• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
24 Шілде, 2010

Қоғам дамуына әркім де үлес қоса алады

813 рет
көрсетілді

Елімізде алғаш рет Қазақстанның Азаматтық альянсының ұйымдастыруымен “SocіalCamp Astana-2010” үкіметтік емес ұйымдар үшін бейресми конференция өтті. Қоғамның өркениетке қарай қадам басқан көшінің жылдам жү­руі­не әркім де үлесін қоса алады. Оған деген ықылас-пейілі бар жан ҮЕҰ-дар аясында атқарылып жат­қан істерге селқостық танытпаса, онда белсенді азаматтардың жігерімен тау қопаруға да болады, – деді конференцияға қатысушылар. “SocіalCamp” – Қазақстанда осындай пішінде өтіп отырған бірін­ші әлеуметтік іс-шара. Оның жұ­мысына еліміздегі көптеген ҮЕҰ-лармен қатар, көршілес Қыр­ғызстан мен Өзбекстаннан да өкіл­дер келіпті. Шараны ұйымдас­ты­ру­шылар о­ған қатысуға елдің белсенді ҮЕҰ-ы мен барша қоғамдық ұйым­дардың шақырылғандығын, нәти­же­сінде жиналған топтың қарасына көңілдері толғандығын білдіріп жатты. “SocіalCamp Astana-2010-ның” мақсаты – қоғамдық сек­тор­ды дамытуға жаңа екпін беру және жуыр арадағы үш жылға арналған оның жұмысының негізгі тренд­те­рін белгілеу. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев “Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қа­зақ­станның жаңа мүмкіндіктері” Қа­зақстан халқына Жолдауында ҮЕҰ-ларға үлкен мән берді. Қо­ғам­дағы белсенділік пен азаматтық позицияның әрбір өңірдегі мемле­кет­тік қызметтің мониторингіне ара­ласуына, индустриялдық жоба­лардың жүзеге асуына қоғамдық бақылау жасауына, әрбір құқық қорғау органының есептік жүйесі мен қызметін бағалауды жетілдіру және саяси реформалардың маңыз­дылығын халыққа жеткізу ауадай қажеттігіне тоқталды. Бұл – біздің мемлекетіміздің дамуына аса қа­жетті істер, сондықтан әрбір бел­сен­ді жан, менің азаматтық ұста­нымым елдің көркеюіне жұмыс жа­сап, соған өз шама-шарқымша үлесімді қосуым керек деуі қажет, – деді ҮЕҰ өкілдері. Қазақстанда демократиялық үде­рістерді тұрақты дамыту үшін бар ресурстар мен мүмкіншіліктерді тиімді пайдалану мақсатында аза­мат­тық қоғамның күштерін бірік­ті­рудің маңызы зор. Қоғамның әлеу­меттік мәселелерін шешуде елдің өкілеттік және атқарушы органдармен тиімді өзара қарым-қатынаста және ынтымақтастықта болуы өз жемісін беруде. Жылдан жылға ҮЕҰ-ларға мемлекет тара­пы­нан әлеуметтік тапсырыстар тізімі жа­салынып, оған қаражат бөлу көлемі де ұлғая түсуде. Парламент Мәжілісінің депута­ты, Қазақстанның Азаматтық альян­сы­ның президенті Айгүл Соло­вье­ва­ның айтуынша, биылғы жылы ол сома 1 млрд. 200 млн. теңге шама­сына дейін өскен. – Алайда, ҮЕҰ-дардың бар­лы­ғының белсенділігі бір деңгейде емес, – деді Азаматтық альянс же­тек­шісі. – Кейбіреулері арнайы тап­сырыс мақсатында ғана құрылып, ол аяқталған соң жабылып қалып жатады. Егер елімізде 9 мыңға жуық ҮЕҰ тіркелсе, мониторинг жасау барысында олардың тек 1 мыңнан астамы ғана тұрақты жұмыс істейтіні анықталды. Бұл – азаматтық қоғамды әлі де дамыта түсу қажеттігін көрсетеді. Сол себептен қазіргі уақытта Азаматтық Альянс ҮЕҰ секторын дамытуда, ҮЕҰ және мемлекеттік органдар­дың өзара іс-әрекеттерін, сондай-ақ елдің және қоғамның дамуына азаматтық қатысуды белсенді­лен­діру саласында жаңа жобалармен жұмыс істеуді қолға алды. Біздің елімізде билік пен азаматтық қоғам арасында үнқатысу қалыптасты. Ел­басының өзі қатысатын Азамат­тық форум мінберлерінде көте­ріл­ген мәселелер шешімін тауып жа­тады, ал бұл басқосу тек үкіметтік емес ұйымдардың өздерінің шара­сы. Осындай жүздесулерден біз алға қояр міндет, мақсаттарымызды айқындаймыз, сондықтан бұл өте қажет те тиімді шара. Бейресми өткізілген осы ша­раның ерекшелігі – онда мінбеден ресми хабарламалар жасалынған жоқ. Әрбір қатысушы іс-шараны ұйымдастыруға өз үлесін қосып, қандай да бір проблемаларға баста­ма­шылық көрсетті, пікірталасқа белсене қатысып отырды. Осының өзі ҮЕҰ-лар табиғатын аша түс­кен­дей. Айталық, фандрейзинг мәде­ниеті, сектордың кадрлық пробле­ма­лары, әлеуметтік проблемаларды шешу және халықпен жұмыс істеу бойынша басқосуға қатысқандар бір-бірімен қызу пікір алысып жатты. Бұл жолы конференцияға қа­ты­сушыларды тіркеу жаңаша жүр­гі­зіліпті, яғни олар толықтай элек­тронды әдіспен тіркелді. Бір-бірінен айнымай өткізіліп жататын дөңгелек үстел басындағы әңгіме­лердей емес, ҮЕҰ-лар өткізген осы шара сонылығымен ерекшеленді. Қатысушылар орнында отырып-ақ бір-бірімен танысуға мүмкіндік алды. Еркін ой алмасу тың­дау­шыны жалықтырмады. – Соңғы 10 жылда елімізде ҮЕҰ-лар қарапайым адамдарға әсер ететін шағын мәселелерге көңіл аударуды үйренді. Енді, міне, осы тәжірибені бөлісетін уақыт жетті. Және тәжірибе алмаса оты­рып, жаңа бағыттардың, жаңа идея­лардың жүзеге асуына қоғамның белсенді мүшелерін жұмылдыра ал­сақ, мақсатымыздың орындалғаны, – деді “Қазақстанның Азаматтық альянсы” заңды тұлғалар бірлес­ті­гінің Азаматтық қатысу бағдар­ла­ма­сының директоры Сабина Дүй­секеева. Шара аясында Socіal Іdeas Market әлеуметтік жобаларының жәрмеңкесі де өткізілді. Онда ең үздік деп танылған жоба 3000 доллардың грантын иеленеді. Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ, Астана.