшелігіне 1993 жылы 4 наурызда қабылданса, еліміз 1998 жылдан “Еуразия” геосаяси тобының құрамы­на кіреді. Ал 2000 жылдан еліміз одақтың жыл сайынғы өтетін барлық іс-шаралары мен конфе­рен­цияларына қатысуда. Тағы бір айта кетерлігі, қазақстандық деле­гация жыл өткен сайын парла­ментаралық бірлестіктегі жұмысын жандандыра бастады. Мінберден сөз алған спи­кер­лердің дені адам құқын құрметтеу және заңдылықтарды сақтау де­мократияның негізінде жатыр де­генді тілге тиек ете кетті. Мұндай міндеттерді жүзеге асыру үшін ұжымдық ерік-жігер қажет немесе қоғамдағы келеңсіздіктерді әділ сайлау өткізу арқылы түзетуге бо­лады дегендер де болды. Сөз орайы келгенде аймақтық проблемалар да айтылмай қалған жоқ.  2015 жыл­дары халықаралық деңгейде әйел­дердің санын заң шығару орган­дарында орташа есеппен отыз пайызға арттыруға ұмтылыс жасау керектігі де қоғамдағы әділдікті қам­тамасыз ету тетігі ретінде ұсы­нылды. Нәзік жандардың қоғамдық өмірде белсенді әрекет етуіне ке­дергі болатын барлық дискри­ми­нациялармен күресу басты назарға алынды. Сондай-ақ,  БҰҰ-ның  өкілетті сипатын және демокра­тия­лық принциптерін күшейту арқылы оның тиімділігі мен орнықтылығын арттыру ерекше маңызға ие екендігі де атап көрсетілді. Ұйымның өзі, оның Бас Ассамблеясы мен Қауіп­сіздік кеңесінің рөлі артатындай болып реформалануы тиіс. Осы ретте конференцияға қатысушылар тарапынан БҰҰ ядролық қарудан азат, бейбітшілікке қол жеткізу және ядролық қарусыздану тұрғы­сындағы 5 пункттен тұратын ұсы­нысы ерекше қолдауға ие болды. Бұл ұсынысты Қазақстан да жоға­ры бағалайтындығын жеткізген Сенат Төрағасы Қ.Тоқаев еліміздің ядролық қарусыздану  бағытынан айнымайтындығы көпшілікке аян екендігін тағы қуаттады. Жақында Семей өңіріне жасаған сапарында БҰҰ Бас хатшысы еліміздің анти­я­дро­лық ұстанымын жоғары ба­ға­ла­ған болатын. Міне, осы жоғары баға халықаралық міңберден айтылды. Қорыта айтқанда, ұлттық пар­ла­менттер шеңберіндегі, жалпы, парламенттер арасындағы ынты­мақтастық пен үнқатысу, саяси пар­тиялардың пікірталасын артты­руда өзіндік үлес қосып отырған Парламентаралық одақ жұмысы ерекше. Аталған халықаралық ма­ңызды шара және ондағы қабыл­данған декларация  әлемнің бар­лық елдерінде ұлттық парламент­тердің рөлінің артуына,  олардың белсенді әрекетіне игі ықпалын ти­гізуі шарт. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.