• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
03 Шілде, 2015

«Ұйықтама, оян, Алашым!»

474 рет
көрсетілді

Қостанайдағы Л.Толстой атындағы облыстық әмбебап кітапханада қазақтың адуын ақыны Нұржан Наушабайұлының «Ұйықтама, оян, Алашым!» атты кітабының тұсаукесері өтті. Оны құрастырған белгілі ақын, нұр­жантанушы, А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің профессоры Ақыл­бек Шаяхмет жиналған қауымға Нұр­жанның шығармашылығы туралы айтып берді. Ол алдымен кі­таптың атын «Ұйықтама, оян, Ала­шым!» қойған себебіне тоқталды. – Негізі ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында хал­қымыздың алдыңғы ойлы азамат­тары қазақтың ілім-білімнен кейін қалып бара жатқанына алаңдады. Ғұмар Қараш «Жатпа, қазақ!», Шәңгерей «Тұр, қазақ!» деді. Мір­жақып «Оян, қазақ!» деп жар салды, сол үшін жәбір көрді. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұр­сынов: «Ұйқысын аз да болса бөлмес пе екен, Қоймастан құлағына ызыңдаса?» деп қамықты. Олардың барлығының ұраны біреу, ол – қазақты қараңғылықтан алып шығу, білімді ету, өзге жұрттар секілді алға оздыру болды. 1997 жылы Нұржанның 1910 жылы Қазанда басылған «Алаш» атты кітабы жадидшеден ки­рил­лицаға көшіріліп, қайта басып шыққан болатын. Нұржан кітабын жадидшеден көшіруге Марал ишан атындағы мешіттің наиб имамы Ба­қытжан Икрамұлы да көп көмек етті. Сонымен қатар, ақын кешіне Қостанайға іссапармен жолы түс­кен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының наиб мүфтиі Серік қажы Ораз қатысып, рухани құндылықтарымыз туралы ойын айта келіп, діни тақырыпқа жазған Нұржанның өлеңдері рухани қазынамыз екенін ортаға салды. Нұржан Наушабайұлы тек ақын ғана емес, оның Арқадағы әншілік-жыршылық мектептің қалыптасуына үлесі бар. А.Затаевич оның үш әнін жазып алған болатын. Облыстық филармонияның әншісі Манапбек Қадіров Нұржанның «Көкен-ай» деген әнін құйқылжыта орындады. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, «Егемен Қазақстан». ҚОСТАНАЙ.