• RUB:
    5.48
  • USD:
    474.09
  • EUR:
    514.01
Басты сайтқа өту
24 Шілде, 2010

Мақсат – жастар белсенділігін арттыру

1659 рет
көрсетілді

Кеше Астанада Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңестің 6-шы отырысы өтті. Отырыста “Қазақстан Республикасындағы білім саласын жетілдірудің 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының” жай-күйі, оның ішінде елдегі жастар қауымын толғандырған мәселелер қаралды.Жастар саясаты жөніндегі кеңес 2008 жылы Елбасының Жарлығы негізінде құрылған болатын. Оның құрамы 37 жастан тұрады. Олар – мемлекеттік органдардың, респуб­ли­калық және өңірлік жастар ұйымдарының, ғылыми және шы­ғармашыл жастардың өкілдері. Ке­ңестің көздеген мақсаты – мем­ле­кеттік жастар саясатын жетілдіретін шаралар шоғырын әзірлеу, осы салада Мемлекет басшысы міндет­теген тапсырмалардың орындалуын қадағалау екен. Жиын кезінде Пре­мьер-Министр Кеңсесінің жетек­шісі, аталған кеңестің төрағасы Ғабидолла Әбдірахимов болашақта бұл міндетті қалтқысыз орындауға мән берілетінін тілге тиек етті. Отырыс барысында сөз алған еліміздің Білім және ғылым вице-министрі Серік Ырсалиев бүгінде Қазақстандағы жастардың саны 4 млн.-нан асып жығылатынын, сол себепті де олар әлеуетті топқа жата­тынын атап өтті. Оның айтуынша, жастардың қоғам өміріне белсене араласуы, мемлекеттің дамуына өз үлестерін қосуы айрықша маңызға ие. “Ол үшін білім саласы жүйесін модернизациялау, сол арқылы бә­се­кеге қабілетті интеллектуалды ұлтты қалыптастыру, жастардың бойындағы ұлтжандылық рухты қалыптастыру қажет”, дейді Серік Әзтайұлы. Басқосу кезінде оған қатысу­шы­лар мемлекеттік жастар саяса­тында орын алып отырған бірқатар өзекті мәселелерді алға тартты. Оған жастар арасындағы тәрбие жұ­мыстарын үйлестіретін орталық­тандырылған жүйенің жолға қой­ыл­мауы, елдегі жастардың небары 22 пайызының ғана жастар ұйым­дары жұмыстарына араласуы, жас­тар саясаты саласындағы күрделі түйіндерді шешуге атсалысып жүрген жастардың аздығы секілді мәселелерді жатқызуға болады. Елордадағы Л.Н.Гумилев атын­дағы Еуразиялық ұлттық уни­верситеттің ректоры Бақытжан Әбді­райымов өз сөзінде ел жас­та­рына мемлекет тарапынан айрық­ша назар аударылып отырғанын, кеңес отырысы осының бір көрі­нісі екенін атап өтті. “Жастарды әртүрлі топқа бөлуге болады. Олардың әрқайсысының өз мақсат-мүдделері бар. Проблемалары да бар. Бүгінде студенттер қауымын толғандыра­тын мәселе жатақ­хана мәселесі екені белгілі. Мә­селен, Л.Н.Гу­милев атындағы Еуразия ұлттық университетіндегі жастар­дың 30 пайызы ғана жатақ­ханамен қам­тамасыз етілген. Сол се­бепті, бұл айрықша назарды қа­жет етеді. Екінші бір мәселе – ол жұ­мыссыздық. Бүгінде жоғары оқу орындарын бітірген жастардың басым көпшілігі жұмыссыз жүр. Бұл диплом сапасының төмендігін көрсетеді. Жұмыссыздық мәселе­сі­нің туындауына, жастардың жұ­мыс­қа орналасуына сырттай оқу бөлімі де әсер етуде. Сондықтан, бұл ретте көп жұмыстар атқарылуы қажет”, дейді Бақытжан Жарыл­қа­сын­ұлы. Отырыс кезінде сөз алған “Қазақстан жастарының конгресі” заңды тұлғалар бірлестігінің ат­қа­рушы директоры Нұрлан Сыдықов жоғары оқу орындарында тәрбие мәселелерімен айналысатын ма­ман­дар санының аздығына тоқ­талып өтті. Ол сондай-ақ, еңбекпен қамту мәселесіне айрықша мән бе­ріп, жастарды көгалдандыру жұ­мыстарына көптеп тарту қажеттігін тілге тиек етті. “Жасыл ел” жасақ­тарының санын 3 есеге дейін арт­тыру қажет. Мұны “Жасыл даму” бағ­дарламасына да енгізуге бола­ды”, деді бұл турасында Нұрлан Сыдықов. Отырыс барысында жастар те­ле­арнасының жұмысын жүйелен­ді­ру, интернеттегі жастарға арналған сайттардың дұрыс жолға қойылуы­на мән беру, бұл ретте оларды ұлт­жан­дылыққа тәрбиелейтін, таным­дық ақпарат беретін сайттардың санын арттыру, сондай-ақ техни­ка­лық және кәсіби білім беру жүйесін жандандыру мәселелері де назардан тыс қалмады. Жастар саясаты жөніндегі кеңес төрағасы Ғабидолла Әбдірахимов өз кезегінде бұл мәселелердің барлығы да ескеріліп, назарға алынатынын атап көрсетті. Отырыс барысында оған қатысушылар бағдарламаның ма­ңыз­ды тұстарына айрықша тоқта­лып өтті. Мәселен, болашақта осы бағдарлама аясында жастардың патриоттық іс-шараларға тарты­луын 78 пайызға, ал олардың жас­тар ұйымдарындағы қатарын 22 пайыздан 29 пайызға дейін ұлғайту, жастар саясаты саласындағы түйт­кілді мәселелерді шешуге атса­лы­сатын жастардың санын 55 пайызға дейін арттыру көзделіп отырған көрінеді. Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ.