• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
23 Шілде, 2010

Зиялы

784 рет
көрсетілді

Қостанай қаласындағы Әл-Фараби бабамыз атындағы көше созылып барып, То­был өзеніне жетіп құлайды. Қостанай­дың шыбынсыз жазында көшенің бойымен Тобыл жақтан соққан қоңыр салқын са­мал­­мен еркін тыныстап келе жатқан арда­гер Кенжебек Укинді осы қаланың орыс-қазағы бірден таныр еді. “Танымағанда ше, кешегі 90-шы жылдары облысты басқарған кісі емес пе?” дер. Биліктің айналасында болғандардың уақтысында түкірігі жерге түспей, ал биліктен кеткеннен соң көптің арасынан білінбей, көңілден тез өшетіндері қаншама? Қатарласып қалған кәрі-жас еңсесі еңкіш тартпаған, Алтайдың биігіне шыққан шынардай сымбатты Кенжекеңе құрметтің белгісіндей күлімсіреп, бір бұры­лып қарайтынын өздері де байқамай қала­ды. Ал жұрт назарын өзінен жібермейтін оның бойындағы иман тазалығы мен зиялылық екенін бұл да байқамас, бәлкім. Бірақ расы солай. Кенжекең Тобылдың жағасында тұрып ойға шомады. Әр адам – бір өзен. Оның бас­тау алар тұсы, екпінді ағысы, құяр саға­сы болады. Қазақ жерінің алқасы атанған Алтайдағы кішкентай ғана Қойтас ауылы – Кенжебек жүрегінің жез қоңырауы. Өмір­дің жеті белесіне шығып тұрған аза­мат­тың есіне Қойтас түссе алыста қалған күс табан, жалаң аяқ балалық шақ алдынан шығады. Майданға аттанған әр азаматтың артынан келген “қара қағаз” ауылда жоқ­тауды көбейткен. Ондай жылап-сықтаудан Үкінің үйі де шет қалмады, бір анадан ту­ған алтаудың ересектері Құсыман мен Мұ­хит­қан соғысқа кетіп, қайтып оралмады. Құ­сыман ағасынан іші кітапқа толы ағаш сандық, Мұхитқаннан қара домбыра қалды. Жас құрақтай желкілдеп өсіп келе жатқан қызығының алды – екі ұлынан бірдей айы­рылған ата-ана мына күйікті көтере алмады, көп ұзамай өздері де о дүниелік болды. Анадан 9 жасында, әкеден 12 жасында жетім қалған бала апайы Биғайша мен жездесі Солтанның он баласының үстіне он бірінші болып қосылып, солардың қамқорлығымен жетіліп кетті. – Мен өскен Ішжарғыш өңірінің сай-саласы, әр тасы, қызыл шатырлы мектеп, ауыл­ды ортасынан екіге бөліп ағатын бұлақ... бәрі де көз алдымда. Осы жерде балалық бал дәуренім өтті. Әттең тілі жоқ, уақыт көшінен көргенінің бәрін де іште сақтайды. Егер сол құпияның пердесін көтерсе, тұнып тұрған шежіре. Қойтастың шежіресі – өзіне жетерлік тұтас тарих, – деп еске алады Кенжекең туған жерін.Сол ауылдағы Қазығұмар бақсы қазақ даласындағы құпиясы ашылмай кеткен құбылыстың бірі, ал Әрін домбырашының тартқан күйлері жердің тарихы, елдің мұңы екен. Көңілі шерлі қазақтың бәрі ақын екен-ау. Соғыс жылдары Қойтас ауылынан майданға аттанғандардың барлығы дерлік отызыншы жылдардың ойранынан, аш­ты­ғынан, қуғынынан бауырын енді көтердім бе деген елдің балалары емес пе еді. Олардың дені бір-екі класс бітірген шала сауатты, қой соңынан еріп, күнін көріп жүрген шаруа адамдар болатын. Солардан келетін үшбу хаттар өлеңмен жазылар еді. Ошақбаев Сәдуақас деген ағасының хатындағы: “Бесатар иығыма іліп жүрмін, Сұр шинель, сары шалбар киіп жүрмін, Алыста, артта қалған ел-жұртымның Қадірін енді ғана біліп жүрмін”, – деген бір шумақ үлкен-кішінің аузынан түспейтін. Қазір айтқан сайын азайып бара жатқандай көрінетін адамдар арасындағы мейірім-шапағат та Қойтас ауылының ерекшелігі сияқтанатын. Соғыс кезінде ауылдың үлкендері боздақтың артынан келген “қара қағазды” оның әйелін, ата-анасын аяғаннан тығып, қаралы хабарды естіртпей, үмітін жалғай тұратын. Соғыстан кейінгі жылдары көтерем малдың жасық етін талғажау еткен ел барға қанағат тұтып, алға ұмтылатын. Кемпір-шалдар ата-анасынан жетім қалған Кенжебектің те маңдайынан сипап, “кешегі Үкінің баласы ғой” деп арқасынан қағар еді. Қарап отырса, ауылының осы суретінің барлығы да ат жалын тартып мінген Кенжебекке тағылымды тәрбие, көкірегіне нұр болып құйылған екен. Қағылез бала соғыстан кейінгі замандастары, тұстастары сияқты оқуға ынтық, білімге зерек болып өсті. Апасы мен жездесі тұратын Маралиха ауылына барған соң, 6-7 кластарда-ақ орыс тілін үйреніп алды. Кітаптан бас алмады. Ол алдағы үлкен өмірге туған жердің тұғырынан талмас қанат байлап ұшқан еді. Кенжебек Укиннің бір бақыты оның өмір жолында жақсы адамдардың кездесуі еді. Қыдыр сияқты сол жандар оның тағ­дырына, қызметтегі өсу жолына да ықпал етті. Жоғары оқу орнын бітіріп, әскер қатарында борышын өтеп қайтқан соң, Маралиха ауылына келіп, осында орта мек­тепте физикадан сабақ береді. Әскер қата­рында партия мүшелігіне кандидаттыққа өткен болатын. Енді ауданнан мүшелікке өтті. Мүшелік билетке қол қойған Күршім аудандық партия комитетінің сол кездегі бірінші хатшысы Ақаш Ибежанов Алтай­дың қиясына шыққан қарағайдай сұңғақ, келбетінен ішкі рухани қуаты, өзіне деген сенімділігі білініп тұратын жігітті байқап, “мына жігіттен бірдеңе шығар, көзінің оты бар екен” десе керек. Сол Ақаң қанатының ас­тына алған жас мамандардың бел ор­тасында Кенжебек Укин де жүрді. Ау­дан­дық комсомол комитетінің хатшылығынан облыстық партия комитетінің бірінші хатшылығына, тәуелсіздігімізді алған жылдары облыс әкіміне дейінгі өсу жолдарынан өтті. Ақаш Жақыпбекұлын тек басшы ғана емес, өмірдегі ұстазы, аға тұтты. Ұстаз өсиетімен, оның ұстанған таза жолымен жүрді. Таза жолмен жүру деген не еді? Күршім ауданын он жеті жыл бас­қарып, ізбасарлары – жас кадрларды тәр­биелеп шығарған ұстазы Ақаш Ибежанов айтқандай еліне, жеріне қызмет ету, адал­дық, қандай жұмыс бастаса да халықтың кәдесіне жарайтын етіп істеу болатын.Осы ұстаным оның жүрегінде жатталды. Айт­қанындай, 32 жасында Шығыс Қазақ­стан­дағы Зайсан аудандық атқару комитетінің төрағасы болып тағайындалған жігіт іске құлшына кірісті. Жас төраға іс­ті алдымен жол салудан бастады. Жол қасиетті нәрсе, жол түзелсе халықтың да кө­ңілі өседі, іс алға басады де­ген тұжырымға келген. Аудан ішіндегі тас жол Қабырғатал, Сәтбай, Ақарал арқылы қиян­­дағыдай алыс көрінетін Зай­санды об­лыс ор­талы­ғы­мен қосты. Ау­дандағы елді ме­кендерге бірін қалдырмай электр жарығын апарды, тіпті бұл өркениеттен малшылар қо­нысын да қалыс қалдыр­май­ды. Мұнан кейін Кен­же­кең осы облыстағы Глу­­бокое аудандық атқару ко­­­митетіне төраға болып бар­ғанда да осы істі жалғас­тыр­ды. Өткен ға­сырдың жетпі­сін­ші жылдары еліміздің шы­ғыс бүйірінде жатқан елді ме­кендер аса көр­кейіп кете қой­маған еді. Кен­жебек Үкі­ұлының бас­шы­лығымен та­лай қоныс адам танымастай түледі. Ал өзінің туған Күршіміне хатшы болып келгенде бүгінде көлік біткен ағылып жататын Маралиха тас жолын, асау Күршім өзеніне екі көпір салдырды, төте қатынас жолын ашты. Бұл сол өңірдің эко­номикалық-әлеуметтік дамуы үшін ма­ңыз­ды болатын. Алтайдың көркеюіне жастық жалыны, білімі мен еңбегін берген жиырма жылына Кенжекең бүгінде риза. 1987 жылы ол Қостанай облыстық атқару комитетінің төрағасы болып ауысты. Бұл кезде Қазақ КСР Министрлер Кеңесін Нұрсұлтан Назарбаев басқарды, оның басшылығымен талай түйінді істерді ақылдасып шешті, бірлесіп атқарды. Сол сексенінші жылдардың аяқ кезінде Торғай облысы таратылып, өзіміздің ағайындар шоғырланған Жангелдин, Амангелді, Арқалық аудандары Қостанай облысына қарады. Қазақтың құт мекені Торғайдың дабысы алыстан гүрілдеп естілетін. Ол уақыттың сипатына сай “Революция бесігі”, “Қазақтың Ленинграды” деп әспеттелген Торғай аумағының орталығы Торғай селосының тым жұпынылығына таңқалған. Тобыл бойындағы Тың көте­­­­рілген елді мекендерде үйлер орталықтан жылытылып, әйелдер от жағу мен нан пісіруді ұмыта бастаған кезде, Торғайдың халқы төбесінен топырағы сусыған шым үйлерде тұрып жатқан еді. Бұл жерде облыс басшысының бірі ретінде де мына көрі­ніске үнсіз қалудың реті келмейтін еді, әрі қаны да ойнап кетті. Дереу Нұрсұлтан Әбіш­­ұлына телефон шалып, пікір білдірген. Сосын облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Н.Князев екеуі шұғыл шешімге бел буып, облыстағы 240 кеңшар­дың директорларына әрқайсысы Торғай кентіне бір-бір үйден салып беруді өтінген. Сол жиналысты өткізген де өзі болатын. Торғайдың еңсесін осылай бір көтерген еді. Еліміз тәуелсіздігін алған жылдары Кенжебек Укин Қостанай-Торғай өңірінде басшылық қызметте болды.Халқымыздың әдебиетін, мәдениетін, ең бастысы тарихын жетік білетін білімдарлығы Кенжебек Үкіұлына ұлтымызға қатысты көп мәселеге көзжұмбай қаратқызбады. Ал тәуелсіз­дікпен бірге нарықтың қыспаққа алғанын, ауыл шаруашылығындағы қайта құруларға байланысты ауылдың тоз-тозы шыққанын, елдің үдере көшкенін көңілі ояу жұрт ұмыта қоймаған болар. Дәл сондай өлара шақты ұлтымыздың тарихы мен мәдение­тіне қатысты мәселелерді шешу өте үлкен ұйымдастыру жұмыстарын, төзімділікті қажет ететін еді. Соның барлығы да тап­шылыққа байланысты болатын. Ал біткен іс адамдардың рухын көтерді. Қостанай топырағында қазақтың маңдайына біткен үш бәйтерегінің екеуі – Шоқан мен Ыбы­рай туған. Қаладан 7 шақырым жердегі ұлы ағартушының зиратына орнатылған биіктігі екі метрдей бетоннан құйылған құлпытасты біреулер мылтықпен атқылап, жазуын өші­ріп тастаған екен. Соны көргенде Кен­же­бек Үкіұлының жүрегі қан жылады. Облыс­тық бюджеттен там-тұмдап қаржы бөлгізіп, ағартушы бейітінің басына қызыл кірпіш­тен күмбез, басына қара мәрмәр тас орна­тылды. Кесенеге апаратын бір шақырым­дай жол асфальттанды. Ыбырай Алтын­сариннің мемориалдық музейі салынды. Ал Шоқанның кіндік қаны тамған жер тарихшылар мен зерттеушілер арасында даулы болып, бірі Құсмұрын көлінің жағасындағы Ортабұлақ, бірі Сарыкөл ауданындағы Күнтимес деп екіге жарылған. Пікір таластырды. – Мен сол кезде осы мәселені тиянақ­тау үшін академик, тарихшы ағамыз Ма­наш Қозыбаевқа арнайы хат жазып, жауап алдым. Ол кісі Шоқан дүние есігін Күн­ти­месте ашқан деп жауап берді. Күнтимес “Крас­нодон” кеңшарының бөлімшесі болып саналатын. Сол жерге тас жол тө­сеп, 8 жылдық қазақ мектебін тұрғызып бер­дік. Менің арманым Шоқан туған Қос­танайда оның еңселі ескерткішін орнату еді, оны менің маңдайыма жазбады, – деп еске алады бүгінде Кенжебек Үкіұлы. Ал репрессия құрбаны Бейімбет Май­линнің 100 жылдық мерейтойы қарсаңында оның туған жері Таран ауданының Жалшы ауылына бірнеше тұрғын үй және мешіт тұрғызып берді. Мешіт демекші, жетпіс жыл бойы тіл мен дін есіктен қарап қалған Қостанайда осыдан ғасырдан астам уақыт бұрын қазақтардың қаржысына салынған мешіт үйі атқора да, кино театр да болып ақырында оған филармония орналасқан еді. Кенжекең облыс басқарып тұрған кезде мешіттің халыққа қайтарылуына да мұрындық болды. Ал 1992 жылы Мәдениет министрі Қуаныш Сұлтановпен келісе отырып, Қостанай облысында бірінші рет телестудия ашты. Бұл өркениет жетістігі Қостанайдай үлкен, әрі өндірісі де, ауыл шаруашылығы да дамыған өлкеге өте керек дүние екені даусыз-тын. Ал 1993 жылы облысқа консерватория мен өнер инсти­­тутын бітірген он бес жас маманды шақыр­­тып, “Ақ желең” ұлт-аспаптар ансамблін құрды. Шақыртылған жас музыка маман­дарының барлығын пәтермен қамтамасыз етті. Өнер ұжымының республикаға аты шықты, халықаралық байқаулардан жүлделер алып келді. Осы ансамбльдің негізінде өткен жылы қазақ ұлт-аспаптар оркестрі құрылды. Торғай облысы қайтадан ашылған кезде Кенжебек Укин облыстық партия комите­ті­нің бірінші хатшысы болып тағайын­далды. Торғайдың бай шежіресі, алыстан қайырылатын тарихы облыс басшысын терең толғанысқа түсіретін. – Отанымыздың қаймағы бұзылмаған бір пұшпағы – Торғай. Ұлытау қойнау­ы­­нан басын алатын Қараторғай, Сарыторғай өзендері жазыққа шыға түйісіп, Торғай болып ағады. Ақкөл, Аққұм, Тосынқұм, Жыланшық өзені, Қызбел жоталары әріден алсақ Шақшақ Жәнібек, беріден айтсақ Ахмет пен Міржақыпты өмірге әкелген ұлылар өлкесі. Жыланшық бойын он жыл бойы Хан Кене де жайлаған. Барақтың қолынан қаза тапқан Әбілқайыр хан да Өлкейек өзенінің бойында жатыр, – деп шежіре шертеді Кенжекең. Осындай қазақ тарихы тұнған өлкеде нарық қылбұрау салып тұрған күннің өзінде Кенжебек Үкіұлы халықтың рухын көтеруге тырысты. Ахмет пен Міржақыптың ақталу тойын Торғай өзенінің жағасына ақ шатырдай 300 үй тігіп, дүрілдетіп өткізген еді. “Тойдың болғанынан боладысы қызығы” тағы бар, мерекеге дайындық кезінде Торғай кенті қайта түледі, жолдар, үйлер, спорт кешені жөнделді. Бүгінде соның барлығы да халықтың ырыздығына жарап жатыр, Кенжекеңнің көңілі соған тоқ. Қызмет бабымен билік басында жүрген Кенжебек Үкіұлына нұсқауды ғана орын­дап, қағаздан бетін алмай, цифр санап оты­ратын қасаңдық жат болатын. Халқымыз­дың тарихын терең білетін және өзі де өнерден құралақан емес, дәулескер күйші, “Біржан-Сара айтысын” жатқа айтатын әдебиетші Кенжекеңе қазақтың мәдениеті мен өнеріндегі, ғылымдағы дара тұлғалар жақын жүрді. Шығысқа гастрольдік сапа­рында қазақ өнері туралы сырдай-жырдай әңгіме шертісіп, ақырында Алтайдың қоңыр аюының терісін сыйлаған Нұрғиса ағасымен, ақтаңгер тарихшы Манаш Қа­баш­ұлымен, әлемдік деңгейдегі ғалым Өмір­зақ Сұлтан­ғазинмен, көркемсөз ше­бері, ойшыл Әбіш Кекілбаевпен, ақындар Сырбай, Ғафулар­мен, атақты ұстаз, қайын атасы Хұсайын Абушаевпен бірге өткізген күндердің әрқайсысы өзіне бір жас қосқандай екен. Жоспарлы экономика мен нарықтың тоғысқан өлара тұсында жұмыс істеу еш­кімге де оңай тиген жоқ. Кенжебек Үкіұлы сол жылдары Қостанай облысында шаруа­ны шайқалтпауға бар қажыр-қайратын салды, ысылған ұйымдастырушы екенін көрсетті. Жалпы экономика, әсіресе, ауыл шаруашылығы 90-шы жылдары ішінде қатты дағдарды. 1993 жылы “Егемен Қазақстан” газетінің облыстағы меншікті тілшісі, марқұм Байтұрсын Ілиясқа берген сұхбатында Қостанай облысының сол кездегі әкімі Кенжебек Укин: “Қазір дү­ниежүзінде астық сатып алмайтын ел жоқ. Біз астық өсіру технологиясын жақсы білеміз, үйрендік. Қолымыздан келіп тұр. Әрине, біздің қолымызда АҚШ ферме­р­лерінікіндей техника болса, 15 мыңның ор­нына 4 мың комбайн, 4 миллионның орнына 2 миллион гектар жерге егін салып, орақтың мерзімін қысқарту есебінен де қазіргі алып жүргенімізден артық астық өндіруге мүмкіндік туар еді”, – дейді. Көп ұзамай Кенжекеңнің айтқаны келді. Қазір облыста пәленбай мың гектар жерді шетелдік қуатты техникалардың арқасында шаруалар санаулы күнде егіп, санаулы күнде жинап алады. Сол жылдары Кенжебек Үкіұлының ұйымдастыруымен құрылған “Алтын дән” астық саудасы үйі” акционерлік қоғамы шаруаларды нарық қатынасына үйреткен әрі қиын уақытта жеңілдік, жағдай жасаған құрылым болды. Ол бидай еккендердің астығын бір жерден сатуға жағдай жасады. Ал мұны місе тұтпай, астығын өз бетінше сатқысы келгендер оны артатын темір жол тұйығына қол жеткізе алмай, уақыттан да, ақшадан да ұтылып қалып жүрді.Сонымен қатар, өлара шақта берген осы сұхбатында: “Жекешелендіру – саяси-әлеуметтік ұғым. Ерте ме, кеш пе меншік мәселесі біржолата шешіледі. Мәселе, кеңшарларымыздың қалай реформаланатынында. Оларды жекешелендіру таратып жіберу емес деп ойламаймын” дейді. Сөйтіп, олардың акционерлік қоғам құрып, ұжым күйінше қалуын қалайтынын білдіреді. Оның сө­зінің дұрыстығын уақыт кейінірек дә­лел­деді. Қазір облыста кеңшар кездегі ша­руа­ны бөлмей-жармай бүтін ұстап қалғандар қаржыны оралымға келтіріп, ұтты. Бұл ауыл адамдарына да қолайлы. Қай кезде де біріккен озған. Кенжебек Укин бүгінде жоспарлы экономиканы ысыра келген нарықтың қиындығын да, тәуелсіздіктің қуанышында бірге бөліскен, оның дамуына атсалысқан Қостанайда тамыр жайған. Халқына, мемлекетіне еткен еңбегі де елеусіз қалған жоқ. Тәуелсіз мемлекеттің “Құрмет” орде­нін кеудесіне тақты. Ал тағдырдың, өмірдің құрметі де жетерлік. Балалары, құда-жег­жат­тары қасында. Бәйбішесі Сара Хұсай­ын­қызы өмір бойы ұстаздық етті, қазір зей­нетте. Ұлы Сымбат ғылымда жүр, қыздары Әлфия мен Нәйланың бірі дәрігер, бірі банкир, күйеу балалары Самат пен Ержан да білікті мамандар. Немерелері өсіп келеді. Ірі лауазымды қызметтер атқарса да Кенжекең дүние қуған жоқ. Байлығы –балалары мен немерелері, достары. Үйдегі кітапханасын, төрде ілулі тұрған қоңыр дом­­­бырасын, елінің азаттығын, өзі кеуде­сіне тоқыған халқының тарихын, мәдени-әдеби жауһарларын тағы бір байлығым деп санайды. Әдетте, атқа мінген бай-манап­тың бәрі зиялы болмауы мүмкін, ал зиялы адам – бай адам, әрі халқының қазынасы. Кенжебек аға осы қатардан. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, Қостанай.